Ақмола облысында балаларды қысқы спорт түрлерімен айналысу үшін шаңғы жабдықтарымен қамтамасыз етуге бағытталған «Ауылға шаңғы жолы» ауқымды қайырымдылық жобасының екінші кезеңі басталды. Жоба өңірдің 2 қаласы мен 10 ауданында 801 баланы, оның ішінде 12 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін қамтиды. Қайырымдылық жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру бағытында қолға алынған, онда бұқаралық спорт пен балалардың дене тәрбиесінің басымдығы атап көрсетілген.
Жобаны іске асыру балаларды шаңғы жарыстарымен қамтуды кеңейтіп қана қоймай, балалар мен жасөспірімдер арасында шаңғы спортын танымал етудегі, олардың денсаулығын нығайтудағы және дене белсенділігіне тартудағы маңызды қадам болады.
Жаңа жыл қарсаңында Көкшетау қаласындағы «Болашақ» сарайында «Ақмола облысының спорт тарландары» атты облыстық спорт форумы аясында шаңғы жабдықтары мен тау шаңғысы жабдықтарын беруге арналған сертификаттарды табыстаудың салтанатты рәсімі өтті.
Іс-шарада Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева құттықтау сөз сөйледі. Іс-шараға спорт мектептерінің оқушылары, сондай-ақ олардың ата-аналары мен облыстың спорт жұртшылығы қатысты.
– Бұқаралық спортты дамыту және дене шынықтырумен айналысу үшін жағдай жасау – біздің жұмысымыздың маңызды бағыты. Әсіресе, «Қазақстан халқына» қорының қолдауының арқасында шалғай ауылдарда тұратын балалардың шаңғы спортын үйренуге мүмкіндігі бар екені ерекше құнды. Бұл олардың дене бітімін жетілдіруге ғана емес, сондай-ақ, тәртіпті, мақсаткерлікті қалыптастыруға және жетістікке жетуге деген ұмтылысын арттыруға ықпал етеді. Қысқы спорт түрлеріне қолайлы жағдайлары бар өңір ретінде Ақмола облысы спорттық инфрақұрылымды дамытуды жалғастырады, осылайша балаларымыз өз әлеуетін жүзеге асыра алады, – деді М.Ахметжанов бұл ретте.
Өз сөзінде «Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасының орынбасары Лаззат Шыңғысбаева қор тарапынан әлеуметтік саланы қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
–Біз шаңғы тебу балалардың денсаулығын нығайтып, дене шынықтырумен айналысып қана қоймай, олардың спорттық өзін-өзі тануына және болашақ спорт резервін дайындауға жағдай жасайтынына сенімдіміз. Біздің қор спортты дамытуға өз үлесін қосуда, әсіресе, Ақмола облысында спорттық инфрақұрылымы жоқ ауылдарда 5 балалар спорт залы жабдықталған, аталған залдарда балалар спортпен тегін айналысады. Сапалы спорт жабдықтарымен жарақтандыруға 43,8 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, Степногорск қаласында ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоса алғанда, жасына қарамастан, барлық тұрғындар үшін ангар үлгісіндегі спорт кешенін салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобаның бюджеті 173,3 миллион теңгені құрайды. Біздің үлесіміз балаларды спортпен шұғылдануға құлшындырады және облыста бұқаралық спорттың дамуына елеулі үлес қосады деп үміттенеміз, – деді ол.
Ақмола облысы қыстың ұзақтығына орай, шаңғы жарысын дамытуға қолайлы өңір болып табылады. Бұл спорт түрі Қазақстан құрамасының спорттық резервін дайындауда шешуші рөл атқарады.
Облыс аудандарына шаңғы спортын дамыту бойынша «Ауылға шаңғы жолы» қайырымдылық жобасының бірінші кезеңі аясында «Қазақстан халқына» қоры 721 шаңғы мен оның құрал-жабдықтарын сатып алды.
Жобаның екінші кезеңін іске асыруға бастапқы дайындық топтары үшін шаңғы жабдықтарын, сондай-ақ, шаңғы роликтері мен шаңғы таяқшалары үшін ұштарын сатып алуға 84,2 миллион теңге бөлінді. Бұл құрал-жабдықтар аймақтың 12 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасында таратылатын болады. Оның ішінде Көкшетау қаласындағы №2 олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне ерекше назар аударылды, онда ұзындығы 3,5 шақырым шаңғы-ролл трассасы бар.
Бұл күндері облысымызда жаңа жабдықтардың келуімен белсенді түрде жаппай шаңғы жарыстары өтіп жатыр. 2025 жылдың алғашқы күндерінде осы спорттық шараларға 1500-ден астам адам қатысты. Жарыстар облыстың әр ауданы мен қаласында өткізілуде. Қазіргі уақытта осындай 12 спорттық шара өтті.
Бұл шаңғы жарыстарының ең жас қатысушысы Бұланды ауданының 5 жасар тұрғыны Полина Прилепенко, ал, ең қарт қатысушысы Сандықтаудың 1947 жылы туған 78 жастағы тұрғыны Юрий Хлебников болды. Жастан кәріге дейін шаңғыға тұрған мұндай қатысушылардың қатары әрине қуантады.
Енді бұл жарыстар Көкшетау шаңғы базасында 5-8 қаңтар аралығында өткелі отырған шаңғы жарысынан Ақмола облысының біріншілігіне ұласпақшы. Оған облысымыздың 9 ауданы мен Көкшетау қаласынан 239 спортшы қатысуда.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен №2 олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі ұйымдастырып отырған осы біріншіліктің қорытындысы бойынша республикалық жарыстарға қатысатын облыстық құрама команда жасақталғалы отыр.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.