Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұйымшылдық табысқа бастайды - АРҚА АЖАРЫ

Ұйымшылдық табысқа бастайды

Атбасар қаласындағы вагон жөндеу зауыты жаңашылдыққа ынтық ұжымның бірі. Шаруасын ширата түсуді көздеген зауыт жүк вагондарын жөндеудің толық айналымын жүзеге асырмақ. «Аждар и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірдегі байырғы кәсіпорындардың бірі.

Тәжірибесі толысқан, өзіндік дәстүрі қалыптасқан ұжым жаңалыққа да құштар. Зауыт басшылығының айтуына қарағанда, уақыт талабына толық жауап беруі үшін салаға серпін беретін жаңалыққа үнемі назар салып отыру қажет. Онсыз нарықтың қатал талабына толыққанды жауап беру қиын. Қазір кәсіпорын жүк вагондарының барлық түрлерін сапалы жөндей алады. Өздерінде вагон жөндеуге қажетті кейбір бөлшектерді де шығарады. Оның үстіне Атбасар ауданының тұрғындарын сығымдалған оттегі толтырылған баллондармен де қамтамасыз етуде.

–Егер елімізде 2010 жылы вагон жөндеумен айналысатын 12 кәсіпорын болса, бүгінгі күні олардың саны 26-ға жетті. Әрине, вагон  паркі де уақыт өткен сайын ұлғайып келеді. Тозығы жеткен вагондар да аз емес. Солай бола тұра, біздің салада бәсекелестіктің бәсі жоғары, – дейді серіктестік директоры Аждар Тайшытаев, – ең алдымен санға емес сапаға назар аудару қажет екендігі айдан анық. Бәсекелестік айдынында бағамыз артып, ырысымыз молайса, ол ең алдымен кәсіпорында жұмыс істейтін, өз ісіне тиянақты, іскер адамдардың арқасы. Маман болғанымен, жаңа заманның талабына сай жұмыс барысын соны арнаға салып отырмаса тағы болмайды. Міне, сондықтан инженерлер үнемі ізденіс үстінде.

Депода әрбір ауысым сайын жеті жүк вагонына жоспарлы жөндеу жүргізсе, 4-5 вагон күрделі жөндеуден өткізіледі. Айта қаларлықтай көрсеткіш. Осындай жақсы жетістікке жету әрине, қолынан іс келетін ұйымшыл ұжымның тиянақты еңбегінің арқасында. Қазір мұнда 220 адам еңбек етеді. Үстіміздегі жылдың маусым айында орташа еңбекақы көлемі 390 мың теңгеге жетіпті. Атбасар тәрізді шағын қала үшін тәп-тәуір көрсеткіш. Сәл ғана таратып айтсақ, осы кәсіпорында жұмыс істейтін 220 адам отбасын асырап отыр.

Әріптестерінен оқ бойы озып отыру үшін өндірістегі жылт еткен жаңалықты қалт жібермей, ыждаһатты еңбек еткен ләзім дейді кәсіпорын мамандары. Ал, басшылар болса алға жылжу үшін қомақты инвестицияның қажет екенін алға тартады. Биыл зауыт өз қаржысы есебінен жаңа өндірістік желіні пайдалануға бермек. Төртінші тоқсанда вагон дөңгелектерін жөндейтін жаңа желі іске қосылады. Бұл жай жалғыз жүк вагондарына ғана емес, жолаушылар тасымалдайтын вагондар үшін де қажетті. Жаңа құрылған вагон дөңгелектерін жөндейтін шеберхана іске қосылмақ. Ойға алған шаруа оңынан оңғарылған кезде кәсіпорын жүк вагондарының дөңгелектерінің жөндеу жұмыстарын толық жүзеге асыратын болады. Жаңадан он жұмыс орны ашылады. Алдын ала есеп бойынша жұмыс өнімділігі 15-17 пайызға артпақ. Кәсіпорын қазір шетелдерден жеткізілетін жаңа станоктарды тосуда. Жағымды жаңалықты жүзеге асыруға кәсіпорын бюджетінен 200 миллион теңге қаражат бөлінген.

Жоғарыда елімізде осы тектес 26 кәсіпорын бар екендігін айтқан болатынбыз. Оның 16-сында дәл осындай өндіріс қуатын арттыратын жаңалық жүзеге асырылып жатыр. Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, өндірістегі жаңалықты өздері де игеріп, мінсіз жүзеге асыру арқылы темір жолдың бойындағы қауіпсіздікке қомақты үлестерін қоспақ. Ұзақ жылдан бері тындырымды жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорынның сапалы жұмысы көпшілікке белгілі. Бәлкім содан болар, осы жерде вагон жөндеуге тапсырыс беретіндер саны аз емес. Сапа туралы да бірқыдыру уақыт айта кетуге болады. Алғашқы бақылау тура жұмыс орнында жүргізіледі. Әрбір құрылғы мұқият тексеріледі.

–Онсыз болмайды, – дейді серіктестік директоры, – біздің жұмыс үлкен жауапкершілікті талап ететіндігі белгілі. Әрбір жұмыс орнында сатылап жүргізілетін бақылау қатаң тәртіппен жүзеге асырылады. Әуелі слесарьлардың өздері қадағаласа, кейін олардың бар жұмысын бригадир сараптайды. Содан кейін ғана техникалық бақылау бөлімінің бақылаушылары сүзгіден өткізеді.

Ұйымшыл ұжымның жұмысының алға басуы жұмысшыларына туғызып отырған қолайлы жағдайға байланысты деп айтуға болар. Жыл сайын ұжымдық келісім шарт жасалады. Онда жұмысшылардың барлық әлеуметтік жағдайы қарастырылған. Осы арада нақты мысал келтіре кетелік, мәселен, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша өткізілген «Парыз-2023» байқауында «Аждар и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Үздік ұжымдық келісім» аталымы бойынша қола жүлдегер атанған.

Ілкімді жұмыс өз арнасын тауып, бар ұжым жоғары жауапкершілікпен атқарылатын іске ат салысқанымен, шешімін табуды талап ететін маңызды мәселе де бар екен. Ол білікті мамандардың жетіспеушілігі. Бір қолдың саласындай қалыптасқан ұжым мүшелерінің жастары ұлғайып келеді. Күні ертең олардың өкшесін басып, ізін қуатын, ілкімді еңбек дәстүрін ыждаһаттылықпен сабақтайтын жалынды жас толқын керек-ақ. Бұл мәселені бүгіннен бастап ойластырмай тағы болмайды. Қазір кәсіпорын газэлектрдәнекерлеушілерге мұқтаж. Тығырықтан шығар жол іздеген кәсіпорын басшылары Атбасар қаласындағы агротехникалық колледжбен әріптестік байланысты нығайта түсуде. Колледжде білім алып жатқан токарь, газоэлектрдәнекерлеушілер кәсіпорында тәжірибеден өткізіледі. Оқу орнын аяқтаған түлектер табысы жоғары, әлеуметтік жағынан тәп-тәуір қамтамасыз етілген кәсіпорынға келіп жұмысқа орналасып жатыр.

–Жағдай туғызсақ та кадрлардың жиі ауысуын тоқтата алмай отырмыз, – дейді Аждар Тайшытайұлы, – біздің өңір ауыл шаруашылығы дамыған өлке ғой. Көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде табатын табыстары жоғары. Сондықтан жұмысшылар маусымдық жұмыс кезінде осы салада жұмыс істеп, толымды табыс тапқанды жөн көреді. Әрине, ол үшін кінәлауға да болмас. Қазір Атбасарда жол салынып жатыр. Құрылыс алаңдарындағы жұмыс қайнап тұр. Білікті маманның бәсі жоғары болатындығы да сондықтан. Ал, қыс түсе әлгі мамандар өзімізге қайтып оралады.

Кәсіпорын басшысының айтуына қарағанда, вагон жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектердің құны да қымбаттай түскен. Негізінен шет елдерден жеткізіледі. Сол себепті өзіндік құн да көтеріліп кетеді. Қазір валюта бағамы да әсер етуде.

–Ең бастысы электр энергиясы тарапынан туындап отыр, – дейді кәсіпорын басшысы, – жыл басынан бері біз электр энергиясының әр киловаты үшін 24 теңгеден төледік. Соңғы үш айда 44 теңгеге көтерілді. Ең өкініштісі, бағаның өсетіндігі туралы хабарлама жасалған жоқ. Бұл жай жалғыз бізге ғана емес, өңірдегі шағын және орта бизнеспен қатар үлкен кәсіпорындарға да кері әсерін тигізуде. Ешбір ескертусіз электр қуатынан ажыратқан кезде апатты жағдай туындайды. Таяуда ғана осындай оқиға орын алып, тым қымбат станоктарымыз істен шықты.

Алға басқан қадамды кері кетіретін осындай жайлар орын алып отырғанымен, ынтымағы жарасқан іскер ұжымның шаруасы алға басуда.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар