Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 99 баптан тұрады. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші Конституциясы. Алдыңғы Конституция 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған болатын.
Бұл Ата Заңымыз мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттік тетік, қоғамдық-саяси институт ретінде ел қызметінің негізгі принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. 2022 жылғы маусым айында өткен республикалық референдумның нәтижесінде қазіргі қолданыстағы Конституция баптарының үштен бірі жаңарды.