Ілияс Есенберлин – 110
Өткен аптаның соңында Атбасарда қазақ әдебиеті мен тарихына өнімді еңбек еткен, осы күндері туғанына 110 жыл толып отырған аса көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің рухына тағзым етіліп, аудан орталығындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Қуатбеков пен ауданның құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері, жергілікті мәслихат депутаттары мен мәдениет жанашырлары және ұстаздар қауымы қатысты. Содан соң іс-шара қатысушылары өңірдегі Ілияс Есенберлиннің әдеби мұражайына қарай ат басын бұрды.
Биыл қазақтың аяулы перзенті Ілияс Есенберлин 110 жасқа толып отыр. Осы атаулы датаға орай өңірдің әр аймағында жазушының рухына тағзым ету шаралары басталып кетті. Өзінің туған жері Атбасар қаласында орналасқан музей ұжымы да осы айтулы мерекеге орайластырып, жыл бойы өткізілетін іс-шаралар жоспарын бекітіпті. Музей директоры Ұлбосын Даниярқызы келушілерге жиырма бес жылдан астам уақыт қызмет етіп тұрған мұражай аймақ тарихы үшін зор маңызға ие екендігін айтады. Тәуелсіздік жылдарында еңсе тіктеген музейдің ашылуына жазушының ұлы Қозы-Көрпеш пен қызы Раушан Есенберлиндердің көмегі көптеп тиген. Балалары әкенің ұлағатты ғұмырнамасына қатысты қолда бар барлық құнды жәдігерлерді музей қорына тапсырыпты. Перзенттері әкелген жұмыс үстелінде қазақ халқының өткен дәуірінің маңызды тұстары қамтылған белгілі шығармасы «Көшпенділер» трилогиясы өмірге келіпті. Осы атақты шығармаға жарығын түсірген жазушының жарықшамы да бүгінде музейдегі сол үстелдің үстінен орын алып тұр. Бұдан өзге де музей қорында жазушының таспаға түсірілген өз дауысы, «Мұхиттан өткен қайық» романының қолжазбасы сондай-ақ, өзінің қолданған жеке заттары мен кітаптары және домбырасы сақтаулы тұр.
Бір қызығы, Ілияс Есенберлиннің негізгі мамандығы тарихшы да, жазушы да емес, ол – тау инженері болған адам. Алматыдағы тау-кен институтының түлегі сирек кездесетін тау тастарына аса құмар болған. Ол жолында жолыққан, қолға түсе қоймайтын түрлі минералды тастарды жинақтап, өзінің жеке мұрағаты үшін коллекция жасаған. Бүгінде музейде өз қолымен жинаған осындай минералды тастардың 150 түрі көз жауын ала жарқырап тұр. Біз бұдан даңқты жазушы шығармашылықпен ғана айналыспай, табиғат тылсымына да аса қызығушылық танытып, өзінің екінші мамандығының да қыр-сырына үңілгендігін топшылай аламыз.
Атбасар қаласындағы орталық алаңнан бой көтерген Ілияс Есенберлиннің ескерткіші 2015 жылы ашылған. Бүгінде аймақтың тарихи-мәдени өмірінде өзіндік орны бар бұл композиция құрылысына жазушының ұрпақтары мен жалпы руханият жанашырлары демеушілік еткен. Аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Рахымов салтанатты шарадағы сөйлеген сөзінде Ілияс Есенберлин мұрасының ұлт тарихындағы алар орнына тоқталып, жазушының қайраткерлік істерінің жарқын тұстарын атап өтті.
–Жерлесіміз, даңқты жазушы Ілияс Есенберлинді сонымен қатар, тау инженері Һәм майдангер ретінде де танимыз. Біздің бай тарихымызды, шұғылалы салт-дәстүрімізді кітап тілінде сөйлеткен қайраткер өзінің туған халқы алдындағы перзенттік борышын есепсіз өтеді. Ол өз айтқанынан қайтпайтын бірбеткей, шыншыл әрі әділ адам болды. Оның есімі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, шығармалары тәуелсіз елімізбен бірге мәңгі жасай беруге тиіс. Жазушының рухы әрбір қазақ жүрегінде жаңғыра берсін! –деді Нұржан Бектұрғанұлы көпшілік алдында.
Ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен соң шара қатысушылары әдеби музей залдарына экскурсия жасап, «Жазушы. Азамат. Патриот» тақырыбындағы жиынға қатысты. Аудан өнерпаздары дайындаған сахналық қойылымда Ілияс Есенберлиннің еңбек жолы мен қайраткерлік бейнесі көрініс тапты. Таспадағы жазушының өз дауысымен берілген туған жері Атбасары туралы толғауы да көпшілік қауымды бір толқытты.
Есенберлин музейінің аймақтағы мән-маңызына жоғарыда тоқталып өттік. Музей есігі айқара ашылған сәттен бері аталмыш мекеме қабырғасы әр жыл сайын түрлі айтулы оқиғалармен толығып келеді. Бұл музейдің айтулы жетістіктерінің бірі – 2018 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған республикалық «Рухани қазына — 2018» байқауында топ жарып, еліміздегі «аудандық маңызы бар» музейлердің санатына өткен.
–Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетіндегі тағдырлы тұлғалардың бірі болып саналады. Оның өмірі де ұлт мүддесі үшін күрескен кез-келген тұлғаның өміріндей ауыр әрі күрделі. Жастайынан жетім қалып, балалар үйіне өткізілген ол өзінің туған ата-анасының зиратын таппай өмірден өткен. Ол аздай тым ерте жасында жетім қалғаны себеп болып, өзінің туған анасының да атын білмеген. Тек анасын кішкентай кезінде «апа» деп атапты. Шығармаларында өзінің Атбасарындағы күрмеуге келмес қысқа жіптей болып, таршылықта өтіп кеткен балалық шағын, анасының мейірімін аңсайтынын жазады. Аядай Атбасардан шығып, есімі түгел түркі дүниесіне жайылған жерлесімізді біз әрдайым мақтан тұтамыз, – дейді музей директоры Ұлбосын Даниярқызы Есенберлиннің өмір соқпағындағы қайғы-қасіретіне тоқталып.
Қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алған аса көрнекті жазушы Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тарих және әдебиеттің білгірі ақын-жазушы Ілияс Есенберлиннің 110 жылдық мерейтойын атап өту тек атбасарлықтарға ғана міндеттелген жұмыс емес. Оның қаламынан туған, өткеніміздің ақтаңдақ беттері қамтылған ұлы шығармалары атақты «Көшпенділер» трилогиясы және «Алтын орда» романдары, басқа да шоқтықты туындылары қазақ руханияты көгінде біз үшін жол сілтер Таңшолпандай жарқырап тұратыны сөзсіз. Олай болса, ұлы тұлғаны бүкіл ел болып қастерлеу ұрпақ алдындағы жауапкершілігі зор іс.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.