Биыл елімізде 470 мың гектарға жуық егіс алқабы су үнемдейтін технологияларды қолдана отырып суарылды. Бұдан бөлек, 58 мың гектарға жуық жер лазерлік жоспарлаушы арқылы тегістелді. Бұл іс-шаралар суармалы су шығынын азайтуға мүмкіндік берді.
Еске салсақ, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі «2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеудің жол картасын» әзірлеген болатын. Жоспарда 39 іс-шара қарастырылған.
Министрлік су үнемдеу саясатын одан әрі іске асыру және шаруаларды су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру мақсатында су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтты.
–Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін әр өңірге су үнемдеу жүйелері орнатылған егіс алқаптарын ұлғайту бойынша нақты индикаторлар белгілеп, кезеңдік жоспар әзірледі. Осылайша, министрлік 2030 жылдың соңына қарай жылына 2,2 миллиард текше метрге дейін су үнемдеуге ниетті, – дейді Министрліктің Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Берікбол Мәндібаев.