Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мұрағаттағы әрбір құнды дерек өткен кезең шежіресі - АРҚА АЖАРЫ

Мұрағаттағы әрбір құнды дерек өткен кезең шежіресі

22 желтоқсан – Архивші күні

2020 жылы Үкіметтің Қаулысымен мерекелік күндер күнтізбесіне «22 желтоқсан – Архивші күні» енгізілді. Биыл бұған қоса, Ақмола облыстық мемлекеттік архивіне 85 жыл толып отыр. Бұл да өңір тарихындағы ауызға алуға тұрарлық айтулы оқиға.  Кез-келген аймақтағы архив жұмысы –  тарихтың қайнар бұлағы. Ал, архив қызметкерлері – тарихымыз бен құнды құжаттардың шын жанашырлары.

Архив мамандары жүз мыңдаған, тіпті, миллондаған ақпараттық қазыналармен жұмыс істейді. Жаһандану үдерісінде мәселе ақпараттың көлемінде емес, онымен жұмыс істей білуді жаңа технологиялардың көмегімен өңдеудің, сақтаудың жолдарын меңгеру десек, артық айтқанымыз емес.

Ақмола облыстық мемлекеттік архивінде осы күнге дейін аймақ тарихы үшін аса құнды 342 қор, 457 422 құжат сақталып тұр. Олардың ішінде мемлекеттік мекемелердің іс-қағаздары, өңір тарихына қатысты фотосуреттер мен киноленталар, әр жылдардағы баспасөз материалдары сынды көптеген өзге де құжаттар бар.

Облыстың архив қызметі архив қорын жинақтай отырып, оларды бірыңғай орталықтандырылған есепке енгізіп, деректер базасын құру арқылы құжаттардың сақталуын және азаматтардың мәліметтерді еркін пайдалануын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, архив анықтамаларын, құжаттардың көшірмелерін немесе архив үзінділерін беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуді ұйымдастырады.

Жылдағы дәстүр бойынша биылғы жылы да архивіміздегі құжаттармен ауқымды жұмыстар жасалды. Нәтижесінде 97 қордың есептік құжаттар жинағы салыстырылды. Аса құнды құжаттардың жай-күйін тексеру нәтижесінде кейбір деректердің мекеме төлқұжатымен сәйкес келмейтіндігі анықталды. Осы бағытта да архившілеріміз мұқият зерделеп, құнды құжаттармен жұмыс істеді.

Архив жұмысы – азаматтардың рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында тарихи мұраларды сақтап қана қоймай, көнерген құжаттарды өңдеп, толықтырып, әрі қарай да пайдалануды жүзеге асыру екендігі белгілі. Дәуір жылнамаларындағы түрлі деректерді көбейте түсіп, болашақ ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндеттеріміздің бірі.

Есептік құжаттар жинағын салыстыру жұмысы барысында аса құнды істердің тізімдемелері мен кәртішкелеріне, кейбір істердің реестріне тексерістер жүргізілді.  Техникалық қателерді түзеткен соң аса құнды құжаттардың саны 7403-ті құрады. Өшіп бара жатқан кейбір қорлардың парақ мәтіндері калпына келтіріліп, мемлекеттік сақтау тізіміне алынды. Тұрақты және уақытша сақталатын құжаттарға талдау жасалып, ғылыми сараптамалар тағайындалды. Мәселен, №1290 қордың «Ақмола облысы әкімінің аппараты» құжаттарын қабылдау кезінде қорытынды жазбада техникалық қате байқалып, ол қалпына келтірілді. Осы іспеттес қайта өңдеу нәтижелерінде 1302 сақтау бірлігі қайта өңделіп, азайған және көбейген құжаттарды есептегенде қосымша 10 қор пайда болды.

Бүгінде архив қызметін пайдаланушылар жариялылық қағидаттарына сәйкес өз қажеттіліктеріне жүгінуде архив құжаттарының маңыздылығын түсінуде. Бұл әрине, бізді қуантады. Бұл келушілердің деректерге оңай әрі жылдам қол жеткізуін қамтамасыз етіп келе жатқан қызметкерлеріміздің жұмысына да зор құлшыныс пен ыждаһаттылық сыйлайтынын жасыра алмаймыз. Архивте аптасына екі рет арнайы аспаптардың көмегімен температуралық-ылғалдылық режимін бақылау жүзеге асырылады. Бұл – құжаттарды ұзақ мерзімдерге сақтауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ай сайын архив қоймаларына залалсыздандыру шаралары жүргізіліп тұрады.

Негізінен, биылғы жыл архивтің ведомстволық үдерісін жақсартуға  бағытталды. Бұл тұрғыда ақпараттарды цифрландырудың маңызы зор. Ұйымдар мен мекемелердің іс номенклатурасын құрастыруды цифрландыру мәліметтерге бірден жылдам қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ақмола облыстық мемлекеттік архивінің сайтына ақпараттар кезең-кезеңімен орналастырылып, әрі жаңартылып отырады.

Архив жұмысын жандандыру мақсатында архив мамандары сала мамандарымен жиырма шақты семинар өткізді. Білім беру, ауыл шаруашылығы, метрология, қаржыландыру және сот саласының мекемелерінде «Тұрақты сақтау мерзімі бар, жеке құрам бойынша құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу және мемлекеттік сақтауға тапсыру», «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы», «Істер номенклатурасын жасау, калыптастыру және сақтау тәртібі» тақырыптарына слайдтар мен бейнероликтерді көрсете отырып, семинарлар ұйымдастырылды.

Биылғы жылы аталмыш архив мекемесінің құрылғанына 85 жыл толып отыр. Тарихы өткен ғасырдан бастау алатын архивтің мерейтойына байланысты қауырт жұмыстар күні бүгінге дейін толассыз жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстардың нәтижесін архив қалашығындағы үлкен өзгеріс деп атауға болады. Енді осы жұмыстарды жүйелеп атап өтетін болсам, архив жадынамасында мерекелік шараларды өткізу жоспары бекітілді және көптеген жарқын іс-шаралар өткізілді. Архившілер мәдени-ағарту қызметін атқара отырып, мемлекеттік архивтік құжаттарды насихаттайды. Осы мақсатта көрмелер, сабақтар, экскурсиялар ұйымдастырады.

Қазіргі уақытта архив  жұмысы ономастика саласында «Рухани жаңғыру»  бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Облыс тарихы бойынша ретроспективті деректі ақпаратты анықтауға және пайдалануға, сондай-ақ, мерейтойлық және тарихи оқиғаларға байланысты  фотоқұжатты көрмелер өткіздік.

Тың және тыңайған жерлерді игерудің 70 жылдығына орай дайындалған «Ветер целины», 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған  «Қиындыққа сынбаған асыл жандар»,  «Көкшетау облысының құрылғанына 80 жыл», Жеңіс күніне  және Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай «Жеңіспен соғыс аяқталды», Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Рамазанұлы Сағдиевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Нар тұлға», Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлы тұлға», Ақмола облысының мемлекеттік архивінің құрылғанына 85 жыл толуына орай «Архив – тарих сақтаушысы» және осы жолдар авторына арналған «Ғибратты ғұмыр» атты фотоқұжатты көрмелерді айрықша атап өткен жөн.

Сонымен қатар, архив базасында университет студенттері мен  мектеп оқушыларына тарих сабақтары мен дәрістерін өткізіп тұрудың маңыздылығы жоғары. Осы уақыт аралығында архив қызметкерлері «Ленинград үшін шайқас», «Воины-Афганцы», «1 наурыз – Алғыс айту күні», Қаныш Сәтпаевтың 125 жыл толуына орай «Дархан даланың дара тұлғасы», республика күніне арналған  «Ұлт күні, Қазақ  күні!»  атты тарих сабақтар өткізді.

Сондай-ақ, жазушы, драматург Сәкен Жүнісовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Халық жазушысы», Көкшетау қаласына 200 жыл толуына орай «Көкшетау – жер жұмағы», қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына арналған «Қазақ  әдебиетінің шебері», Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Рақымжан Қошқарбаев –Рейхстаг дауылы» тақырыбындағы өткізілген дәрістер туралы жарқын мәліметтер архив қойнауына енді.

Бұқаралық ақпарат құралдарына мақалалар жариялау – архив жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Біздің жұмысымыздың сан қыры мен сырын көрсететін мерзімді басылымдар мен радио-телеарналардағы әріптестерімізге зор алғыс айтамыз. Қарап отырсақ, осы бағытта жыл бойы «Арқа ажары», «Акмолинская правда» және «Кокшетау сегодня» газеттерінде сексен бір мақала жарияланыпты. Бір жыл ішінде  телеарналарға бес сұхбат беріп үлгеріппіз. Бұл да болса, архив жұмысының қиындықтарды еңсерген жарқын сәттерінен айшықты айғақтар. Ақмола облысының мемлекеттік архивінде жас зерттеушілер клубы да жұмыс жасайды. Олар жыл сайын түрлі сайыстар, дөңгелек үстелдер, конференциялар өткізіп тұрады.

Тағы бір маңызды мәселе – архив  қызметінің әлеуметтік қырын нығайта түсу. Ол үшін қызметкерлердің біліктілігін арттыру дейтін басты қағида бар. Архив қызметкерлері үшін ақапараттық оқу жоспарын әзірлеп, сабақтар өткізіп, республика деңгейінде іс-тәжірибеден өту шараларына назар аудару да біздің міндетіміз. Іс жүзінде солай істеліп те келеді.

Жауапты мамандар – директордың орынбасары Д.Бегайдарова және екінші санаттағы архивистер Г.Құнанбаева мен А.Ивахина «Мемлекеттік қызмет көрсетудің заманауи жүйелері және  қызмет көрсету кезіндегі кәсіби дағдыларды  қалыптастыру» дәрістеріне қатысса, архивист Б.Нұрғали «Мемлекеттік басқаруды дамыту – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру» курсын аяқтап, арнайы сертификаттар алды.

Жыл сайын архив қызметін пайдаланушылардың қатары артуына байланысты архив мекемесі мемлекет қамқорлығынан да тыс қалып жатқан жоқ. Биыл архивімізге интерактивтік тақтайша мен «Fujitsy Scahshap SV 600» үстел сканері сатып алынды. Архив сайты жаңартылып, аймақ тарихына қатысты құнды деректер топтастырылған кітаптар жарыққа шықты. Ақмола облысының мемлекеттік архивінің құжаттары негізінде «Орталық мемлекеттік архивте анықталған Ақмола облысының тарихы бойынша архивтік құжаттар жинағы», «Архив – тарих сақтаушысы» және «Ақмола облысының мемлекеттік архивінің қорлары бойынша жолсілтеме» жинақтарының тұсаукесері өткізіліп, архив қызметін пайдаланушылар назарына ұсынылды.

Ғалымдардың қай-қашанғы ұраны,

Ғылым-тарих архивтерден тұрады.

Біз теріске шығармаймыз архивті,

Зерттеулердің таптырмайтын құралы! –

деп басталатын көрнекті ақын Баянғали Әлімжановтың архив туралы өлеңі бар еді ғой. Ақын айтса айтқандай, архивтегі сақталып тұрған әрбір құнды деректерде өткен дәуірдің тамыр соғысы жатыр. Сондықтан, оны көзіміздің қарашығындай қорғап, сақтап, келешек ұрпаққа тапсыру – біздің азамат ретіндегі борышымыз. Барша архивші әріптестерімді кәсіби мерекемізбен құттықтай отырып, еңбектеріне жеміс тілеймін!

                                                                    Темірбек БАТЫРХАНОВ,
Ақмола облыстық мемлекеттік архивінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар