Целиноград ауданы прокуратурасы аудандық мансап орталығының қызметіне тексеріс жүргізді.
Оның барысында азаматтардың ерікті қоныс аударуын ұйымдастыру заңнамасы талаптарының бұзылғандығы анықталды.
Атап айтқанда, қандастардың өздері тұрақты тұратын елді мекенде тұрғын үй сатып алуға арналған материалдық көмекті заң бұзушылықтармен алғаны, сондай-ақ, оны жымқыру фактілерінің орын алғаны мәлім болды. Залалдың жалпы сомасы 20 миллион теңгені құрайды.
Аталған заң бұзушылықтар негізінде аудан прокуратурасы ірі мөлшерде алаяқтық жасау деректері бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағына орай, сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізді. Іс материалдары одан әрі талқылау үшін Ақмола облысының экономикалық тергеу органдарына жолданды.
Одан бөлек прокуратура енгізген қадағалау актісі негізінде Еңбек мобильдік орталығы мемлекеттен заңсыз алынған қаражатты қайтару туралы сотқа талап арыз берді.
Аталған заң бұзушылықтарға жол берген жауапты тұлғалар да тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ақмола облысының прокуратурасы.