Цифрландыру
Бүгінгі таңда Ақмола облысында 605 елді мекен бар, оның 333-і оптикалық-талшықты байланыс желілеріне қосылған. «Қолжетімді интернет» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін тағы 243 ауылдық елді мекенді осы желілерге қосу жоспарланған, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыс орталығы Көкшетау қаласында 5G желісі белсенді түрде дамып келеді. Қазіргі уақытта 11 базалық станция орнатылған, ал, 2027 жылға дейін олардың саны 56-ға жетеді. Ақкөл, Жақсы және Ерейментау аудандарының республикалық жолдарында үш антенна-мачталық құрылыс салынады, бұл жүргізушілер мен жолаушылар үшін байланыс сапасын жақсартады.
Мемлекет басшысының Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту бойынша берген тапсырмалары аясында Абылай хан алаңына жақын орналасқан маңызды туристік нысандарды қоса алғанда, алты антенна-мачталық құрылыс жүргізілді. Сонымен қатар, Бурабай ауданының Савинка ауылында байланыс инфрақұрылымын жақсарту үшін оптикалық-талшықты GPON желілері салынып жатыр. GPON технологиясы облыстың басқа да аудандарында, мысалы Жақсы, Ерейментау, Ақкөл, Атбасар аудандарында және Степногорск қаласында енгізілуде. Бұлардыа 49 тұрғын үйді қосуға арналған жабдықтар орнатылды.
Кокшетау қаласындағы Застанционный ауылында MagicPole қосарлы мақсаттағы тіректерін орнату бойынша пилоттық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл әдіс шетелде танымал болып, енді алғаш рет Қазақстанда қолданылмақ. Ауданның шалғай ауылдарындағы мектептерде жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 264 Starlink спутниктік терминал орнатылды. Қауіпсіздік саласындағы модернизация аясында 50 білім беру мекемесінде 1000 бейнебақылау камерасы жаңартылды.
Президенттің Қазақстан халқына биылғы Жолдауына сәйкес «SmartGeoHub» жобасы іске қосылды, ол тұрғындарға жол инфрақұрылымының жағдайын геоақпараттық портал арқылы бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, полиция департаментімен әріптестік туралы меморандумға қол қойылып, 25 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылды. 2025 жылға дейін олардың саны 98-ге дейін артады. Табиғи монополиялар субъектілерімен өзара әрекеттесу ыңғайлылығын арттыру үшін өңірлік геоақпараттық жүйе арқылы 48 цифрлық қызмет енгізілді. Мысалы, Кокшетау қаласының тұрғындары қазір «Көкшетау су арнасы» және «Көкшетау Жылу» қызметтерін қашықтан ала алады. Цифрландыру мен байланыс инфрақұрылымын жаңғырту өңір тұрғындарына, оның ішінде шалғай ауылдар мен туристік аймақтардағы тұрғындарға сапалы интернет қызметтері мен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.