Көкшеде бір кеш өтті сұлу сазды…

Белгілі өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім: «Кеудесі бірде қуанышпен, енді бірде өкінішпен, үнемі ой жетегінде жүретін адамды жалған дүниенің қонағы немесе жиһанкезі деуге болады» – дейді.

Әрбір адамның еншісінде көрген-білгендері, жадына түйгендері жүреді. Бірақ, сол көрген-түйгендерін сыртқа шығару сол адамның өзіне байланысты. Әсіресе, өнер адамдарының барлығы бірдей ән айтумен қатар, өткен тарихты жинақтап, құнды деректерді көпшілік назарына ұсынумен айналыса бермейді. Мұндайда көрнекті өнерпаз Қазақ КСР-інің халық әртісі Жүсіпбек Елебековтың «Әнді зерделеп айтыңдар…» дегені еске түседі. Сол айтпақшы, әнді зерделеп айтатын әншілердің бірі және бірегейі көкшелік Сәрсенбай Хасеновты атап өтсек, артық бола қоймас.

Көкше жұрты соңғы жылдары Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Сәрсенбай Хасеновты өнер зерттеушісі ретінде танып келеді. Көкшеден ХІХ ғасырдағы қазақ классикалық музыка өнерін зерделеуші Естай Мырзахметов, Мұса Асайынов сынды тұлғалардың жолын жалғап, тың мәліметтерді бір арнаға тоғыстыру – Сәрсенбай үшін де ұрпақ алдындағы жауапкершілікті іс болып отыр.

Ол ел аралап, аруақты кісілердің басына зиярат етіп, өмірден өткен кешегі сал-серілердің ұрпақтарымен жолығып, мәлімет жинауды әдетке айналдырғалы да біраз жылдың жүзі болған. Ел аузынан естігендерін, көрген-білгендерін ара-тұра әлеуметтік желідегі парақшасынан да жиі ұшыратып жүрміз. Сәрсенбайдың өзімен тілдесе қалсаң жаһандану дәуіріне ұмтылған бүгінгі адамзат баласының төл өнерін жадынан өшіруге даяр екенін, әдебиетіміз бен мәдениетіміз шатқаяқтауға шақ екенін айтып қынжылысын білдіреді. Сол үшін де халық мұрасын жинақтау бүгінгі руханият мәселесі, қоғам сұранысы деп тұжырымдайды.

–Ұлтымыздың ән өнері халқымыздың ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан бекзада болмысы. Өнер – біздің кешегі тарихымыз, ертеңгі жарқын күніміздің таусылмас қазынасы. Біз бабаларымыздың өнерін уақыт өткен сайын жаңғыртып, зерттеп, зерделеп, оның жаңа қырын ашып, жас ұрпақ санасына құюға тиіспіз. Қай ұлттың өнері ұзақ жасаса, сол ұлтқа ешқашан жойылу қаупі туындамайды, – дегенді айтады өнер зерттеушісі.

Жақында Көкшетауда осы Сәрсенбай Хасеновтың «Кешегі сал-серілердің сарқытымын…» атты жеке шығармашылық кеші өтті. Кештің мазмұнына көңіл бөлсек, «кешегі сал-серілердің сарқытымын» деп кеш иесі айтса айтқандай-ақ, қазақ классикалық музыка өнерінің бір топ шоғырының шығармаларын орындап, жиналған қауымды ән құдыретімен әлдиледі. Осы кеште Сәрсенбайдың өз зерттеуіндегі біраз әндер шырқалды. Естай Беркімбайұлының «Қоштасуы» халық арасында кеңінен айтылып жүргенін білеміз. Бірақ, Сәрсенбайдың орындауындағы осы ән оның авторының ғасырлар бойы үзілмей жеткен түпнұсқасы. Бұл әнді Бурабай баурайындағы Қызылағаш ауылының тумасы, ауыл-аймаққа беделді Дүйсенбай ақсақалдан үйренген екен. Ал, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері  Жанат Есовтың орындауындағы «Балуан Шолақтың әні» көпті елең еткізген ерекше ән. Бұл нұсқа да Сәрсенбайдың көп жылдық зерттеулерінің нәтижесінде көмескіленіп барып, сақталған ән еді. Біржан салдың «Айтбай» әні де операға лайық сөзімен елге кеңінен таралған. Осы әнге арқау болған Айтбай қыз өз атын әнге қосқаны үшін Біржанға ғұмыр бойы риза болып өтіпті дейді. Жалпы, Сәрсенбай күні бүгінге дейін отыз шақты әнді тауып, сол ескі әндерді халық жадына қайта ұсыныпты. Міне, осылайша тынбай ізденіп, халықтың асыл мұрасын жинақтап, оның әрі қарай да ауыздан-ауызға тарауына себепші болып жүрген жас зерттеушіге көпшіліктің ықыласы да ерекше деген ойдамыз.

Осы кешке арнайы Алматыдан белгілі әнші әрі өнертанушы «Үкілі Ыбырай», «Жүсіпбек Елебеков» кітаптарының авторы Ерлан Төлеутай келіп қатысып, Сәрсенбай Хасеновтың өнері мен шығармашылығына кәсіби бағасын берді. Тілдескенімізде қазір әншінің, орындаушының көп екенін, бірақ, өкінішке орай «өнер зерттеушісі» дейтін маңызды мамандық иелері жоқ екендігін айтты. Өнердегі белгілі тұлғаның айтуынша, консерваторияда, өнер факультеттерінде мұндай мамандық иелері даярланбайды. Сондықтан, кімде кім «өнер зерттеушісі» болғысы келсе, осы Сәрсенбай сияқты, өз бетімен ізденуге тиіс. Қазақта ұлт өнерін зерттеп, зерделеушілердің барлығы дерлік өз бетімен ізденіп, «өнер зерттеушісі» атанғандар.

