Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Аян Зейнуллин жұмыс сапарымен Ақмола өңірінде болып, сайлаушылармен кездесті. Халық қалаулысы көтерілген түйткілді мәселелерді тыңдап, әр жағдай заң шеңберінде шешімін табатындығына сендірді.
Аян Талғатұлы облысқа жұмыс сапарын Урюпинка ауылында салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пунктінің қазіргі жай-күйін барып көруден бастады. Ондағы денсаулық сақтау мекемесінің мамандарымен кездесіп, туындап жатқан мәселелерді тыңдап білді. ФАП құрылысының аяқталуы кестеден қалып қойған екен, себебі, республикалық бюджеттен қаржы кеш аударылған. Ал, қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаздар әлден сатып алынған.
– Бұрынғы жоба бойынша ФАП-та медициналық көлікті қоятын гараж болған. Қазіргі жаңа жобада гараж қарастырылмаған. ФАП іске қосылғанда екі дәрігер, үш медбике жұмыс істейді. Оларға жедел жәрдем көлігін орналастыратын орын қажет болады, – деді ФАП қызметкерлері. Халық қалаулысы бұл орайда, мәселені назарға алып, алдағы уақытта шешіп беруге уәде берді.
Депутат бұдан әрі «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды. Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарайтын аталған ұйым 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталықта психоневрологиялық ауруларға шалдыққан 18 жастан асқан адамдар тұрады. Мекеме заңды түрде Астана қаласының Сарыарқа ауданы Бейбітшілік көшесінің бойында деп тіркеліпті, іс жүзінде елордадан 135 шақырым жерде Ақкөл ауданында орналасқан. Орталықтың барлық қызметкерлері Ақкөл ауданының тұрғындары екен. Кездесу барысында олар еңбекақыларының үстінен төленетін үстемеақы мөлшерінің аздығын алға тартып, шешіп беруді сұрады.
Мән-жайды толықтыра түссек, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 139-бабының 9-тармағына сәйкес азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандарға, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша бюджет қаражаты есебiнен қызметтiң осы түрлерiмен қалалық жағдайда айналысатын азаматтық қызметшiлердiң айлық ақыларымен және мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемiнде 25 пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар мен тарифтiк мөлшерлемелер белгiленедi. Заңның осы нормаларына сәйкес орталық жұмыскерлері ауылдық жерлерде жұмыс істегені үшін лауазымдық жалақысының үстінен кемінде 25 пайыз қосымша үстемеақы алуға құқылы. Қазіргі уақытта Астана қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде әкімшілік персоналдың кейбір санаттарына жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы санаттар бойынша лауазымдық жалақының үстінен 15 пайыз мөлшерінде ғана үстемеақы белгіленген. Алайда, бұл жәрдемақыларға қарамастан, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы шамалы өсіп, жұмысшылардың кейбір санаттарының арасында наразылық туғызуда. Сондай-ақ, білім беру саласы қызметкерлерінің орташа жалақысымен салыстырғанда орталықтың дене шынықтыру мұғалімінің жалақысы өте төмен екен. Осыған байланысты ынталандыру үстемеақыларын лауазымдық жалақыдан 15 пайыздан 40 пайызға арттыруды сұрады. Бұл мәселе шешілсе, кадрлық ауыс-түйіс азаятындығын алға тартты қызметкерлер. Бұл ретте, халық қалаулысы аталған мәселені алдағы уақытта Мәжіліс деңгейінде қарастыратындықтарын жеткізді.
Көкшетау қаласына жұмыс сапары кезінде Аян Зейнуллин облыс әкімі Марат Ахметжановпен кездесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы жайында әңгімелессе, Ақмола облысы бойынша экология департаментінің қызметкерлері оған мекеменің өз ғимаратының болмауы мәселесін шешіп беруге өз ықпалын тигізуді сұрады. Ал, «Болашақ» сарайында оған ғылыми зертханалардағы құралдарды пайдаланудың жайы айтылып, ауыл шаруашылығы басқармасымен және осы сала ұйымдарымен бірлесіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасауға мүмкіндік алу жағын қарастырып беру өтініші айтылды.
Сонымен бірге, халық қалаулысы «Бірлік» Ақмола облысының мүгедектер одағы заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдерімен кездесті. Олар мүгедектермен жұмыс істеу бойынша бірқатар өзекті мәселелерді алға тартты. Соның ішінде мүгедек балалармен жұмыс істейтін спорт жаттықтырушыларының да еңбекақысының төмендігіне баса назар аударылып, ол алдағы уақытта Мәжіліс отырысында талқыға салынып, бір шешімі болатындығына сөз берді халық қалаулысы.
Ы.ШАМШИЕВА.