Ақмола облысының бас шыршасы Көкшетау қаласының Абылай хан алаңында бой көтеріп, күні кешегі «Шырша, жарқыра!» атты думанды кеште оның шамдары жағылды. Бұл облыс орталығындағы жалғыз мерекелік шырша емес. Бұлай дейтініміз, Көкшетауда қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін кәсіпкерлердің қолдауымен тағы жеті бірдей алаңда осындай шыршалар құрылды.
Сонымен, желтоқсанның 24-і күні кешке көкшетаулықтар үйлеріне қайтуға асықпады. Мерекелік безендірілген алаңдарды балалар түгілі, ересектер де көздері қиып кете алмады. Жалынды әуендерге билеп, қосыла ән шырқап, сырғанақтарда сырғанады.
Ең ауқымды іс-шара, әрине, Абылай хан алаңында орын алды. Ертегілер қалашығында кешкі алтыдан бастап, ине шаншар жер болмады. Балалар өздерінің сырғанаққа арналған шаналары мен басқа құралдарын әкеліп, сырғанап, қуанышқа бөленді.
Біртұтас алтын-көк түсті шамдармен безендірілген қалашықтың айналасындағы ұлттық нақыштағы бейнелер шығыс халықтары ертегілерін еске салады. Адамдардың суретке түсуге деген қызығушылықтарына аса мән беріліп, дизайнерлер бұл үшін көптеген фотоаймақтарды жасап қойған.
Кеш бойы сахнада «Достар» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымдары бір сәтке де дамыл таппай, жаңа жылдық әндерді шырқады. Кеш жүргізушілері орталық алаңға жиналғандармен қызықты ойындар ойнап, түрлі байқаулар өткізді. Үлкен қуыршақтар да халықпен бірге билеп, тұрғындарға жақсы көңіл-күй сыйлады.
Кеш барысында алаңға жиналғандар Аяз ата мен Ақшақарды шақырып, «Шырша, жарқыра!» деп қосыла дауыстап, бас шыршаның шамдарын жақты. Сөйтіп, алтынмен апталып, күміспен күптелгендей жарқырап тұрған шырша шамдары мерекелік кештің ажарын аша түсті.
Келе жатқан Жаңа жылдың басты символы да осы шамдармен жарқ ете түсті. Биылғы әдемі шырша ерекше көз тартады, оның жоғарғы жағында Көкшетау қаласын дамыту тұжырымдамасының брендіне айналған бірнеше «К» әріптері біріктірілген. Бұл облыс орталығы жайлы әрі әдемі болуы керек деген мағынаны білдіреді. Барлық Ақмола өңірінің қалалары мен ауылдары, үйлеріміз бен пәтерлеріміз де осындай көрікті болсын!
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.