Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов көрікті Бурабай өңіріне жұмыс сапары кезінде аудан орталығы Щучинск қаласында жаңадан салынып жатқан аудандық мәдениет үйінің құрылысымен танысып, бірқатар коммуналдық-шаруашылық мекемелеріне жаңа техниканың кілттерін табыс етті. Щучинск қаласында бой көтерген жаңа аудандық мәдениет үйі шығармашылық тұлғалардың негізгі орталық алаңына айналмақ. Қазірдің өзінде мұнда отыздан астам үйірме жұмыс істейді. Аудан өнерпаздары хор, хореграфия, балет, сурет сияқты үйірмелерге қатысып, қарым-қабілетін шыңдап, табиғи дарынын дамытуда.
Құрылысы жанданып, әне-міне салтанатты ашылуға дайын тұрған мәдениет ошағында келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Қос қабатты нысанның көрермен залы 400 орынға лайықталған. Репетиция залы мен әр түрлі үйірмелерге, дыбыс жазуға арналған студияларда енді өнерпаздар өзін жайлы әрі алаңсыз сезінетін болады. Мұны біз де сапар кезінде өз көзімізбен көріп қайттық.
Мәдениет ошағының құрылысымен «Азат Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып жатыр. Серіктестік өкілі Марат Сүлейменовтің айтуынша, ашық тендер жарияланған тұста қатысқан он шақты компания ішінен осы серіктестік үздіктер қатарынан көрініп, мәдениет үйінің құрылыс жұмысын жүргізуді жеңіп алған. Бүгінде нысан құрылысы аяқталуға жақын тұр. Айналасы абаттандырылған соң, автотұрақ та өз жұмысын бастамақ.
Көрікті Бурабай өңірі аймағымызда тарихи-мәдени әрі туристік маңызымен ерекшеленеді. Сол үшін де мұнда мәдениет ошағының жұмысы, ондағы шығармашылық қауымдастықтардың белсенділігі ауданның мәдени әлеуетін дамытуға барынша ықпал етеді. Бұл келген туристердің де назарын аударуға таптырмас мүмкіндік, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ, жаңа ғимаратта аудан әкімі Арай Сыдықов ауданның даму жоспарларын таныстырды. Жедел жиынға облыс әкімі және баспасөз өкілдерімен қатар, ауданның бетке ұстар азаматтары, мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйымдардың белсенділері қатысты.
Бүгінде аудан мен қалада инженерлік желілерді, жол инфрақұрылымын, туризмді және тұрғын үй құрылыстарын жақсарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, қазіргі уақытта 2018 жылдан бастау алған Наурызбай батыр, Кенесары, Баянбай, Николаевка ауылдарына су желілерін жаңғыртудың 2024-2025 жылдық жоспарлары орындалу үстінде. Өткен жылы аймақта бірқатар білім ошақтары күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылына есігін айқара ашқан. Атамекен ауылындағы жалпы білім беретін мектеп те осы игі жобалардың арқасында қайта жөндеуден өтіп, білім сапасын жақсарту жолына бағыт алған. Алдағы уақытта Щучинск қаласындағы №4 мектеп те заманға сай жаңғыртылып, енді талай жылдан бері тозып тұрған «Арман» балалар орталығына назар аударылмақшы. Аудан әкімінің сөзінше, ағымдағы жылы республикалық бюджет есебінен Қатаркөл ауылында 200 орындық және Кенесары ауылында 120 орындық ауыл клубтарын жаңғырту жұмыстары қолға алынатын көрінеді.
Жиын соңында облыс әкімі Марат Ахметжанов аудан басшылығына ағымдағы жобаларды сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды. Сонымен қатар, өңір басшысы тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыра отырып, Бурабайға туристер мен инвесторларды тартудың маңыздылығын атап өтті.
Содан соң облыс әкімі бірқатар коммуналдық мекемелерге салтанатты түрде шаруашылық техникаларының кілттерін табыс етті. Көп функционалды үш бірдей КамАЗ көлігін «Бурабай су арнасы» мен Щучинск қаласының «Қалалық шаруашылық бөлімі» мекемелерінің және «Жаңа тұрмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүргізушілері қабылдап алды. Сонымен қатар, аталған шаруашылық мекемелеріне су жаңа Газель және Пикап хавал автокөліктерінің кілті тапсырылды.
Біз жоғарыда көрікті Бурабай аймағының инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстардың қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өттік. Соның нәтижесіне тағы бір назар аударсақ, биылғы жылғы қысқы жылыту маусымында 500-ге жуық абонент орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылыпты. Пәтерлерін 1995 жылдан бері пешпен жылытқан тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Облыс әкімі осындай жылу жүйесіне қосылған Щучинск қаласының Горный көшесінде Бекмағанбетовтердің пәтеріне барып, жылудың қалыпты деңгейіне назар аударды. Пеш жағудан құтылып, жып-жылы пәтерге қол жеткізген олар облыс әкіміне өз ризашылықтарын жеткізді.
– Желілерді тарту жұмыстары басталғанда, біз онша сенген жоқпыз. Міне, көп жылдан кейін үйіміз орталық жылуға қосылып, мәре-сәре болып жатырмыз. Мемлекет басшысына, облыс, аудан әкімдіктеріне осындай маңызды бастамаларды жүзеге асырғаны үшін алғысымызды білдіреміз, – деді бұл ретте, үй и есі Досым Бекмағамбетов.
Алдағы уақытта аймақта бұдан өзге тағы да ұзындығы үш шақырымға жуық жылу желісін орталық магистральға қосу жоспарланған. Осылайша, жуық арада қосымша 180 абонент жылумен қамтамасыз етілмек. Сол арада аудан әкімі Арай Сыдықов бүгінде бұл шаруаның негізгі құрылыс жұмыстары аяқталғанын, жылу трассасының іске қосылғанын айтты. Жобаны «Алматыинжстрой» акционерлік қоғамы жүзеге асырып жатыр.
Салыстырып қарастырсақ, 2024 жылы Щучинск қаласында 8,5 шақырымға жуық жылу желісі салынған болатын. Желі қайта жөндеуден өтіп, соның нәтижесінде 446 отбасы орталықтандырылған жылуға қол жеткізсе, биыл да бұл жұмыс жалғасатын болады.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.