Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен Қоянды ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 2000 орындық жаңа мектеп ашылды.
Жаңа білім беру мекемесінің жұмысымен танысқан өңір басшысы оның инфрақұрылымы мен жабдықталуын жоғары бағалады.
Қазіргі заманғы төрт қабатты ғимаратта 96 оқу кабинеті бар, олар интерактивті тақталармен, мультимедиялық құралдармен және жаратылыстану ғылымдарына арналған зертханалармен жабдықталған. Мектепте төрт спорт залы, акт залы, асхана және оқу залы бар кітапхана қарастырылған. Әр блокта оқушылардың жас ерекшеліктеріне бейімделген коворкинг аймақтары, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы орта жасалған.
Мектеп аумағында спорт алаңдары, жүгіру жолақтары, футбол алаңы және бастауыш сынып оқушыларына арналған ойын алаңы салынған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары мен қолжетімділікті бақылау жүйесі орнатылған.
Өңір басшысы мұндай білім беру нысандарының құрылысы балалардың білім сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
– Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығын азайтуға және балалардың білім алуына тең жағдай жасауға бағытталған. Елорданың маңында орналасқан елді мекендерде осындай нысандардың салынуы астанадағы білім беру мекемелерінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік берді. Білім беру инфрақұрылымын жақсарту адами капиталды және ел болашағын дамыту жолындағы маңызды қадам, – деп атап өтті М.Ахметжанов.
– Ауылымызда жаңа мектеп ашылғанына өте қуаныштымын. Ұлым Райанды осында еш күмәнсіз ауыстырдым. Бұған дейін ол Астанада туыстарымыздың үйінде тұрып оқуға мәжбүр еді. Енді отбасымыздың барлық мүшелері бірге тұрып жатырмыз, ал, ұлым жақсы жағдайларда сапалы білім алуда, – деді Қоянды ауылының тұрғыны Ұлболсын Ибрагимова.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Целиноград ауданы.