Менің қолыма, жаңа жыл алдында Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті музыка зерттеушісі, дарынды композитор, талантты жазушы Илья Жақановтың «Фолиант» баспасынан жарық көрген «ЕДІЛ — ЖАЙЫҚ» атты жинағы тиді. Біржан сал – қазақ халқының классикаліқ ән мектебін қалыптастырған ұлы ұстаз.
Оның әндері тек өз басының ғана хал-күйі емес, халықтың мұң-мүддесі, арман-тілегі, махаббаты, көкейтесті ойынан туындады.
Кітапқа танымал музыка зертеушісі Ілекеңнің, Біржан салдың өнегелі өмірі мен халықтың байтақ мұрасындағы інжу-маржан саналатын шығармаларын жан-жақты зерттеп, зерделеп, олардың шығу хикаясын, тарихын, шынайы ақиқатын нәтижелі ізденістермен дәлелдеп жазған еңбектері енгізіліп отыр.
«Әлемдік музыка тарихында: «Зальцбургтей сұлу жерде өнердің бір кереметі тууға тиіс еді, ол туды да! Ол – Амадей Моцарт!» – деген сөз бар, – деп жазады Илья Жақанов кітаптағы «Біржан сал» атты тарауда.
Қазақтың бір жәннат өлкесі Көкшетау болса, топырағынан ән гүлдеген осы қасиетті жерде де өнердің бір асылы тууы керек еді, ол Біржан сал боп туды да.
Иә, Тәңірдің сыйы осылай болды, кәрі тарих ұзақ толғатып, Көкшетау дуаны Ақсары болысының жер шоқтығы дерлік Бурабай төңірегіне іргелес жатқан Жөкей көлінің жағасында 1831 жылы Біржан сал дүниеге келді…
Біржанның арғы атасы – Бертіс Көкшетауға Қызылжар жағынан қоныс аударған. Бұлар – Ашамайлы Керей ішінде Ақсары. Ақсарыдан – Нұралы, Нұралыдан – Батыр, Батырдан – Кенже, Кенжеден Бертіс туады. Осылардың ішінде Қожағұлдан – Тұрлыбай, одан – Нұржан, Ержан, Біржан…
Жаратылыс Біржан салды қай жағынан алып қарасаң да келісті ғып жаратты. Оның жаны да, тәні де сұлу болды. Оған өрелі ой, терең сана, мәрт мінез берді. Дүниеге ашық көзбен қарап, айтар ойын, сөйлер сөзін, көкейкесті дітін әнмен жеткізді. Сол құдіретті үні қазақтың ұлан-ғайыр даласына саңқылдаған сұңқар үніндей емін-еркін жетіп жатты.
Ол өзі өмір сүрген қоғамға, өз ортасына сын көзімен қарады. Сол үшін тебіренді, көкейіндегі ойы ән боп шығып, оған өзімен бірге ел толғанды. Өршіл үніне ақау түсірмеді. Бір атаның ғана емес, бір халықтың ұлымын деп, осы ойынан жаза басып, жаңылып көрген жоқ. Өзінен ірілерге асқақ кеудесін бастырмай:
Атадан Біржан сал боп тудым артық,
Ұраным – Ер Қарқабат, Алтай – Қарпық.
Аққумен аспандағы ән қосамын,Қозғасам ащы күйді түптен тартып.
Көкшетау дуанына даңқым барған,
Мен, Біржан, алтын тудай айқындалған, – деуі тектіліктің, асқақ сезім иесі екенінің белгісі… («Біржан сал», 5-6 бет)
Кітапта Біржан сал әндері «Көкек», «Жоныпалды», «Қозыкөш («Бір ғана», «Бір бала»), «Бірлән», «Ләйлім», «Ахау, әриайдай», «Он саусақ», «Теміртас», «Телқоңыр», «Айбозым» әндерінің туу хикаясының тарихы және Біржан сал әндерінің ноталары берілген.
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ,
жазушы.
Астана қаласы.