Білім ошағы балаларды қабылдауға дайын. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов пен Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғали нысанды аралап, су жаңа мектептің ішкі жағдайымен танысты.
Жаңа мектеп бір ауысымда 2000-ға жуық оқушыны оқытуға арналған. Бұл өңірдегі білім саласындағы орын тапшылығын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, қазіргі уақытта мектепке 2100 оқушы тіркелген, ал, алғашқы сабақтар үшінші тоқсаннан басталады. Білім беру қазақ тілінде жүргізіледі, – делінген аудан әкімдігінің баспасөз хабарламасында.
Мектептің жалпы ауданы – 20 715,4 шаршы метр және 96 оқу кабинеті бар, олардың барлығы заманауи жабдықтармен жабдықталған. Ғимарат қауіпсіздік пен жайлылықтың жоғары стандарттарына сәйкес келеді. Мектептің маңызды бөлімдеріндегі бейнебақылау камералары орталықтандырылған, басқару жүйесіне қосылған. Бастауыш және жоғары сыныптар бөлек блоктарда білім алады. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта жасалған.
Мектеп аумағын абаттандыруға ерекше көңіл бөлінген. Мұнда жүгіру жолдары, футбол, баскетбол және волейбол, жаттығу алаңдары, бастауыш сынып оқушыларына арналған ойын алаңы да бар.
Бұл Ақмола облысында пайдалануға берілген жетінші жайлы мектеп. Жалпы өңірде 9 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы тек орын тапшылығын жоюмен шектелмей, еліміздің түкпір-түкпіріндегі балаларға сапалы білім алуға тең мүмкіндік беруді мақсат етеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Целиноград ауданы.