Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің биылғы жылғы 11 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, көркемөнерпаздар шығармашылық ұжымдарына «Халықтық» және «Үлгілі» атақтары берілді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл атақтар шығармашылық ұжымдардың өз жұмысында жоғары кәсібилік пен шығармашылық белсенділік көрсеткендері үшін көрсетілетін ерекше құрмет. Олар көркемөнерпаздардың еңбегін ынталандырып, олардың мәдениет саласындағы еңбегін бағалау мақсатында тағайындалады.
Егіндікөл ауданындағы «Сазды әуен» ансамблі үшін де бұл атақтың маңызы зор. Ансамбль 14 жыл бұрын құрылып, осы уақыт аралығында аудандық және облыстық деңгейде танылып, көрермендерінің жүрегін жаулап алды. Құрамына әртүрлі сала қызметкерлері топтасқан ұжымның жұмысын Амангелді Райхан басқарады. Оның жетекшілігімен ансамбль көптеген мәдени шаралар мен мерекелік концерттерге қатысып, халыққа жақсы танылып келеді.
«Сазды әуен» ансамблінің мүшелері биыл министрлік бұйрығымен «Халықтық» атағына ие болғандықтары туралы хабарды зор қуанышпен қарсы алды. Егіндікөл ауданында бұған дейін мәдениет саласында «Халықтық» атағын ешбір көркемөнерпаздар ұжымы алмаған. Ұжымның бұл жетістігі аудан мәдениетінің дамуына тың серпін беріп, болашақта жаңа жетістіктерге жетуге жол ашады», – дейді аудан өнерпаздары. Айта кету керек, салтанатты шарада Ақмола облысы бойынша 8 өнер ұжымы «Халықтық» атаққа және 8 ұжым «Үлгілі» куәлігіне ие болды. Бұл атақтар шығармашылық ұжымдардың көп жылғы қажырлы еңбектерінің нәтижесі және олардың мәдениет саласындағы жетістіктерінің айғағы екендігі анық.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.