–Қазір не көп, әнші көп. Республикамыздың әр аймағында небір асқақ дауысты әншілерді дайындап, шығарып жатыр. Бірақ, өкінішке орай, кейбір әншілеріміз өзінің қандай ән айтып тұрғанын білмейді. Ол әннің шығу тарихына ден қоймайды. Бұл, әрине, қынжылтады. Ал, Сәрсенбай әнді орындап қана қоймай, оның тарихын біледі, айтып жүрген әндерінің әр түрлі нұсқаларына да жетік, бұл дегеніңіз нағыз өнерпаз үшін керек қасиет, – дейді Ерлан Төлеутай.

«Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел!»-дегенді Абай өз заманында айтса да, әлі күнге дейін тыңдаушының түзелмей келе жатқаны қынжылтады. Әнді Абайша сүю қиын болса да, ән мен жырдың өзегінде бүтін бір ұлттың бояуы мен болмысы жататынын бағамдай бермейтін хәлге жеткендейміз. Әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай қоғамды тобырлық музыка дендегелі бері көрерменнің эстетикалық талғамы да құлдырай түсті дейді.

–Бұрынғы кездері мұндай кештерге зиялы қауым да, билік өкілдері де қалмай, көптеп қатысатын. Себебі, олардың көкірек көзі ояу, өнерге деген көзқарасы ерекше еді,–деп қынжылғаны да сондықтан шығар.

Өнертанушының пікірінше, «құлақтан кіріп бойды алатын» есті әннің қадірін түсінетін, осы жағынан көрермен мәдениетін сақтап отырған республикада үш-ақ өңір бар. Олар Көкшетау, Қарағанды және Семей өңірлері. Міне, осы өңірлерде ұлт өнеріне деген құрмет те, өнерпазға деген ықылас та сол баяғысынша. Сол бағысынша дегенді бекер айтпадық. Өткен ғасырлардағы қазақ классикалық музыка өнері шарықтаған тұста Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Мәди мен Әсет сынды  ән ардақтыларының өнерін алқалап, төбесіне көтерген де осы халық еді. Оларды өсірген, өнер көкжиегінде қалықтатқан да сол көпшіліктің жалпы өнерге деген қызығушылығы, дуалы сөзді түсіне білген көкірек бұлағының мөлдірлігі еді …

Сәрсенбай Оразұлының кешіне Қызылжардан арнайы ат терлетіп Мәдениет саласының үздігі Біржан Есжан келді. Өнердегі әріптесін қолдай келген Біржанның әуелеген әні жиналғандарды желпіндіріп, кештің көркін қыздыра түсті. Республикалық байқаулардың лауреаты Өмірзақ Шешханұлының орындауындағы Біржан салдың «Теміртас» әні әнсүйер қауымды бір серпілтіп, қым-қуыт тіршіліктен арылтқандай, бір сәтке болса да, жан сарайларының ашыла түсуіне сеп болды.

Сәрсенбай Хасеновтың ұлт өнерін ұлықтаудағы қисапсыз еңбегін жоғарыда айтып өттік. Оның «Айтыс керуені», «Сұраған саған аманат» жинақтарында ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған киелі Көкше топырағында ғұмыр кешкен өнер алыптарының мол мұрасы мен өнегелі өмірі топтастырылған. Осы кеш барысында автордың Біржан салдың 190 жылдығына арналған «Жалғыз арша» және Ақан серінің 180 жылдығына орай шығарылған «Жігіттің падишасы» кітаптарының тұсауы кесілді.

Жарыққа шығып, оқырманға жол тартқан бұл кітаптарға Арқаның ән мектебінің негізін қалаған даңқты композиторлар Біржан мен Ақан туралы тың деректер, ғалымдардың зерттеулері, жазушылардың толғаныстары, ақындардың арнаулары жинақталған.

Кешке келіп қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, сал-серілердің жалғасы, ән ардағы Иран сал Тасқараұлы сынды көкшелік зиялы қауым өкілдері жас өнер зерттеушісінің шығармашылығына ақ батасын беріп, жүрекжарды лебізін білдірді.

Көкше өңірі сал-серілік мектептің негізі қаланған қасиетті топырақ. Сол өзіміз атап көрсеткен ХІХ ғасырды қазақ музыка өнерінің алтын дәуірі болған кезең деп қарастырсақ, ән-жырдың Меккесі Көкшетау өңірі болғанына ешқандай ғалым да, өнер зерттеушісі де дау айта алмасы анық. Олай деуге дәлел де, қисын да жетіп артылады. Осындай халық дүлдүлдерін тудырған қасиетті өлкеден әр заманның өз өнерпазы шыға беретіні де заңдылық. Сәрсенбай Хасеновтың «Кешегі сал-серілер сарқытымын!» деп орынды түрде үн қатқаны да сондықтан болар. Расында, ол кешегі өнер жауһарларының заңды жалғасы, ұлт өнерінің шырақшысы. Біз өз кезегімізде өнер зерттеушісінің жолы ашық болуын, руханият үшін қызмет етер жолда сүрінбеуін, жұлдызы жарқырай түсуін тілейміз!

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар