Notice: Function register_uninstall_hook was called incorrectly. Only a static class method or function can be used in an uninstall hook. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 3.1.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дәстүрімізге «дәстүр» жамап...  - АРҚА АЖАРЫ

Дәстүрімізге «дәстүр» жамап… 

Айтайын дегенім…

Мен көтеріп отырған мәселелер айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ, орындалуы өте нашар, кейбір бағыттарда керісінше өршіп бара жатқан сияқты. Мысалы, үйлену тойын алайықшы. Екі жақтың атаанасы балаларының жақсы отбасы болғанын қалайды. Ал, іс жүзіне келгенде кейбір істері жаңа кұрылған шаңырақтың күйреуіне әкеліп соғады. Оған әртүрлі себептер бар. Ата-аналардың бір-біріне қоятын талаптары бір жағына жағдайсыз келеді.

Бірақ, баласы үшін сол ұсыныстарын амалсыздан орындауға тырысады. Соның бірі – қалың мал. Негізгі екі жақтың құдаларының түпкі мақсаты жас шаңырақтың іргетасын дұрыс қалау. Жас отбасын шама-шарқынша тойлау, тұратын үйлерінің мәселесін шешуге көмектесу. Қызымды бердім екен деп пайда табу емес. Осы мәселеге келгенде олар «біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр»  деп шыға келеді. Не үшін айтып жүрміз, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деп. Сол тозығынан бірте-бірте арылуымыз керек қой. Екі жақ та жағдайларымен санасқандары дұрыс болар еді. Кит кигізу дәстүрі бар, шамалары келгенше әр құдаға дұрыс зат әперуге тырысады. Көбіне алған адам оны кимейді, өйткені, бірдеңесі ұнамайды, не мөлшері келмейді.

Мысалы, менің үйімде үш тон жатыр, себебі, қазір ол модадан шықты, қазір жеңіл жылы сырт киімдер киеміз. Оны мен не істеймін, не солай жатып тозады немесе келесі бір шараға пайдаланамын. Солай айналып жүре береді. Естеріңізде болса, ертеректе «Тамаша» ойын-сауық театрында осындай бір эпизод көрсетілген: өздері берген костюм айналып, қайтадан өздеріне келгені туралы. Той өткізу туралы құрылған жеке меншік ұйымдар өткізілетін шараларды бірте-бірте күрделендіріп, бағасын көтеріп, байқаусыз тапсырма бергеннің қалтасын қағады.

Бір сырға салу дәстүріне қатыстым. Негізі сырға салу деген сөзге өз басым қарсымын. Бала кезімізде бір туыстың үйіне барғанда бір құлынды атап, ен салатын. Маған сырға салу да соған ұқсайтын сияқты. Содан әр бір қатысушының алдына бір әшекейлеген шоколад қойды, содан той бастарда да осыған ұқсас тәтті қояды. Олар әкеп қойылады да, жаңағы әшекейден ешқандай із қалмайды. Ұсақ болса да, ол да қаржы. Асаба, эстрада әншілері мен бишілері, тағы басқалары шақырылып, долларлап ақы төленеді. Әсіресе, әншілер дайындықсыз дайын әнін айта салғанға көп ақы сұрайды, кейбіреулері содан байып, шетелден ғимараттар сатып алып жатыр.

Біздің жас кезімізде ешқандай белгілі әншілерсіз тойларымыз қызықты өтетін. Тойға шақырылғандардың ішінен әншілер де, бишілер де шығатын. Оның үстіне тойда көптен көрмеген жерлесіңді немесе жақсы танысыңды кездестіріп, сөйлесейін десең, сөйлесе алмайсың. Асабалар музыканы сондай қатты қояды. Қазір осындай шараларға қатысушылар тойдан дем алып қайтпаймыз, шаршап қайтамыз дейді. Ол дұрыс, соны басымыздан кешіп жүрміз. Асаба ақша тауып қайтады, біз шаршап қайтамыз. Сондай қаржы жұмсап өткізілген тойлардың біразының шапағаты болмай, жастар ажырасып жатады. Қазіргі статистика бойынша әрбір үшінші жас шаңырақ айырылысып жатыр. Бір мысал, өткен ғасырдың ортасында Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жиырма студент бір топта болдық. Сол кезеңде отбасын құрдық. Сол достарымның біреуі ғана екінші рет үйленді, қалғандары бірінші зайыбымен  өмірлерінің соңына дейін тату-тәтті өмір сүріп, балалы-шағалы, немере-шөберелі болып, ұрпақ өрбітті. Студенттік достарымның бәрі бақилық болды, жатқан жерлері жайлы болып, арты қайырлы болсын демекпін. Осылай болуының негізгі себебі, меніңше, ұлттық тәрбиенің әлсіремей тұрған кезі. Қазір әлеуметтік салаға мол қаржы бөлініп, халықтың тұрмысы жақсарып келеді, ал, ұлттық тәрбие жоқтың қасы. Ертедегі қызды айттырудың да жақсы жақтары бар. Бірін-бірі танитындар өзара құда болып жатады. Қандай тамаша! Әрине, мұнда да өз кемшіліктері болған. Жастармен жұмыс істеуде идеологиямыздың түп қазығы ұлттық тәрбие болуы керек деп ойлаймын.

Екінші мәселе, адамды соңғы сапарға шығарып салу. Қазіргі жағдайда қайғы жамылып отырған үйді тонау бұл. Қонақасы берудің өзі үйде емес, мейрамханаларда көпшіліктің қатысуымен өтеді. Мен өзім діндар емеспін, атеист те емеспін. Діннің ғылымға негізделген жерін толық қолдаймын. Альберт Энштейннің мынадай сөзі бар: «дін ғылымсыз соқыр, ғылым дінсіз ақсақ» деген. Менің естуімше, кешкі ас (қонақасы) мәйітті күзетіп отырғандарға берілген,  ертеректе біздің ата-бабаларымыз киіз немесе жер үйде тұрған, онда неше түрлі жәндіктер жүріп, мәйітті шұқылауы мүмкін. Алыстан келген туыстардың өзі сол үйде біраз отырып, басқа туыстарының немесе таныстарының үйіне барып қонатын. Имамдардың айтуынша, қабіршілердің, молдалардың ақылары беріледі. Ол қанша шығын. Негізі адамды соңғы сапарға сол елдің халқы барлық ауырлықты көтеріп, өздері шығарып салғандары дұрыс деп ойлаймын. Өмір бар жерде, өлім бар. Көршіміз өзбек ағайындарда өлік шыққан үйден үш күнге дейін түтін шықпауы керек. Бізде де ертеде осыған ұқсас болды. Бата жасау да көмектің бір түрі, бірақ, одан жиналған қаржы  жұмсалған қаржыдан әлде қайда аз. Асын мейрамханада беру, жылқы сою, орамал тарату, пакеттерге бір заттар салып беру, бейсенбі шайы, қырқы, жылы, басын бекіту, тағы басқасы көп қаржы талап етеді. Осындай соңғы сапарға кеткен адамға, қалған туыстарына пайдасы жоқ дәстүрлерден бірте-бірте арылғанымыз жөн. Мешіт тәрбие орталығы болса, оған қатысқандар, молдалар сонан алған білімдерін халыққа таратып, іс жүзіне асырса, ұтарымыз көп болар еді. Жұма намазында уағыздар айтылады, сол айтылғандардың халыққа пайдасы тиетіндей болса, дұрыс болар еді.

Мен көтеріп отырған екі мәселе де өзекті деп есептеймін. Халық айтып жатқанды тыңдамаса, еліміздің заң органдары, бас муфти, тағы басқа қоғамдық ұйымдар бірігіп, тіпті, заң ретінде қабылдауға болатын қатаң шаралар қолдану қажет шығар деп ойлаймын. Оңтүстіктегі көршілеріміз осы сияқты келеңсіздерге тиісті шаралар қолданып жатыр ғой. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр деп халықты өз дегеніне қоя беруге болмайды.

                                               Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
қарт зейнеткер.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар