Мемлекет басшысы және Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ассамблея Кеңесінің 2021 жылғы қазан айындағы кеңейтілген отырысында осы қоғамдық ұйымға қарайтын жастар құрылымдарын «Ассамблея жастары» бірыңғай республикалық жастар ұйымы етіп қайта құру туралы тапсырма берген болатын.
Нәтижесінде 2021 жылдың соңына таман республикалық қоғамдық бірлестік әділет органдарында ресми тіркеліп, бүгінгі күні республикалық маңызы бар қалаларда және барлық облыстарда өңірлік өкілдіктері жұмыс істеп тұр. Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесіндегі «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдігі бекітілген жылдық жоспарға сай өз жұмыстарын белсенді атқаруда. Ұйым алғашқыда жалпы саны 60 адаммен өз жұмысын бастаған. Қазіргі уақытта қоғамдық бірлестік облысымыз бойынша ең үздік жастар ұйымы деңгейіне жетті. Бүгінде мұнда 100-ден астам белсенді жас жұмыс істеуде. Ұйым құрамында тек жергілікті ұлт өкілдері ғана емес, өзге ұлт өкілдері де белсенділігімен танылуда.
Ұйымның негізгі мақсаты – жастардың бастамаларын дамыту және қолдау, жастар арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, қазақстандық жастардың әлеуметтік деңгейін көтеру. Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қозғалысы негізгі алты бағыт бойынша жұмыс істейді. Алғашқы бағыт – «Social Assembly» бағыты жастарға әлеуметтік қолдау көрсету, білім деңгейін көтеру және жұмысқа орналасуға көмектесуге арналған. Екіншісі, «Бірлік тілі» бағыты – мемлекеттік тілді оқыту. Яғни, біз жастардың, әсіресе, түрлі этникалық топтардың тілді қарапайым, ауызекі түрде меңгеруіне жағдай жасауымыз керек. Одан кейін «Ел мұрасы» жобасы тарихи-мәдени мұраны сақтауға бағытталған. Бұл жерде ғалымдар жастарды еліміздің тарихи орындарын сақтау мен қорғауға үйрете отырып, оларға арналған тарихи-өлкетану экспедицияларын ұйымдастырады. Төртінші бағыт – «Таза орта» деп аталады. Бұл бағытта халықтың экология мен қоршаған ортаны қорғауға деген мәдениетін қалыптастыру мақсатында түрлі акциялар мен челлендждер өткізіледі. Сондай-ақ, жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру бағытындағы жұмыстар да басты назарда. Бұл мақсатта өскелең ұрпаққа арналған түрлі семинар-тренингтер өткізіліп, әскери бөлімнің жеке құрамымен кездесулер ұйымдастырылады. Және медиажобаларды әзірлеу мен медиасауаттылықты арттыруға бағытталған «Jastar media» жобасына да көп көңіл бөлінуде.
Жалпы, осы негізгі алты бағыт бойынша біздің ұйым жастарды қазақ халқының бай мәдени мұрасымен таныстыратын түрлі фестивальдер, байқаулар, көрмелер ұйымдастырды. Жастар арасындағы қарым-қатынас пен өзара әрекеттесу алаңдары өткізіліп, олар да өзара түсіністік пен достыққа ықпал етуде. Сонымен бірге, ұйымның қолға алған тағы басқа да түрлі жобалары бар. Мәселен, Көкшетау каласында қазақ тілін дамыту және насихаттау бағытында «Мемлекеттік тілге 7 қадам» атты жоба іске асырылуда. Сонымен бірге, «Мәміле сөйлеу» клубының «Үйде сөйле» және тағы осы секілді қанатқақты жобалары жұмыс істеп келеді. Бұған қоса, волонтерлік те көмек бар. Әр ай сайын қарт адамдарға біздің волонтерлер көмек қолын созып, үй шаруасына, басқа жұмыстарына көмектеседі. Тағы бір айта кетерлігі, «Ассамблея жастарының» «Жүз игі іс», «Жүректен – жүрекке» атты волонтерлік жобалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, осы бағытта түрлі іс-шаралар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, конференциялар өткізумен де айналысамыз. Басқа аймақтарда ұйымдастырылатын үлкен форумдарға өз жастарымыздан делегация жіберіп отырамыз.
«Жаңа толқын» жобасы бойынша аудандарға шығып, жастармен мотивациялық кездесулер өткізудеміз. Биыл қазан айында «Молот» дебаттық клубын аштық. Бұл пікірталас клубының мақсаты – бірінші курс студенттерін шешендік өнерге баулу, сондай-ақ, оларды әңгімелесушіге өз пікірлерін еркін және түсінікті жеткізуге үйрету болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына Көкшетау қаласының жастары қатарында белсенді түрде қатыстық. Айталық, биыл тамыз айында осы акция аясында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» қызметкерлерімен бірлесіп, қаланың ішін тазалауға белсене атсалыстық, «Достық үйі» ғимаратының маңында сенбіліктер өткіздік. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Ата Заң – мемлекет қазығы» тақырыбында диалог алаңы ұйымдастырылып, онда Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық құрылымдардың төрағалары мен мүшелері, «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігінің мүшелері бірлесіп, осы тақырыпта үлкен жиын өткізді. Алдағы уақытта Шоқан Уәлиханов және Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеттерінде «Студенттік ассамблея» ашуды жоспарлап отырмыз.
Және бір айта кетерлігі, биыл Алматы қаласында өткен «Jastar generation-2024» атты үлкен форумға қатысып оралдық. Онда біраз мағлұматқа қанығып, жұмыс істеуге құлшынысымыз артты. Сол сияқты жуырда елордадағы «OzgeEpic» креативті хабы ғимаратында еліміздің жетекші тренерлері мен спикерлері жүргізген шеберлік сыныптарынан тәжірибе алып, білімімізді жетілдіріп келдік. Бұл жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа ұрпақ көшбасшыларын тәрбиелеуге, әлеуметтік және мәдени мәселелерді тиімді шешуге дайын жас жетекшілерді қалыптастыруға үлес қосады. Сонымен қатар, «Көшбасшылар мектебі» өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, этносаралық қарым-қатынас және көшбасшылық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ, жаңа ұрпақ көшбасшыларын даярлауда маңызды қадам болмақ.
Қорыта келгенде, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі – еліміз көлемінде орны бөлек жастар ұйымы. Оның жұмысы мемлекетіміздің жарқын болашағына өзіндік зор үлес қосады деп білеміз.
Махмуджан ДАВРАНОВ,
«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің
Ақмола облыстық өкілдігінің төрағасы.