Облыс орталығы Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр үлгілі кітапханасында ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған кешегі дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасы да жақындата түскен тәуелсіздігімізге арналған «Рухым асқақ!» атты жыр кеші болып өтті.
Іс-шараға 1986 жылы сол Желтоқсан оқиғасының басы-қасында болған ҚайырбайСейітмағанбетов, Ерболат Сүйіндіков, Сайранбек Қарабатыров, Ибрагим Исеновсияқты азаматтар қатысып, өз ойларымен бөлісті. Олардың «ендігі бабалар аманаты біздің қолда. Осы жауапкершілікті сезініп, егемен елдің ұрпағы деген атқа лайық болуымыз керек. Білім алып, еңбек етіп, ел дамуына үлес қосу біздің де міндетіміз, бүгінгі жастардың да төл парызы. Тәуелсіздік жолында құрбан болған Желтоқсан қаһармандары, басқа да ерлеріміз өз қара басынан ел мүддесін жоғары қойған. Біз де солай ойлай білуге тиіспіз!»деген сөздері көп тілегін білдіргендей болды.
Іс-шараға қатысқан Краснояр №1 және №3 орта мектептерінің оқушыларыкеш барысында Отан, Тәуелсіздік пен Желтоқсан рухына арналған өлеңдерін оқып, әнге кезек берді. Ал, Краснояр ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Есімбек Әбішев «Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын!» деп, өзінің жылы лебізін білдіріп, кеш қонақтарына рахметін айтты. Жыр кешіне қатысқан балаларға Алғыс хаттар тапсырылды.
Рустам ӘУБӘКІРОВ,
Краснояр үлгілі кітапханасының қызметкері.
Көкшетау қаласы.