Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы алғашқы кезекте шағын және орта бизнес саласының ілгері басуымен тікелей байланысты екені жиі айтылады. Бұл орайда, елордалық облыс мәртебесіне ие Ақмола облысында соңғы жылдардағы жағдайдың біршама тұрақталып келе жатқанын ауыз толтырып айтуға болады.
Ежелден аграрлық өңір болып қалыптасқан облыс бүгінгі күні индустриялық тұрғыдан да бұрнағы жылдарға қарағанда көшілгері жетістіктерімен алға жылжып, кейбір салаларда басқа аймақтармен салыстырғанда көшбасшылардың қатарынан көрініп келе жатқанын атап өткен жөн. Дегенмен, негізгі басымдық ауыл шаруашылығы саласы тауар өндірушілеріне тиесілі.
Бүгінде Ақмола облысында ішкі жалпы өнім көлемі 1 604,3 милииард теңгеге жетіп жығылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101,4 пайыз жоғары деңгейде болып отыр. Әсіресе, тау-кен, машина жасау, уран өндірісі, химиялық өнеркәсіп, құрылыс индустриясы мен тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының қарқынды дамуының арқасында өнеркәсіп саласының алға жылжуы байқалады. Тек жыл басынан бері ғана өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,8 триллион теңгеге жетіп жығылғаны осының айқын дәлелі.
Өнеркәсіп өндірісі бұрынғыдай тек шикізат күйінде емес, дайын өнім түрлеріне дейінгі толық циклді өңдеу кешендері де іске қосылып, өңір экономикасына сүбелі үлесін қосып отыр. Мәселен тек тау-кен өндірісінде ғана өңделген өнім көлемінен түскен табыс 225,8 миллиард теңгені құраса, жалпы өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің құны 1,4 триллион теңгеге жетіп жығылған.
Тамақ өнеркәсібі өндірісінде де өңдеу көлемі жылдан-жылға ұлғайып, өңір экономикасына қосатын үлесі артып келеді. Әсіресе, өсімдік майы, өңделген сүт және ұн өндірісінің қарқыны жақсы. Мәселен, өткен жылдармен салыстырғанда тазартылған өсімдік майы өндірісі 22,5 пайызға артса, сүт өнімінің көлемі 19,5 пайызға және ұн өндірісі 7 пайызға дейін көтерілген.
Өнеркәсіп индустриясындағы негізгі басымдыққа ие машина жасау өндірісінің көлемі де айтарлықтай өскенін атап өткен жөн. Мәселен, өңірдегі трактор өндірісі 34,2 пайызға артса, Степногорск қаласында мойынтіректер дайындау көлемі 49,7 пайызға, ал, ауыл шаруашылығы көліктеріне арналған қосалқы бөлшектерді шығару өндірісі 1,7 есеге дейін өсіп, дамудың жаңа деңгейіне шыққан.
Еліміздегі басты астықты аймақ болғандықтан, ішкі жалпы өнімдегі негізгі басымдық әрине, ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесіне тиесілі екені даусыз. Бұл орайда, өнім түрлерінің молайғандығы өткен жылдармен салыстырғанда көшілгері деңгейде. Статистикалық деректерге жүгінсек, ауыл шаруашылығы өнімдерінен түскен өнім құны 892,1 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 145,3 пайызға дейін ұлғайған. Бұл тіпті республика бойынша ең үздік көрсеткіш болып отыр.
Саладағы өсім бірінші кезекте егістік алқаптарға себілген өнім көлемінің еселеп артуы есебінен көтерілгені анық. Өйткені, биылғы жылы көктен иіп, жерден беріп, астық бітік шықты. Баданадай болып піскен алтын дән көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, барлығы 6,6 миллион тонна өнім жиналған. Гектарына орташа есеппен 14,1 центнер өнім алған аграрлық шаруашылықтар іс жүзінде 2023 жылдың көрсеткіштерінен екі есеге дейін мол өнім алғанын атап өткен жөн. Өйткені, былтырғы жылы егін орағында өнім шығымы гектарына 7,3 центнерден айналып, жалпы көлемі 3,4 миллион тонна астық жиналған еді.
Мемлекет басшысы әрбір сөзінде экономиканың негізгі драйвері шағын және орта бизнес арқылы дамуы қажеттігін алға тартады. Түрлі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен шаруасын дөңгелетіп, кәсібі оңға басқан кәсіп иелерінің арқасында бұл саланың да біртіндеп өңір экономикасындағы үлесі қомақты болып келеді. Бүгінге дейінгі іс жүзінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 59,4 мыңға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 пайызға жоғары болып отыр.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері де мемлекеттің қолдауына ие болып келеді. Осы салаға тек жыл басынан бері ғана 10,8 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде субсидиялық қаржыландыруға 9,4 миллиард теңге, несиелерді кепілдендіруге 659,3 миллион теңге және кепілді қаржыландыруға 189 миллион теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар, өндірістік инфрақұрылымдарды жасауға 526 миллион теңге бөлінгенін атап өткен жөн.
Өңірдің инвестициялық әлеуеті де жылдан-жылға артып келе жатыр. Үстіміздегі жылдың 11 айында өңір экономикасының түрлі салаларына жалпы көлемі 458,9 миллиард теңге инвестиция салынған. Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы шеңберінде 634,6 миллиард теңгенің 46 жобасы жүзеге асырылып, 3,7 мың жаңа жұмыс орындарының құрылғаны осының айқын дәлелі. Бүгінде аталған жобалардың ішінде 14 миллиард теңгенің алты жобасы пайдалануға беріліп, 93 жаңа жұмыс орны құрылған.
Атап айтқанда, Көкшетау қаласында «Garanti Export» ЖШС-нің бұршақ дақылдарын қайта өңдеу бойынша құрылыс кешені, Бурабай ауданында «Тары Бурабай» ЖШС-нің мейрамханасы, тағы да Көкшетау қаласында «Hyundai Kokshetau» ЖШС-нің автокөліктер сататын дилерлік орталығы, Аршалы ауданында «Jasyl Jel Energy» компаниясының жел электр стансасы, Көкшетау қаласында «Kazrost Engineering Ltd» жеке компаниясының дилерлік орталығы мен Степногорск қаласында «Целингормаш» ЖШС-нің металл бұйымдар өндірісін жаңғырту жобалары іске қосылды.
Экономиканың әлеуетін басым түрде көтеріп отырған аса үлкен саланың бірі – құрылыс қарқыны да өңірде аса жоғары деңгейге жеткен. Пайдалануға берілген ғимараттар мен тұрғын үйлердің арқасында қазіргі күні құрылыс ауқымы 261 миллиард теңгеге жетіп былтырғы жылғы деңгеймен салыстырғанда 113,8 пайызға артқаны байқалады. Жалпы көлемі 561 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Аймақта екі қолға бір күрек таппаған жұмыссыздық көлемі де жыл санап азайып келеді. Жастар арасындағы жұмыссыздар саны 3,2 пайыз болып, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар 105 мың адамға жеткен. Бұл экономикалық белсенді халықтың 24,8 пайызын құрап отыр. Аймақтағы орташа номиналды жалақы көлемі қаңтар-қыркүйек айында 323,4 мың теңгені құраған. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 12,8 пайызға жоғары.
Жалпы, түрлі кәсіптердің динамикалық өркендеуіне жол ашатын жобалардың жүзеге асырылуы өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына елеулі ықпалын тигізетіні сөзсіз. Бұл орайда жоғарыдағы жобалардың, әсіресе, өңдеу өнеркәсіптері мен шағын және орта бизнес саласының алға жылжуы аймақ тіршілігінің жақсаруына мол септігін тигізбек. Облыс бойынша осы қарқын жаңа 2025 жылы да жалғасып, елдің әл-ауқатын, аймақ экономикасын арттырып, жақсартудың жаңа жетістіктеріне куә боламыз деген сенім бар.
Алмагүл ШҮГІРМАҚОВА,
Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.