34 адам тамақтан уланса, оның көпшілігі балалар

Өңірлік коммуникациялар алаңында журналистердің қатысуымен Ақмола облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусинаның кезекті брифингі болып өтті.  

Баспасөз мәслихаты өңір тұрғындарының тамақтан улануын болдырмау және әртүрлі тосын жағдайлардың алдын алу шараларына арналды. Спикердің сөзінше, өңірдің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты болғанымен, тұрғындардың тамақтан улануы тыйылмай тұр.

Мәселен, жыл басынан бері облыста көпшілік болып тамақтан уланудың үш жағдайы тіркеліп, отыз төрт адам зардап шеккен. Оның 25-і кәмелет жасына жетпеген балалар.

Алғашқы жағдай мамыр айында Қосшы қаласында болған. Осының салдарынан он екі адам сальмонеллезбен ауырып,  Астана қаласына жеткізілген. Олар қаладағы рұқсат құжаттары жоқ кондитерлік цехта дайындалған «Лакомка» тоқаштарын жеп, ауырып қалған.

Екінші жағдай маусым айында Бурабай ауданында орын алып, мұнда «Тұмар» демалыс базасында дем алып жатқан он жеті баладан тамақ токсикоинфекциясы анықталып, ауруханаға жеткізілген.

Үшінші жағдай шілде айында тағы да осы ауданның Сарыбұлақ ауылында болған. Бұл жолы каратэ бойынша республикалық федерацияның жаттығу жиынына қатысқан бес спортшы тез дайын болатын тамақ өнімінен уланып қалған.

–Аталған жайттарға қатысты департамент жоспардан тыс тексерулер мен санитариялық-эпидемиологиялық тергеулер жүргізді. Барлық материалдар тиісті органдарға тапсырылып, тұрғындардың тамақтан улануына жол берген мекемелерге әкімшілік жауапкершіліктер жүктелді, – деді брифинг кезінде ведомство басшысы.

Сонымен қатар, Айнагүл Мусина аймақтағы эпидемиологиялық маңызы жоғары 259 қоғамдық тамақтандыру нысанының 66-сы рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Жиын соңында облыстың бас санитарлық дәрігері тұрғындарды Жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде тамақтардың сапасы мен сақтау мерзіміне қатысты бірқатар ескертпелерден құлағдар етті.

–Сауда орындары, дүкендер мен базарлардан азық-түлік сатып алу кезінде жарамдылық мерзімін тексеріңіз, рұқсат етілмеген жерлерде азық-түлік сатып алудан аулақ болыңыз. Алған тағамдарды пісіріп, дайындау кезінде ас үй де таза болсын, қолыңызды, көкөністер мен жемістерді мұқият жуыңыз. Өнімдерді дұрыс термиялық өңдеуден өткізу де аса маңызды. Тамақтану орындарына барған кезде рұқсат құжаттары бар сауда орындары мен сатушыларға басымдық беріңіз. Мекеменің тазалығына және қызметкерлердің сыртқы түріне назар аударыңыз, – деді ол жиын соңында.

Осы қарапайым нұсқауларды орындау тамақтан улану қаупін азайтып, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жол ашатыны  даусыз.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

10 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар