Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлттық рухтың туын биіктеткен  тың  туынды - АРҚА АЖАРЫ

Ұлттық рухтың туын биіктеткен  тың  туынды

Биылғы жылы Ереймен, Екібастұз, Кереку, Ақмола өңірлерінің әдеби өмірінде әдебиет сүйер қауым жалпы алғанда, республика жұртшылығы үшін де, елді елең еткізген айтулы оқиға болды. Ол елімізге  танымал ақын-жазушы Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» романының жарыққа шығуы еді. Бұл романның аяқталмаған алғашқы электрондық нұсқасы бұрнағы жылдары әлеуметтік желілерде жарияланған болатын.

Жұртшылықтың біразы оны оқып та, үлгерді. Әйтсе де, шығарманың толық аяқталуын асыға күткен қалың оқырманға жаңа кітап шөлдеп келгенде рахаттана сіміретін кәусар бұлақтай әсер етті десек, артық айтпаған болар едік. Иә, жаңа көркем туынды дүниеге келді.

Бірінші бетін ашқан сәттен бастап, алғашқы жолдарынан-ақ, адамды бірден өзіне тартып, беймәлім тылсым әлемдерге жетелей жөнелгендей әсер беретін шытырман оқиғаға толы сюжетіне қарап романды детектив жанрына жатқызғанымызбен, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесінің небір терең иірімдері мен күрделі психологиялық толғаныстарын автордың өте шебер суреттеуінен, сағыныш пен қауышу, қуаныш пен күйзеліс, аңсау мен тебіреніс, махаббат, сүйіспеншілік секілді адами құбылыстардың басым болуынан оны драмалық туынды қатарына қосуға толық негіз бар.

Басты кейіпкер Арғынның қатысуымен өрбитін шытырманға толы оқиғалар тізбегі оқырманға шынайылығымен, күнделікті қолданыстағы қарапайым сөздермен жеткізілуімен, тілі жатық мазмұнымен жақын. Оқиға өмірден алынған. Онда өмір шындығы бар. Автор Арғын бейнесі арқылы ұлтымыздың рухы биік, ер мінез өкілін жан-жақты суреттеп, оның жағымды мінез-құлқына қазақы тұрғыдан қарап, ауылда өскен жандар ғана түсінетін керемет бір сезімталдықпен ауыл адамының қайталанбас табиғи болмысын әсерлі баяндап берген. Кітапты оқып отырып, ауыл өзгеше бір әлем, балалықтың әлемі, арнасы бөлек сарын, мәңгілік сағыныш екенін өзің үшін жаңадан ашқандай болып, соны бұрын қалайша байқамағаныңа таң болғандай ерекше бір сезімге бөленесің.

Автор осыны жақсы түсінеді. Себебі, ол өзі де, ауыл баласы. Қазақтың иісі аңқыған ауылда туып-өскен адам ғана ауыл тынысын ерекше сезінеді, емес пе? Бойында батыр бабасының қаны ойнаған Арғын дене бітімі мен көркіне ақылы мен білімі сай, ауылда өсіп, әжесінің бауырында тәрбиеленген сол дәуірдегі көптеген қазақ балаларының бірі. Кеңестік әскерде айрықша бөлімде қызмет ете жүріп, алғыр да, талапты жастың әскери жекпе-жек өнерін жетік меңгеріп, оның айла-тәсілдерін өзін қорғауға, әлсіздерді қорғауға пайдалануы өте тартымды, нанымды баяндалған. Қауіп пен қатерге толы тар жолдарда тағдыр тәлкегіне ұшырап, қылмыс әлемінің талай көкжалдарымен араласып, темір тордың арғы жағында қапаста жүрсе де, туған ауылы, жанына жақын адамдары, әсіресе әжесінің бейнесі Арғынның ой-санасынан кетпейді. Қиналған сәтте әжесінің рухы оны желеп-жебеп жүргендей болады да тұрады. Бас кейіпкердің пайымдауынша, тағдыры қыл үстінде тұрған қилы кезеңде әже рухы оны ажалдан арашалап алып қалып отырады. Осылайша, әже образы шығарманың басты идеяларының біріне айналған. Сондай-ақ, өмір жолында ауыл жігітін Ұлы Жаратқанның әмірімен бір жағынан әжесі мен ата-анасының рухы қолдаса, екінші жағынан сүйген қызы Құралай, майор Субботин, Әскерхан секілді жағымды кейіпкерлер қиындықта оның қасынан табылып, ақыл-кеңестерін және басқадай да көмектерін аямай беріп отырады. Әрбір қазақ баласына етене жақын, төрт түліктің ішіндегі пірі болып саналатын жылқы малы, ауылда қалған сары аты да, әрдайым көз алдынан кетпей тәтті қиял мен алыс армандарға жетелейді. Адам төзгісіз қиындықта жүріп, аңдаусызда ажалмен талай мәрте бетпе-бет келген Арғын әйтеуір, ойламаған жерден қалай да, аман қалады. Белгісіз бір тылсым күштің бар екенін жүрегімен сезеді. Шынында, да, өмірден түңілгендей болып, қатты қажып, сол бір азапқа толы дүние жалған тірлікті тәрк етіп, кей сәтте ажалды еріксіз мойындап, өлімге бой ұсынып, өз ажалын өзі қанша іздесе де, таба алмағандай, сол ажалды жоғалтып алғандай күй кешеді. Ажалын жоғалтқан адам образы өзінің бар бітім-болмысымен, асқақ рухымен көз алдыңда одан сайын биіктеп, асқақтай түседі. Тағдырға налып, ішімдікке бой ұрып, шарасыз сәттерде шараптан жұбаныш тауып жүрсе де, адами асыл қасиеттерді жоғалтпай, еңсесін биік ұстап, бас кейіпкеріміз алдына қойған мақсатына жетеді.

Мұның бәрін оқиғалар желісін жоғары көркемдік деңгейде шебер үйлестірген жазушының орасан зор шығармашылық еңбегінің нәтижесі деп түсінеміз.

Автор осындай қилы тағдыры бар кейіпкерінің аман-сау еліне оралған сәтін шабыттана суреттейді. Арғынның прототипі өмірде әлі бар ма, жоқ па, біз ол жағын білмейміз. Білетініміз, жазушы кезінде сол адаммен кездесіп, оның басынан өткен оқиғаларын қызыға тыңдап, оқыған жанды бей-жай қалдыра қоймайтын осындай бір шытырманға толы көркем туынды жазуды мақсат еткені. Осы жолда оның діттеген ойына жетіп, тамаша бір прозаны өмірге әкелгені қуантады. Әсіресе, толық мәніндегі драматизмге толы, Қазақстан шекарасына жақындаған кульминациялық шиеленіскен сәттегі Арғынның шет елден атамекенге оралып келе жатқан қандастар көшіне жолығуы көзіңе еріксіз жас үйіреді. Көш басшысымен екі арадағы диалог кейіпкер тағдырының қаншалықты тығырыққа тіреліп, іштегі сан қилы сезімдердің арпалысып, күйзелген сәтін шынайы жеткізіп тұр. Автор шығармасын өте жоғары көркемдік деңгейде, оқыған адамды жалықтырмайтын, қайта, қызықтыра түсетін, бір демде бас алмай оқып шығатындай етіп сәтімен жазып шыққан.

Сайлаудың ақындық жолда да жұлдызы жанып, поэзия жанрында жазған өлең, поэмалары кезінде әдеби ортада өз бағасын алған. Айтыскер ақын ретінде республикаға танымал болғаны өз алдына бір төбе. Көзі ашық зиялы қауым мен көкірегі ояу қалың оқырман Сайлауды соңғы жылдары ел мен жер тарихына, өңірлердің өткені мен бүгініне шолу жасап, архивтен-архив қопарып, бабалар шежіресі хақында қалам тартып жүрген тынымсыз зерттеуші, тарихшы деп біледі. Осы бағытта көптеген қыруар еңбек жазылды.

Ал, биылғы жыл жаңа бір қырынан танытып, көп жылғы ізденістен туған көркем шығармасы Сайлауды жаңа бір биікке көтерді. Кітаптағы шытырман оқиғалар тізбегі, қылмыс әлемінің өмірі, қапастағы тәртіп, адамның қатал өмір жағдайында тіршілік үшін күресуі секілді қым-қиғаш оқиғалардың өте тартымды, нанымды баяндалғаны соншалық, тіпті, кейбір оқырманның көкейінде түрлі сұрақтардың туындауы әбден мүмкін ғой. Көпшіліктің пайымдауынша шығармашыл суреткер өзінің жеке басынан өткен оқиғаларды ғана шын сезіммен шынайы жеткізе алады. Яғни, ол осы оқиғаларды өз басынан  кешуі керек екен. Ұлы классик жазушылардың шығармалары әрине, ол алдына бөлек әңгіме. Атақты актер, ақын, композитор, әнші Владимир Высоцкийді көпшілік жақсы біледі. Оның лирикасы әр саладағы әлеуметтік топ өкілдерінің мінез-құлқы мен болмысын өте дәл сипаттайды.  Ақынның жазған ән-жырларын тыңдаған соғыс ардагерлері оны өздеріне тартып, ол соғысқа қатыспаса да, Высоцкий соғысқа қатысқан майдангер десе, альпинистер оны альпинист, ұшқыштар оны ұшқыш, ал, қылмыс әлемінің өкілдері ол біздікі, ол отырып шыққан деп, өз жақтарына тартады екен.  Высоцкий аталған топтарға ешқандай қатысы болмаса да, әр түрлі образдар кейпіне ене білген суреткер. Расында да, ішкі жан дүниесі өте сезімтал, лириканы жүрегімен сезінетін, туа біткен дарын иесі, шын суреткер ғана осындай қабілетке ие демекпін. Сайлау да шын суреткер.

Бала кезімізден бәрімізге таныс Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы өткен дәуірдегі ұрпақтың бас алмай оқитын өте құнды дүниесі еді. Автор бұл әдеби мұраны да өз шығармасында оқырманның есіне салады. Аталған құндылыққа зор құрметпен қарап, Б.Соқпақбаевты өзіне үлгі тұтқаны байқалып тұр.

Ақиқатын айтсақ, ешкім ешкімді ештеңемен таң қалдыра алмайтын жаңа ғасырымызда, озық технологиялар мен ғылыми жетістіктер дәуірінде, бүкіл бір жүйе түбегейлі өзгеріске  ұшыраған кітап оқымайтын заманда, оқиғасы өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңы мен 90-шы жылдарының басын қамтыған, яғни, кеңестік кезеңнің аяқталып,  тәуелсіздіктің алғашқы жылдары басталған кезді баяндайтын, алыстан жеткен сөнбес оттың сәулесіндей болған жаңа кітап – «Ажалын жоғалтқан адам» біздің қоғамға өте қажет құндылық. Бұны оқыған жанның өз ұлтына деген көзқарасы өзгеше бір сипат алып, қайтпас қайсар Арғындай қазақ баласы үшін көңіліне мақтаныш сезімі ұялап, әрі ішкі рухани дүниесінің байып, өмірді өзгеше бір қырынан түсіне бастайтынына сенімім мол. Әрі бұл туынды жас ұрпақ үшін де, танымдық, тәрбиелік мәні зор болып табылады. Кітап авторы Сайлау Байбосынның шығармашылық жолына табыс тілей отырып, қалың оқырманы атынан кітаптың жалғасын күтетінімізді жеткіземін. Себебі, өмір жалғасады. Ал, өмір деген күрес қой. Өмір үшін күрес мәңгі жалғаса бермекші.

Сайлау ЖЫЛҚЫБАЕВ,
Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі.

 Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар