Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Мұхамедин халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмек туралы әңгімелеп берді.
Еліміздің мемлекеттік саясатының басты мақсаттарының бірі – кедейлік шегіне жеткен азаматтарға қолдау көрсету. Ол өз кезегінде қаржылық жағынан жәрдем ғана емес, сонымен бірге, жұмысқа орналастыру, оқыту, қайта даярлау бағдарламарын қамтиды. Бұл шаралар елімізде өмір сүру сапасын жақсартуға және отбасының тұрақты дамуына оң септігін тигізері сөзсіз.
Былтыр облыста 1762 отбасы, яғни, 8,1 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алды. Бұл әлеуметтік қолдауға бюджеттен 935 миллион теңге жұмсалды. Аталмыш көмек түрі кезінде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қалыпты тіршілікке бейімдеуге кешенді қолдау көрсету бағытында қолға алынған болатын. Осы әлеуметтік көмекті алушылардың 60 пайыздан астамы қала, қалғаны ауыл тұрғындары.
Атаулы әлеуметтік көмек еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысқа орналастыру арқылы кедейлік шегінен шығару үшін көрсетілуде. Аталған көмекті тағайындаудың барлық кезеңінде отбасымен әлеуметтік келісім-шарт жасалады. Осындай қолдаудың арқасында еңбекке қабілетті 255 адам жұмыспен қамтылған.
– Соның ішінде 189 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Атаулы әлеуметтік көмек алатын 44 адам уақытша жұмысқа орналастырылды. Оның 36-сы қоғамдық жұмысқа, 3-еуі әлеуметтік жұмысқа, 5-еуі жастар тәжірибесінен өтуге жіберілді. 8 адамның кәсіпкерлік бастамасына жәрдем көрсетілді. 14 адам біліктілігін арттыруға, яғни, қайта даярлау және қайта оқыту курстарына жіберілді, –деді басқарма басшысының орынбасары.
2019 жылы атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген отбасылар саны 10 мыңға жуық болған. Арадағы алты жыл ішінде бұл көрсеткіш біршама азайып, қазір олардың саны 2 мыңға жуықтаған. Бұл адамдарға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Кейбіріне өз ісін ашуға көмек көрсетілсе, енді бірі тұрақты жұмысқа орналастырылды. Мысалы, Степняк қаласының атаулы әлеуметтік көмек алатын бір тұрғыны толық емес отбасына жатады. Кәмелетке жасы толмаған баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған жас ана өмірлік қиын жағдайға тап болып, Біржан сал ауданындағы мансап орталығына көмекке жүгінген.
– Ол отбасының барлық мәселесін қарастыра келе, біз өмірлік қиын жағдайдан шығарудың жоспарын әзірледік. Баланы балабақшаға психологиялық тұрғыдан дайындауға көмек көрсетілді. Жас анаға түрлі жұмыстар ұсынылды. Оқу орнын бітіргеннен кейін еш жерде жұмыс істемегендіктен, оған «Жастар практикасы» арқылы еңбек етуге кеңес берілді. Сөйтіп, өткен жылдың 18 қазанынан бастап байланыс технигі мамандығы бойынша Біржан сал ауданындағы «Қазақтелеком» филиалында жастар тәжірибесіне жіберілді. Нәтижесінде бұл отбасы өмірлік қиын жағдайдан шығуға көмек алды, – дей келе, басқарма басшысының орынбасары тағы бірнеше мысалды тілге тиек етті.
Жалпы, атаулы әлеуметтік көмек отбасының кірісіне байланысты тоқсан сайын тағайындалатын жәрдемақы. Бұл мемлекеттік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспайтын отбасыларға төленеді. Нақтылай түссек, 2024 жылғы төртінші тоқсанда бір отбасына төленген әлеуметтік көмек көлемі 37330 теңге болса, бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің (53 328 теңге) 70 пайызын құрайды. сонда атаулы әлеуметтік көмектің орташа сомасы бір адамға 9647 теңгеден шыққан. Сондай-ақ, аталмыш көмекті алатын отбасыларда 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалары болса, оларға ай сайын 1,5 айлық есептік көрсеткіш немесе бір балаға 5538 теңге көлемінде қосымша төлем қарастырылған. Биыл облыста атаулы әлеуметтік көмек сомасы өзгеруі мүмкін.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.