Бәрекелді!
2024 жылғы 16-24 желтоқсан аралығында Қарағанды қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Ақмола облысының құрамасы осы чемпионатта 3 алтын және 3 қола медаль жеңіп алып, жақсы нәтиже көрсетті. Ерлер арасында әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов нағыз жеңімпаз атанды, ол 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сегізінші рет Қазақстанның чемпионы атанып, өзінің мықтылығын тағы да дәлелдеді. Көрермендер қызықты жекпе-жектің куәсі болды. Үш раундтың қорытындысы бойынша Теміртас керемет күш, ептілік пен шеберлік көрсетті. Бұл оның чемпионаттағы жеңісінің кепілі болды.
Естеріңізге сала кетсек, жерлесіміз Белградта өткен әлем чемпионы және Азия чемпионы. Сол 2021 жылы ол Мәскеуде кадеттер арасында да әлем чемпионы атанды. Енді міне, жасының отыздың бел ортасынан асқанына қарамастан, ел біріншілігінде тағы да топ жарып отыр. Бұл Теміртас Жүсіпов ендігі арада 8 дүркін Қазақстан чемпионы деген сөз!
Биылғы Қазақстан чемпионатында сондай-ақ, 54 келіге дейінгі салмақта тағы бір жерлесіміз Тимур Қабдешов алғаш рет ел чемпионы атанып, алтыннан алқа тағынды. Ересектер чемпионатына алғаш рет қатысқан Шыңғыс Мусинов (60 кг) пен ұлттық деңгейдегі бірінші жетістігіне жеткен Бекзат Мағжан (63,5 кг) команда қоржынына қола жүлделерін салды. Әйелдер арасындағы жарыста Карина Ибрагимова 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, Қазақстанның 3 дүркін чемпионы атанды. Құраманың қоржынына тағы бір медальді қола жүлдегер Валерия Аксенова алып келді.
Сөйтіп, биылғы республика чемпионаты ақмолалық былғары қолғап шеберлері үшін қоржынға жүлде көп түскен біріншілік болды. Осындайда шын мәнісінде біздің боксшыларымыздың шеберлігі жыл сайын толысып келе жатқандығына қуанасың.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.