ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ
Неміс-фашист басқыншыларына қарсы Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіс – көп ұлтты кеңес Одағы халқының ең жарқын, ұмытылмас ерліктерінің бірі. Өте-мөте қиынға соққан соғыста біздің халық өз жерін, елін қорғады. Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ еліміз зұлым жауға қарсы жұдырықтай жұмылды. Осы күреске Ақмола облысының тұрғындары да үлкен үлестерін қосты.
Майдандағы ерен ерліктері үшін көптеген ақмолалық жауынгерлер ордендермен және медальдармен марапатталды. Соның ішінде 41 жерлесімізге ең жоғарғы атақ – Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Кеңес Одағының Батыры атағына екі мәрте ие болған ұшқыш, генерал-майор Талғат Бигелдинов, Мәскеуді жаудан қорғауда қазақ халқының асқан батырлығын танытқан Мәлік Ғабдуллин, Кеңес Одағының Батыры, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Халық Қаhарманы, Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, Халық Қаhарманы, Рейхстагқа алғашқы болып Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев және тағы басқаларының ерлік істері бұл дүниеде ұмытылар ма?! Солардың ішінде өзінің осы тарихи ерлігін жасаған батыр ағамыз Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осынау есіл ердің өмір жолына тоқталсақ, ол кісі 1924 жылы 19 қазанда Ақмола губерниясы Тайтөбе ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың тамыз айында 18 жасқа толуына екі ай қалғанда Көкшетау қаласында Қазақстан мен Орта Азия елдерінің әскерге шақырылған азаматтары соғысқа дайындықтан өткен атқыштар полкіне әскерге алынады. Ол онда 1943 жылдың жаз айларына дейін болады. Кейін Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласына көшірілген жалпы басқарудағы жаяу әскер училищесіне оқуға жіберіледі. Тек 1944 жылдың қазан айында ғана училищені үздік аяқтағаннан кейін кіші лейтенант Рақымжан Қошқарбаев майданға алдыңғы шепке аттанады.
150-ші атқыштар дивизиясы 674-ші атқыштар полкі барлау взводының командирі, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев 1945 жылдың 30 сәуірінде қызыл әскер Григорий Булатовпен бірге, Берлинді алу барысында Рейхстаг ғимаратына Жеңіс Туын тігеді. Рақымжан Қошқарбаевтың Жеңіс туын қалай тіккені туралы естелігі Ақмола облыстық архивінде сақтаулы тұр. (АОМА. 1115 қ. 13 тіз. 50 іс). Сол естелікті оқырмандар назарына ұсынуды жөн көріп отырмын.
***
Менен соғыстың қай күні есіңізде қалды деп сұрағанда, мен 1945 жылдың 30 сәуірі деп айтамын. Бұл күні біздің батальон неміс фашизмінің ішкі істер министрлігінің үйін (Гимлер үйін) шабуылдаған еді. Бірінші болып осы үйге лейтенант Атаевтың басшылығымен рота жауынгерлері қол жеткізді. Олар қорғанысты қолға алып, басқа бөлімшелердің, оның ішінде біздің үшінші ротаның алға жылжуын қамтамасыз етті.
Шайқас кезінде батальон командирі Давыдовтан қоңырау алдым. Аға сержант Гончаровты орнына қалдырып (ол сол күні қайтыс болды), мен бірінші қабатқа батальон командиріне түсіп кеттім. Онымен бірге батальон парторгі, сондай-ақ, біздің полктің барлаушылары Проворотов, Лысенко, Орешко, Почковский, Бреховецкий, Сорокин және Григорий Булатов болды. Олар қабырғаға жақын тұрды, өйткені, жау үнемі сынған терезеге автомат-пулеметтен оқ жаудырды. Кіргенде Давыдов маған қабырғаға жылжып, жақындай түсуді ескертті. Сонда ол тез, жаудың оты үзілген сәтте, алаңдағы терезеден қарап, күмбезі бар үлкен сұр ғимаратты көрсетіп, «Бұл Рейхстаг. Қазір біздің батальон Рейхстагқа басқа бөлімшелерге қарағанда жақынырақ. Сондықтан да, біздің алдымызда тезірек жол салып, қызыл туды тігу міндеті тұр. Осы міндетті орындау үшін жолдас Васильченконың ұсынысы бойынша сізді шақырып тұрмын. Бұл бұйрық емес екенін ескертемін. Ойланыңыз және өзіңіз шешіңіз»,– деді.
Мен бірден тапсырмаға дайындала бастадым. Күртешемді, гранаталарды қалдырып, тек автомат, тапанша және үш қол гранатасын алдым. Сол қолыммен туды ұстап, мен батальон командиріне тапсырманы орындау үшін дайын екендігімді айттым. Давыдов қолымнан алып, маған сәттілік тіледі. Барлаушылар да тапсырмаға дайын болды. Автомат-пулеметтен оқ жаудырылғаны саябырсыған кезде, терезеден секіріп, бірден жата қалдым, қасымда тек Булатов қана бар екен. «Жолдас лейтенант, – деп айқайлады. –Қалған барлаушылар шыға алмады, олар оқ ату аймағына түсіп қалды». Біз жалғыз қалдық. Снарядтан кейін қалған ойықта (воронка) жатып, Булатовқа жорғалап алға жылжитынымызды айттым. Жан-жақтан автоматтан оқ жаудырып жатты, бұл жағдай бас көтеруге мүмкіндік бермеді. Біз бір-біріміздің артымыздан баяу жорғалап, жылжып барамыз.
Снаряд, миналардан кейінгі пайда болған шұңқырдан шыққан сәтімізде, алдымызда қалқалайтын жалғыз зат – темір балкалар болды. Сол араға жеткесін тез өзімізге келдік.
Бізге қалқан болатын келесі зат тек қарама-қарсы тұрған трансформаторлық дүңгіршек (будка) болды… Трансформаторлық дүңгіршекке апаратын жол ең қиыны болды: айналамызда бомбалар жарылып жатты, оқтың дауысы жаңғырып тұр, тіпті басыңды да қозғалта алмайсың, олар байқап қалып, оқ атуы мүмкін. Біз өте баяу жылжыдық, бізді тірі адам екен деп ешкім де ойламады.
Түс ауды. Біздің барлаушы ұшақтарымыз Тиргартена ауданында шоғырланған жаудың негізгі оқ ату позициялары туралы басшылықты хабардар ете отырып, біздің үстімізде жиі пайда бола бастады. Олар кеткеннен кейін бірден саябақ пен Рейхстагқа жаппай миномет пен артиллериялық соққы түсірілді. Зеңбіректер мен снарядтардың жарылысынан алаң үстінен от, түтін және шаң бағаналары көтерілді. Әрі қарай біз күтпедік. Тәуекелге бел будық. Бар күшімізді жинап, көпірге қарай жылжыдық. Жүгіріп келеміз. Сол орынға жеткенде, тура суға құладық.
Канал таяз екен. Айналада оқ жауып тұр, біз сол күні алғаш рет бір-біріміздің көзімізге қарадық және еріксіз күліп жібердік. Қауіптілік бізді каналдың екінші жағына көшуге мәжбүр етті. Сол уақытта біз Рейхстагтан шамамен үш жүз метр қашықтықта болдық. Басты кіреберісте колоннаның сол жағына бекітілген қызыл кресі бар ақ ту көрінді. Сол жағында Рейхстагқа жақын маңда сынған пушка тұрды. Біздің сол жағымыздан немістер оқ жаудырды. Айқай-шу бізге жетті, ол дауыс бізге берілген ескерту болғандай болды. Жасырыну қажет болды, біз сол сәтте қалқалайтын орын іздедік, каналдың қабырғасынан шұңқыр қазу үшін ыңғайлы зат іздедік. Көпірдің үлкен арматура бөлігі шұңқыр қазуға пайдаланылды.
Одан жоғары, жаға бойында екі жақтан от күшейе түсті. Әрі қарай алға жылжу мүмкін болмады. 20-30 минут өтті, біз қозғалыссыз, толық тыныштықта отырдық.
Уақыт өте баяу өтті. Рейхстаг таяқ тастам жерде, ал, біз қозғала алмаймыз. Күн таңертең көрінбегенімен, кешкі ымырт келе жатқаны сезіледі. Ал, батальондағы жолдастарымыз Рейхстаг қабырғасынан біздің туды ертерек көргілері келіп отырған шығар.
Бұл ойлар тез шешім қабылдауға мәжбүр етті. Жүгіріп келеміз! Мен Григорийдің қалай алға шығып кеткенін байқамай да қалыппын. Бұл уақытта біз ештеңеге қарамай жүгіріп келеміз. Мен кенеттен Рейхстагтың кіреберісінің алғашқы баспалдағына жеткенімізді байқадым… Қабырғаға жеткенде бір-бірімізге тақалып, бір сәтке тынысымызды ұстап тұрдық. Бір сәт үнсіздіктен кейін туды қысқа мерзімде көрнекті жерге тігу керектігі есіме түсті. Қуаныштан күмбез туралы да ойлаған жоқпыз. Булатовты бірден иығыма отырғызып, терезенің жақтауына көтердім.
«Гриша, туды барынша биік етіп бекітіп қой», – дедім Булатовқа. Ол: «Оны бекітетін жер жоқ. Мені тағы көтере тұрыңызшы, мен терезедегі кірпішті шығарамын». Бір минут өткен соң Булатов айқайлап: «Міне, болды!» деді.
Содан бері 30 сәуір күні маған ерекше сезім туғызады. Бұл менің екінші туған күнім сияқты. (АОМА. Кітапхана қорынан, «Соғыс. Жеңіс. Естелік» жинағы, 2019 жыл).
Көрсеткен ерліктері үшін әскери басшылық лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қызыл әскер Григорий Булатовты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады, марапаттау парағы әзірленіп, оған қол да қойылады, алайда, ол тек Қызыл Ту орденімен ғана марапатталады.
Соғыстан кейін Рақымжан Қошқарбаев Алматы қаласында «Алматы» қонақ үйінің директоры болып қызмет атқарады. «Знамя Победы» және «Штурм» кітаптарын жазады. Рақымжан Қошқарбаев Алматы қалалық халық депутаттары аудандық Кеңесінің депутаттығына үш мәрте сайланады. 1988 жылы Алматы қаласында өмірден өтеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен оған өмірден өткеннен кейін «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Ақмола облысының Қараөткел, Тайтөбе, Қоянды, Оразақ және Қажымұқан ауылдарында Рақымжан Қошқарбаев есімімен аталған көшелер бар.
Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі халық жадынан еш ұмытылмақ емес. Батыр ағамыздың өжеттілігі, ұстамдылығы, қайсарлығы мен батылдығы жастарға үлгі. «Өткенін білмеген ел тозады» демекші, өткен тарихымызды ұмытпай, кешегі ел басына күн туған заманда ерлік жасаған батырларымызды мәңгі есте сақтайық.
Әсем ӘЛДІБЕКОВА,
Ақмола облыстық мемлекеттік архиві ақпараттық -ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі.