Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тақтаның алдындағы – қырық екі жылғы ғұмыр - АРҚА АЖАРЫ

Тақтаның алдындағы – қырық екі жылғы ғұмыр

немесе ұстаздық ұстанымым туралы ой-толғам

Ұлағат

Мұғалім болу – бір басқа, ұстаз болу – тым бөлек. Ұстаз алдына келген шәкіртіне білім беріп қана қоймай, оның болашағына жауапкершілікпен қарап, түбінде оны тұлға ретінде тәрбиелеуді мақсат тұтады. Мұғалім болу – мақтаныш, ал, ұлағатты ұстаз атану – кез-келгеннің уысына түсе бермейтін ұлы бақыт! Ол үшін ыждаһатты еңбек, балаға деген шексіз сүйіспеншілік керек. «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті», деп педагог К.Ушинский айтпақшы, шынымен де, ұстаз жүрегінің қуаты күннен де ыстық, қамқорлығы таудан да биік. Біз  осындай жүрегі адалдықтан нәр алған, табиғаты тазалықтан жаралған, талантты тұлға ретінде, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» абыройлы атағына ие, көкшелік Әлия Ахетованың есімін зор мақтанышпен атап,  еңбегі мен ұлағатын өскелең ұрпаққа үлгі етеміз. Әлия Ахетова – 2024 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздегі мұндай мәртебелі марапатқа ие болған алғашқы ақмолалық ұстаз! Ол ұлағатты ұстаз ғана емес, қолынан қаламы түспеген қарымды қаламгер, ұшқыр публицист, жүйрік журналист. Біз бүгін осындай тұғырлы тұлғаның ұстаздық жолы туралы өзі жазған ой-тебіренісін ортаға салып, ойлы оқырман назарына ұсынып отырмыз.  

Әлия АХЕТОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Өз басым ұстаз атаулыны қанаты бар жаратылысқа балар едім, бәлкім ақ қанатты періштеге баласам да артық емес-ау!.. Бірақ, мына бейопа тірліктің, жанкешті еңбектің жетегінен шыға алмай, жегілген аттай күй кешсеңіз, періште қанат қиылмай ма? Әрине, сөзсіз, мұндайда қиялға қанат қалай бітсін? Қырық екі жыл ұстаздық қызметте аянбай еңбек ете жүріп, мен үшін ең маңызды бір дүниеге анық көзім жетті. Мен оқушы балаларға керекпін! Жалғанда жан баласы үшін біруге керек болудан асқан бақыт бар ма? Әсіресе, періште көңілді, пейілі ақ қардан да таза, риясыз бала жүрегіне жол табу зор бақыт!..

Маған мектептен тыс өзге де қызметті талай рет ұсынды. Солардың кез-келгенінен бас тарттым. Ол үшін еш өкінген де емеспін. Себебі, мен үшін анығы, мектеп менің тынысым, болмысым, өмірім. Ал, адам тыныс алудан, өмір сүруден шаршауы мүмкін бе?..

Еңбек жолымдағы тәжірибемде ең жиі кездесетіні,  неге екені белгісіз,  алдыма келген тоғызыншы сынып оқушылары сталиндік Конституцияның адам құқығы бөлімінің авторы, құқық теоретигі Бухариннің есімін сабақта естігенде біртүрлі қабылдайды. Және де бұл құбылыс жыл сайын қайталанып тұрады. Ал, Қызыл Армияны ұйымдастырушысы Троцкийдің есімі аталса, оқушы баланың біреуі болмаса, біреуі міндетті түрде «Оның өтірік айтқаны рас па?» деп сұрайды. Яғни, баланың жан дүниесі түпсіз терең теңіз іспетті. Әр сабақта баланың әрқайсысымен тақырыпқа сәйкес пікір алмаса қалсаңыз, тіпті, сіз ойламаған және күтпеген жауаптарды естіп, тәнті боласыз. Рас, әрбір сыныпта адам түрлерінің нетүрлі галереясы және олардың әрқайсысының өзіндік рөлі бар. Дегенмен, ұстаз ретінде жадымда бір қарағанда еркелеу көрінетін тәртібі қиындау, қияңқылау жасөспірімдер мен жастайынан  талантымен тәнті еткен  балалардың есімі өшпестей сақталып қалыпты. Жасыратыны жоқ, өзім оңашада отырып ой тербегенде, олардың әрқасысының тағдырына алаңдаймын? Олардың барлығы бақытты болып кетсе екен деген тілектестік қана бар менде. Бірақ, бұралаң бұлтарысы көп  өмірде солардың қайсысының жолы болады, кімнің бақыты басым болады?.. Ол көбіне адамның өзіне байланысты.

Көңілге қаяу түсірері – бүгінгі  жастар ұстаздарға сенімсіздікпен қарайды. Сенімсіздік ауаны қоғамға сіңіп кеткендей. Кейде оқушылар мұғалімін дос санамайтынын көргенде жаным ауырады, бәлкім содан ба, олар өздерінің өкпе-реніштерін, бақытсыз сәттерін жасырады. Бәлкім, қазіргі уақыт сондай ма? Tегінде мұғалім алдымен өз оқушысының сырлас досына айналуы керек.  Сенім бар жерде жетістік болары хақ! «Біз ондай емеспіз, өмір сондай», – деп «Бумерде» айтылатын бұл тіркес, байыбына барғанға, астарына тереңірек зер салғанға шынымен де аса  қауіпті һәм қулығы басым жасырын индульгенция екендігі анық.

Тәрбиенің қай қызметі маңыздырақ – әлеуметтік пе, әлде тәрбиелік пе? Екеуін қалай теңестіруге және үйлестіруге болады? 42 жыл бойы мен осы сұраққа жауап іздеумен болдым. Оқуға қабілеті шамалы, соңғы партада мысқылдап күліп отыратын, соқталдай жігіт болып қалған жас жігітті әскерге баруға жарамды болып қалса да мектепте ұстау қаншалықты дұрыс? Оқу материалын толық меңгеру және игеру үшін тең мүмкіндіктер туралы қашанғы көзбайлауға болады? Қалай дегенмен де, интеллектуалдық әлеуеті мүлде басқа балаларға бірдей жағдай туғызамыз деу бос әурешілік екендігін мойындауымыз керек.

Иә, рас, қазіргі жасөспірімдердің басым көпшілігі, негізінен, еркін өскен өжет, аса байқағыш, тапқыр да танымы биік кейде өткірлігі басым да бола біледі. Байқағанымдай, қазіргі заманғы балалар арасында «индиголар» көп. Әсіресе, бастауыш мектеп оқушылары арасында. Орта мектепте жұмыс істегенімде, үзіліс кезінде балаларды бақылағанды ​​ұнататынмын. Оларды сырттай бақылап, ертеңгі күні алдыма тәлім алуға келетін оқушылардың мінез-құлқымен сырттай осылайша танысқанды жөн санайтынмын.

…Мен өзімді жолы болғыш ұстаздар қатарынан санаймын: себебі, мен түлектері ұмытпай, іздеп келетін мектепте еңбек еттім. Ұстаз үшін бұл зор бақыт емес  пе? Дегенмен де, кешегі тәлім берген ұстазын ұмытып, алтын ұя мектебін айналып өтетіндер де бар. Алайда, жүрегі ұстаз деп соққан оқушыларымның: «Мен сіздің сабағыңызға қайтадан қатысқым  келеді…» деген бір ауыз жылы сөздерінің өзі менің періште көңілімді желпіндіре түсетіні анық.

Жасыратыны жоқ, менің педагогикалық тәжірибем тек жетістіктерден ғана тұрмайды, қателіктер де бар. Мектепте қырық жыл жұмыс істегеннен кейін кейде не істерімді білмей, абдырап қалатын сәттерім де болған. Өйткені, сабақ 45 минутта емес, оқушы баланың оны көңіліне тоқып, материалды меңгерген кезде ғана аяқталады деп есептедім. Алдыма келген кез-келген балаға өзімнің білген-тоқығанымды үйретуден жалықпадым және ол үшін уақытпен санаспауға да бар едім.

Кейде ұжыммен біте қайнасып кету  маған оңайға соқпайтын, бірақ менімен әріптес болу да оңай-оспақ шаруа еместігін сезетінмін. Мен үнсіз қала алмайтын адаммын. Мұғалімнің өміріндегі ең қиыны – көзді жұму, селқостық таныту. Байқамағансу, көрмеген сыңай таныту. Бірақ, үнсіздік ештеңені өзгерте алмайды. Бастысы өтірік айтуды доғару керек.

Бүгінде еліміздегі білім саласында үлкен өзгерістер бар.  Білімі мықтылар ғана таңдаулы университеттер мен мектептерге баруы керек деген түсінік қалыптасқан.

Расымен де, адамның жан дүниесін рухани сауықтыру үшін де, тәнін емдеу үшін де алдымен арың таза болуы керек деген сөздің жаны бар! Бұл күнде Қазақстанда шынымен де мұғалім мамандығының мәртебесі жоғары, абыройы биік. Өйткені, қазір мұғалімдер бұрынғыдай ұсақ-түйек жұмыстардың басында жүрмейді, көше сыпырмайды, концерт залдарын толтырмайды, қонаққа келген әртістерге ақша жұмсамайды, ешкімнен мерзімді басылымдарға жазылу мәселесі талап етілмейді … Бір байқағаным кейінгі жастардың арасында біз сияқты жанын салып еңбек етуге құлықсыздары бар, осы мәселе мені қатты толғандырады…

Маяковскийдің трибунасын еске түсіретін болсақ, онда «…Мен Бродвей шамына, саған, Бағдат аспанына, Қызыл Армияға, Жапонияның шие ағаштарына қарыздармын…» деген сөзі бар. Ұстаздың жан дүниесі де осыған ұқсас нәрсені басынан өткеретіні бар.

Біз мектепте еңбек еткен жылдары, әсіресе, тамыз айы қауырт өтетін. Бәрі, бәрі күні бүгінгідей есімде. Оқушы балаларымыз жаңа оқу жылына келеді деп, мұғалімдер бір үйдің адамындай  мектеп маңын шөптен тазалап, спорт залындағы төбелерді әктеп, шаң басқан шойын қоршаудың торларын жуып, едендер мен терезелерді сырлап әбігер болатынбыз. Осының барлығын еш міндетсіз, әдеттегі жұмыс деп қабылдадық, балаларды жайлы әрі таза білім ұясында қарсы алуы үшін 1 қыркүйек салтанатына өз гимназиямызды дайындағанды ​​ұнататын едік.

Қыркүйек айында мамыр айына дейінгі сабақтардың жоспарын тапсыруымыз керек болатын. Бұл бұлжытпас талап, бірақ бұл талап әрдайым 100 пайыз орындалмайтын. Себебі, мұғалімнің жұмысы шаш етектен. Жалпы жұмыс нәтижесі сыныптың ахуалына, балалардың көңіл-күйіне, мұғалімдер мен балалардың өзара қарым-қатынасына да байланысты ғой. Мұғалімдердің әр сағаты, жасаған жоспарының әр әрпіне дейін қатаң  бақылауда.  Не көп тексеріс көп.  Ол заңды да. Бірде, мен тексеруші шенеуніктің бірінен өзіңіз мектепте балаларға сабақ беруге барар ма едіңіз деп тура сұрадым!? Қатарынан алты, тіпті жеті сабақ беріп көріңізші, бұл тек жай ғана уақыт өлтіру емес қой, осы жеті сабақ бойы өз ісін құлай сүйетін педагог өз энергиясын, ой-пайымын, эрудициясын, ерік-жігерін, бір арнаға тоғыстырып, бала жүрегіне сіңіруге тырысады дедім. Шын мәнінде де, ұстаздық жол – оңай жұмыс емес, кейде денсаулығыңның да сыр беріп жатқанын байқайсың…

Біздің қоғамдағы өміріміз иерархияны қажет етеді. Егерде осы байламға келіссеңіз, мектеп шынымен де аса қажет емес дүниені міндеттейтін орын. Оқушыға «міндеттісің» деген сөзді оқудың барлық 11 жылында құлағына сіңіріп бағамыз. Мұғалімге де сабақ беруі керек, шыдамды болуы керек, мектепке сіңіп, оның ыстық-суығына төзіп, қуанышына ортақтасу керек дегенді санасына сіңіріп бағудамыз. Бірақ, мұның астарында бұлжытпас бір байлам бар, алдымен бәрінен бұрын мұғалімнің басты міндеті һәм жүрек қалауы ол өз оқушыларына баса көңіл бөліп, оларға бар махаббатын бергісі келеді. Мұғалімнің ең басты міндеті ол алдымен өзін-өзі тәрбиелеумен айналысуы қажет, себебі, ол жас ұрпақ үлгі алатын тұлға, әрдайым білімін шыңдап инновациялық педтехнологияларды білуі және сол соны үрдістерді өз тәжірибесіне енгізуі қажет. Ал, бүгінгі таңда әкімшіліктің талабы бойынша педагогты ешкім ештеңеге мәжбүрлей алмайды.

Бірақ біз көп дүниеге көз жұма қарадық, төздік. Тіпті кей сәтте көңілге кірбің түсірер жағдай болса, соның өзіне селқостықпен қарап, ренішіңді де жүрекке түйетін кездер болатын. Мейлі ол тентек, қиын бала болсын біз ешқашан оқушы балаларға өкпе артқан емеспіз. Бірде мектеп бітірушілер кешінде бір ата-ана: «Мұғалім өзгенің баласына жұмысым деп қараса, өз баласын   өміріне балайды» дегені күні бүгінгідей есімде…

…Мұғалімнің басына қандай іс түссе де, мейлі ол қуаныш, тіпті қайғы, кейде ауру азабын тартса да, ол үнемі бірқалыпта болуы керек.  Оны айтасыз, маған кейде біздің мамандық актерлік мамандыққа ұқсас па деген де ой келеді. Өйткені, мұғалім үнемі жұрттың назарында…

Иә, балалар ересектерге қарағанда байқағыш келеді. Оларға өз жайыңды байқатпайын десең де, көңіліңді көзіңнен-ақ ұға қалады, ештеңені жасыра алмайсың. Селқостық танытсаң, кек сақтап қалуы да мүмкін. Бала жаны нәзік демеңіз, олар кейде ересектерден де қатыгез бола алады. Немқұрайлылық қалайда кешірілмейді. Баламен дос ретінде сырласа білу керек, әйтпеген күнде сен олар үшін тек қана мұғалім ғана болып қаласың. Мұғалім болған әрине мәртебе, дегенмен, ұстаз болу бақыты бөлек, асқақ абырой… Танымал ақын Анна Ахматова «ақынжанды» деген сөзді онша-мұнша ұнатпады, себебі, ол өзін «ақынмын» деп есептейтін (және бұл шынымен де, дәйегі дәл анықтама). Мен де мұғалім деген сөзді жақсы қабылдаймын, өйткені, бұл менің жүрек қалауыммен таңдаған мамандығым, ал ұстаздық өмірлік ұстанымым!

…Дүниежүзілік тарих – дүниежүзілік сот. Мен өзім оқушы балаларға  тарих пәнінен сабақ бергенде алдымен олардың дүниетанымын кеңейтуге, өзара пікір алмасуына, есте сақтау қабілеттерін арттыруға ықпал ететіндей дәйектерді қолдануға тырысатынмын.  Себебі, бүгінгі тарих – қазіргі уақытқа бағытталған және болашаққа әсер ететін болып есептеледі. Шын мәнінде бүгінгі күннің шынайы келбетін айғақтайтын тәртіп пен заңдылықтың үйлесуіне байланысты мысалдар аз айтылады, ал қазіргі заманғы қайғылы оқиға күн сайын және біздің көз алдымызда жасалып жатқан жоқ па?..

Мен 1983 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын үздік бітірдім. Болашағымды болжап, осы мамандықты меңгеруіме ықпал етіп, ақ батасын берген әкем болатын. Менің әкем, облысқа есімі танымал, жампоз журналистердің бірі еді. Ол – КСРО Журналистер одағының мүшесі, республикалық маңызы бар дербес зейнеткер, 1941 жылы 314 атқыштар дивизиясының құрамында Отан үшін от кешкен Ұлы Отан соғысының қатысушысы, от-жалыннан өткен майдангер.   Күні бүгінге дейін әкемнің аяулы есімін ел үлкендері мақтанышпен айтады. Маған да ерекше жылылықпен қарап, текті елдің қызы деумен алақанына салып, Көкшетауым еркелетіп келеді. Мұның барлығы алдымен Алланың алқауы, одан кейін әрине жақсы әкенің артында қалған абыройлы өмірінің өнегесінен болар!

Әкеміз 20 жыл бойы мемлекеттік құпияларды қорғау мәселелерін реттейтін  облыстық басқарманы басқарды. Оның адамдық парасат-пайымы, кісілігі де, кішілігі де, кәсіби беделі де өте жоғары болды. Жоғарыда атап өткенімдей, әкемнің өнегесі мен өмір жолы менің өмірімнің бағдаршамындай. Әкем  Қойшыбай Ахетұлы облыстың көптеген журналистері үшін тәлімгер болған жан, ол кісі еңбекқорлығымен, кісілік келбетімен,  көркем мінезімен, адамдарға деген жанашырлығымен жанындағы жандардың барлығына үлгі бола білген парасаты биік, білікті басшы, білімді ұйымдастырушы, қамқор жан еді.

Мен отбасындағы қыздардың кенжесімін. Бәлкім содан болар, әкем мені ерекше көретін. Ол кісінің бізге деген әкелік махаббаты жылдар өтсе де менің балаң жүрегімде мәңгі сақталатыны анық. Бүгінде әкемнің есімі мақтанышпен аталып жатса, менің мына бір жапырақ жүрегімді мақтаныш кернеп, көңілім көкке өрлей жөнеледі. «Әке, сіздің маған артқан ақадал аманатыңызға адал болдым!» деймін бүгін, шүкіршілікпен оңашада жүрегіммен сырласа отырып. Бір қызығы, бала кезімде өз басым Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсуді армандайтынмын, бірақ әкем  мұғалім мамандығы мамандықтың төресі екендігін айтып, мені 1978 жылдың жазында өзі жетелеп, сол кездегі ҚазКСР-дің астанасы Алматыға алып келді.   Әке сөзінен аттамай өскен ұрпақпыз. Шынымен де, әкемнің жөн көрсеткені абырой биігіне апарар адал жол екен!..

Бүгін мен дәл осы университетті тәмамдағанымды өзіме зор бақыт санаймын.  Иә, бізді  мемлекет қамқорлыққа бөледі, оқуға қажетті барлық жағдайды жасап бақты. Оқу оқыдық, тәлім алдық, рухани кемелдендік. Талғамы биік көрермен жиналатын театрларға бардық, қоғамдық кітапханаларда білімімізді шыңдадық. Зейінімізді ашып, зердемізге білім шуағын орнатқан, жүрегімізді жылылықпен нұрландырған, болмысы биік, танымы терең оқытушылардан  дәріс алдық.

Институтты қызыл дипломмен бітіргеннен кейін, мен туған елім Көкшетауыма оралдым. Осында бес жыл жұмыс істеп, қайтадан Алматыға оралып, ондағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасына оқуға түстім. Сол жылы мені ҚазИФК (Қазақ дене тәрбиесі институтына) оқытушы ретінде жұмысқа қабылдады. Алматыда тұрмыс құрдым, сол жерде ұлым мен қызым дүниеге келді. Бірақ, өмірде адамның жоспарлағаны емес, Алланың қалауы болатыны айқын ғой. Сол жылдары анам қайтыс болып, мен әкеме қолқабыс болайын деп үйге, туған жеріме қайтып оралдым. Елге келген соң, қол қусырып отыруды жөн көрмей, алдымен мектепте жұмыс істеуге бел будым.  Дәл осы тұста менің өмірлік ұстанымым балаларға сабақ берумен қатар, кітап жазу, жазушылық өнермен айналысу – жүрегімнің қалауы екендігін ұққан болатынмын.

Әкемнің қанымен келген сөз өнері мені жазушылыққа жетелеп, өзіне құштар етті.  Мен ешқашан мұғалім болудан бас тартқан емеспін.  Қос мамандық менің қос қанатым сияқты. 2000 жылдан бері жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді түрде өз жазбаларымды жариялап тұрамын. Газет бетінде арнайы айдар ашып, оны тұрақты жүргізіп отырдым.  Ал, 2015 жылдан бастап облыстың әлеуметтік мәселелерін республикалық «АиФ-Қазакстан» газетінде жариялай бастадым, онда мен Ақмола облысы бойынша меншікті тілші қызметінде еңбек еттім.

Байқағанымдай  менің курстастарымның көбі 90-шы жылдары мектептен кетіп, басқа мамандықты игере бастады. Ол кез шынымен де, дағдарыс жылдары еді ғой.  Осы жылдар ішінде мен көптеген кітаптар жаздым және оларды жарыққа шығардым, күні бүгін олардың әрқайсысы сұранысқа ие болғандығы менің бақытымның жанғаны деп білемін.

Бәлкім, біреуге әсірелеу сияқты көрінер, бірақ мен алдыма келген әрбір шәкіртімнің есімін жатқа білемін. Менің тәлімімді алған қарлығаш қанат балапандарым күні бүгін әлемнің түкпір-түкпірінде білім биігін бағындырып, асқақ абыройға бөленіп жүргенін көру мен үшін зор қуаныш.  Біреуі Ресейде, енді бірі Германияда, біреуі тіпті тым алыс… Бірақ, шәкірт пен ұстаз арасындағы жан сезбес бір тылсым сағыныш, аппақ тілек сол арақашықтықты білдіртпейді. Әлбетте, мұғалім алғашқы сыныбын, алғашқы оқушыларын ұмыта ала ма? Оларға деген шексіз мейірім, аналық махаббатқа пара-пар ғой.

Кез-келген оқушы бала өзінің алғашқы ұстазын  әлемдегі ең жақсы  адамға балайды. Оны жоққа кім шығара алған? Менің де дәл осындай әлемдегі ең жақсыға балайтын алғашқы ұстазым бар. Мектепте тәлім алған мұғалімдердің барлығын күні бүгінге дейін ыстық ілтипатпен еске аламын. Ұстаз үлгісі ұмытылмайды ғой. Олар менің бүгінгі болмысымды қалыптастырды, қиындыққа қарсы тұруға үйретті. Біз оқыған жетпісінші жылдар, «тоқырау» уақыты, орындалмаған үміттер уақыты еді ғой. Көкшетаудағы №1 орта мектебінде менің сүйікті орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі Раиса Трофимовна Заика бізбен бірге Гарсия Лорканың, Роберт Бернстің поэзия кештерін дайындайтын, Бабельдің «Коноармиясын» сахналатып, барынша біздің бала жүрегімізге рухани қуат сыйлауды мақсат тұтатыны күні бүгінгідей жадымда. Біз Цветаева мен Гумилевті, Ахматова мен Северянинді жатқа оқыдық. Ол – Герцен атындағы Ленинград педагогикалық институтының филология факультетінің түлегі болатын, оның әкесі атақты Николай Островскийдің өзімен хат алмасқан екен. Міне, осындай білігі де, білімі де жоғары педагогтерден тәлім алған біздің олардың үмітін ақтамауға хақымыз жоқ еді.

Қазақта «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген бір тәмсіл бар. Менің ғұмыр жолымның, еңбек өтілімнің өнегемен өрілуінің бір себебі, жақсылардан тәлім алуымда.  Кейінірек, Алматыда оқыған жылдары да, мен өз ісінің кәсіби шеберлері, ұлағатты ұстаздардан дәріс алдым.  Күні бүгінге дейін олардың есімін зор ризашылықпен, ыстық ілтипатпен еске аламын. Камарья Тұрсынова, Надежда Еремина, Валерия Генерозова, Клавдия Кочева, Аслан Жақсылықов, Халим Садықов, Сейілбек Исаевтардың есімін зор мақтанышпен айтамын. Әлі есімде Санкт-Петербург студенттері бізге жүректе мәңгі қалар бір жазба жазып қалдырған болатын. Оның мәтіні келесідей мағынада: «Мұғалім! Сіз маған адамдар арасындағы ең қиын ғылымды – адам болып қалуды үйретіңізші! Шындықты сүюге үйретіңізші! Тек адалдық пен шындықтың алдында ғибадат ету керек! Ал, өмір, тіпті өзімізді жерге бүгіп жаншыса да, рухымызды жаншымайтындай, жігерімізді жасыта алмайтын етіп тәрбиелеңізші!..

Р.S: Жеке тұлғаның қадір-қасиетін,  кісілік кемелдігін білдіретін не деген парасатты пайым десеңізші! Өз мақаласын төрелі сөзбен түйіндеген ұлағатты ұстаздың жан дүниесіне, рухани тазалығына, ұстаздық ұстанымына бас иесің!  Ұстаздық  – ұлы қызмет! Болмыс-бітімінен сабырлық пен төзімділік,  әр сөзінен  сарқылмас білім кені төгіліп тұратын Әлия Ахетова әлбетте мақтана алатын, мақтауға тұратын тұғыры биік ұлағат иесі!

Дайындаған Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар