Әлеуметтік қорғау
«Еңбек» депутаттық тобының отырысына қатысушылар ауылдық жерлерде жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне коммуналдық шығындарды өтеу мәселесін талқылады.
Отырысты аша отырып, «Ақмола облысының Кәсіподақ орталығы» АҚБ төрағасы Қали Рахметов кәсіподақтар қызметінде еңбек құқықтарын қорғаудың және қызметкерлер үшін лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің басымдығын атап өтті.
«Еңбек» депутаттық тобының төрағасы Марат Қойшыбаев ауылдық жерлерде педагогтарды әлеуметтік қолдаудың оң тәжірибесін еске салды. 2020 жылы Ақмола облыстық мәслихатының шешімі бойынша педагогтарға коммуналдық шығындар мен отын шығындары өтеле басталды. Бұл бастама өзін тиімді шара ретінде көрсетті және медицина мамандары үшін ұқсас бағдарламаларды енгізуге үлгі бола алады.
«Ақмола облысының денсаулық сақтау қызметкерлерінің «Senim» жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Серік Кәкенов жағдайды нақтылап, дәрігерлерге әлеуметтік қолдау шараларын енгізу қажеттігін атап өтті.
Мәселені талқылауға мемлекеттік органдардың өкілдері: Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қалдыбаева, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Әсет Құрманғожин, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллинақатысты.
Отырысқа қатысушылар медицина қызметкерлеріне өтемақы енгізу қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді. Бұл үшін нормативтік базаны дайындау және ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандарды қолдау жөніндегі іс-шараларды іске асыруды қамтитын жоспар әзірленді.
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.