ӘДЕБИ КЕШ
Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Майра Қуанышқызының «Ақ дүние – ертегі» атты шығармашылық кеші болып өтті.
Әдеби кешке аталмыш музей қызметкерлері, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің студенттері қатысты. Шарада музей директоры Нұрбек Нұралы сөз сөйлеп, Майра Қуанышқызының шығармашылығына табыс тіледі.
Сондай-ақ, кеште Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншілері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Жанат Есов пен Сәрсенбай Хасенов әуезді әндерімен жиналған қауымның көңілін бір серпілтіп тастады. Кеш барысында Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының белгілі актрисасы, мәдениет саласының үздігі Маржан Бөкешованың шәкірттері, яғни, жоғарыда аталған колледж студенттері кеш иесінің өлеңдерінен құралған моно спектакльді ұсынды.
–Құрметті студенттер, менің кіршіксіз жүрегімнен шыққан өлеңдерімді өздеріңнің тап-таза көңілдеріңмен, мөлдір сезімдеріңмен, шынайы ықыластарыңмен оқыдыңдар, сол үшін алғысым шексіз. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы ғой. Болашақта биік белестерден көрінулеріңе тілектеспін, – деп Майра Қуанышқызы жастардың өнеріне ізгі ықыласын білдірді. Кеш барысында ақын өзі де жүрекжарды өлеңдерін оқып, шығармашылық өмірінен сыр шертті.
– Көкшеде Әдебиет және өнер музейі дейтін ғажайып шаңырақ бар. Жанынан әрә-бері өтіп жүріп, көз тартар сәніне, атауына қызығып қарайтынмын. Шіркін, осындай әдемі жерде шығармашылық кеш өткізсе ғой деп армандайтынмын. Бүгін сол арманым жүзеге асты. Әдемі, әсерлі кеш болды. Поэзия дейтін құдіретті өнердің туын желбіреттік. Музейде өңірдің айтулы тұлғаларының шығармалары, олардың тұтынған заттары мен деректері сақталған. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп, Балуан Шолақ сынды сал-серілердің суреттері де қабырғада ілініп, музей көркін аша түскендей. Қызық болғанда, бүгін осы музейдің қабырғасында суреттері ілінген осы асылдарымызға қарап тұрып, олармен сырласқандай күй кешіп, өлең оқыдым, – дейді ақын жүрек өз қуанышын жасырмай. Иә, кеш барысында қатысушылар ақын қыздың бірқатар жалынды жырлары мен нәзік сезімді өлеңдерімен танысып, сусындады.
Жалыны күшті өрт емес,
Ошақтың ғана отымын.
Еркін де емес, ерке емес,
Алтын тордағы тотымын.
Жүрсем де киіп дүр көйлек,
Тағынып гауһар жүзігін.
Бітпейтін осы бір бейнет,
Жалғатып қойды-ау, үзігін, –
дейді ақын бір өлеңінде. Жаны да, тәні де нәзік әйел заты үшін отбасы мен қаламның ауыр жүгін көтеру оңай еместігін осы жыры жақсы аңғартады. Бұл шумақтар да сол нәзік жүректің үні іспеттес Майра ақынның ішкі жан сыры.
Өткен ғасырда қазақтың ұлы жазушысы Ғабит Мүсірепов «Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, сырласы, атар оғы, берер дәрі-дауасы – поэзиясы болмақ-ты…», – деп аяулы ақын қарындасының жан қалауын бір сөйлеммен суреттеген екен. Міне, сол Фариза апамыздан бастау алған қазақтың ақын қыздарының жалғасы болып, киелі поэзияны жанына серік еткен Майра Қуанышқызының жазған жырлары көп жүректің төрінен орын алады деген сенім бар. Соған біз де тілекшіміз. Аталмыш жиынның қорытынды бөлігінде ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Манарбек Қыдырбайұлы әріптесін құттықтап, кештің жақсы өткенін тілге тиек ете келе, сөз соңын өзінің сұлу Көкшені суреттеген өлеңімен аяқтады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.