Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жыр-шашу - АРҚА АЖАРЫ

Жыр-шашу

Қасым НҰРҒАЛИЕВ

Қасым Нұрғалиев бұрынғы Көкшетау облысы Володар (қазіргі Айыртау) ауданының Дәуқара ауылының тумасы. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқып бітірген. Саналы өмірінің 34 жылын бір ғана  жергілікті орта мектепте ұстаздық қызметке арнаған. Қазақстан Республикасы  білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Үздік педагог» төсбелгісінің иегері, Айыртау ауданының құрметті азаматы. Өлеңді мектеп қабырғасынан жазып, мерзімдік басылымдарда жиі көрініп келеді. Қазір Көкшетау қаласында тұрады.       

Құлагердің құдығы      

Бар көңілде қуаныш та, қапам да,

Дүбірлі той арналуда Ақанға.

Атқа мінген серіден сәл қиғаштау,

Құлагердің құдығы тұр жапанда.

 

Ескерткішті қызықтауда бар адам,

Күреңбай жоқ Құлагерді сынаған.

Күйсандықтан жоқтап қимас тұлпарын,

Ақан даусы естіледі жылаған.

 

Жүрек қалай тебіренбей шыдасын,

Кермек шық кеп көздерімді шыласын.

Құлазып тұр Құлагердің құдығы,

Күтіп көптен су ішпеген Құласын.

 

Келіп жатыр жиналған жұрт көрем деп,

Суы кермек, бірақ, өзі терең деп.

Құлагерін іздейтіндей құдық та,

Кісінеген дыбыс шықса елеңдеп.

 

Жанардан жас төгілуге аз қалып,

Жанымда бір жырдың шоғы мазданып,

Ақан мінген тас Құлагер мүсіні,

Кеткендей ме тұғырынан қозғалып?!.

 

Қызғыш құс көрдім

Қызғыш көрдім көл жақта,

Қиқулап ұшты жақын кеп.

Есіме түсті сол шақта,

Елім деп өткен Махамбет.

 

Мазалап лашын, қарақұс,

Тағы да зәбір қылғандай.

Батырды таппай бұл қызғыш,

Мұң шағып маған тұрғандай.

 

Ызғарлы желден көл өксіп,

Көз жасын төкті күзгі аспан.

Жүрегі шерлі бұл құспен,

Махамбет бір кез сырласқан.

 

Қолымнан келер көмек жоқ,

Сол үшін қатты ұялам.

Шыр-пыр боп жүрсің, мазаң жоқ,

Еріксіз безіп ұядан.

 

Зарландың неге сен, құсым,

Өрт бар ма кезген даламды?..

Неліктен ғана, қызғышым,

Іздедің батыр бабамды?

 

Қиналдым мен де сен үшін,

Өшкендей алау арманым.

Махамбет ерім қапыда,

Өлген деп айта алмадым…

 

Көкпар уақыт

Мені де көкпар-уақыт ала қашып,

Қырқадан алпыс деген барады асып.

Қолжаулық болмаймын деп оңай саған,

Келемін мен де көнбей жағаласып.

 

Жүйіткіген желдей белес-белеңменен,

Бұл көңіл қиқу шықса елеңдеген.

Додаға тәуекел деп түсіп қоям,

Жаратып көк дөненді Өлең деген.

 

Білмеймін, бұл көкпарда әйгілі кім,

Алады бағы жанып бәйгені кім?

Шаң қауып қалмайын деп қамшылаймын,

Шабыттың мініп арда сәйгүлігін.

 

Зулай бер сен де, уақыт, қалжырама,

Белгі іздеп өткен күннен қан жылама.

Мен дағы шаттанайын көкпаршыдай,

Байланып көксерке жыр қанжығама.

 

Түнде қайтқан тырналар

Қайтты түнде бір топ тырна тыраулап.

Көк жүзінен қалдым нәзік жыр аулап.

Күрең күздің қоңыр желі жүректің,

Кеткендей бір қызғалдағын қыраулап.

 

Қимастықтың лебі торлап санасын.

Көзбен сүйіп күміс көлін, даласын.

«Құстар әнін» барады айтып топ тырна,

Көшіне ертіп темірқанат баласын.

 

Сол тырналар келген еді көктемде,

Сұлу әнмен күн шуағын төккенде.

Сылқым сағым қарсы алған би билеп,

Самал жел кеп еркелетіп өпкенде.

 

Тырна үні көк аспанды сиқырлап,

Тыныш жатқан ойды оятты, ұйқы ұрлап.

Тамызда біз құт мекенді қия алмай,

Тырналардай көшкен едік қиқулап.

 

Кетті ұзап сол тырналар тыраулап,

Қанатымен жанарымды бұлаулап.

Көңіл құсын өрекпіген басып бір,

Қайттым мен де туған жерге бір аунап.

 

Айыртау – алтын бесік тербетілген

Айыртау – алтын бесік тербетілген,

Сан ұрпақ сол бесікте ер жетілген.

Кезсем де алты әлемді дәл өзіңдей,

Жерұйық таба алмаспын жер бетінен.

 

Аралап туған өлке атырабын,

Жанымды мөлдір ойға батырамын.

Самалға көңіл мұңын жудырып сап,

Жадырап, шаттанып бір отырамын.

 

Туған жер, шабыт берген өңір ең сен,

Жүректен жыр төгілер тебіренсем.

Анамдай құшақ жайып қарсы аларсың,

Асығып алыс жолдан қайтып келсем.

 

Әркімге болар ыстық туған жері.

Төгілген кіндік қаны, маңдай тері.

Осынау гүл мекенде ғұмыр кешкен

Орынбай, Үкілі Ыбырай, Ақан сері.

 

Шоқандай асыл да өскен бауырында,

Үлгі боп өркениет қауымына.

Кәкімбек ағамыз да жырлап өтті,

Ер жетіп осы өңірдің ауылында

Туған жер ерекше ғой қасиетің,

Өзіңсің табынарым, бас иетін.

Бабамыз: «Туған жерге ту тік» деген,

Осы ғой менің де айтар өсиетім!

 

Ауылым туралы ой

Аш бөрідей білдірмес арықтығын,

Жүдеуде ауыл, селдіреп жарықтығым.

Жиі естиміз қалаға көшкендердің,

Деген сөзін: «Ауылда қалыпты кім?»

 

Қалып па едік осында біз байланып,

Көшсек дейміз, кей сәтте біз де ойланып.

Жеме-жемде кәрі аттай шідерленген,

Кете алмаймыз ауылдан шыр айналып.

 

Балалар бар, үй де бар, қала барсақ,

Дейміз іштей: «Алаңсыз бір дем алсақ».

Бозінгендей ботасы қолды болған,

Боздаймыз ғой, әй, бірақ, ауылды аңсап.

 

Сол ауылдың еске алып әр көшесін,

Сағыныштың ескегін сан есесің.

Бозторғайдай ұясы өртте қалған,

Алай-дүлей беймаза күй кешесің.

 

Туған жерден кетуің ауыр қандай,

Сай-сүйегің сырқырап ауырғандай.

«Ұрыс шебін тастауға құқым жоқ!» деп,

Қорғап өткен Мәскеуді Бауыржандай.

 

Бір кеткен соң, қиын ғой оралуға,

Екі ой келіп, бір басқа қамалуда.

Бауырына бір қысса, босатпайтын,

Бір тарту күш анамдай бар ауылда.

 

Түн баласы қиналам, уайым жеп,

Түтіні ұшқан боз үйім жаныма сеп.

Түсіме еніп, әкем де налитындай,

«Бұл ауылда баяғы үй қалмады-ау!» деп.

 

Асыл ағаларды сағыну

Көкшетау, көлің көркем, тауың бұла,

Бір ұлың жетті бүгін бауырыңа.

Арқалап сағынышын келсе дағы,

Бұрылып қарай-қарай ауылына.

 

Жастық шақ бұл Көкшеде өткен еді,

Көңіл де сол бір кезде көктем еді.

Жалындап жүрген албырт жүректерге,

Бұл Көкше жауқазын жыр еккен еді.

 

Жалығып отырудан безуші едік,

Жаяулап бар көшені кезуші едік.

Ашқұрсақ студент боп жүрсек тағы,

Жастық шақ мерекесін сезуші едік.

 

Бар еді жолдастардың өжеті де,

Жарайтын қысылғанда қажетіңе.

Келуші ек үміттеніп өлең алып,

«Көкшетау правдасы» газетіне.

 

Қалған соң азын-аулақ ақша бітіп,

Барушы ек ағаларды арқа тұтып.

Төлеген, Жұмабай мен Маман ағам,

Тұрғандай келеді деп бізді күтіп.

 

Қарсы алып қабақ шытпай ағаларым,

Беретін сөзге келмей қолда барын…

Бірер күн өткеннен соң қайта оралып,

Алушы ек өлең-жырдың гонорарын…

 

Сол күндер еске түсті қимайтұғын.

Сағыныш естелігін жинайтұғын.

Дем беріп, үміт артқан, жол көрсетіп,

Сондағы ағалар жоқ сыйлайтұғын…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар