Көкшетау қаласындағы «Бурабай» спорт кешенінің зияткерлік ойындар залында тоғызқұмалақтан ерлер және әйелдер арасында Ақмола облысының жекелей біріншілігі өтті.
Тоғызқұмалақ – қазақтың ерте заманнан келе жатқан ақыл-ой спорты. Жыл басындағы спорттық кестеге сай өткізілген тоғызқұмалақшылар сайысы Ақмола облысында ұлттық спорттың қанаты кеңге жайылып келе жатқандығын тағы бір дәлелдей түсті.
– Ауа райының қолайсыздығына байланысты чемпионатқа кейбір өңірдің тоғызқұмалақшылары келе алмады. Дегенмен, ең мықты деген ойыншылар қатысты деп ойлаймын. Чемпионат тоғызқұмалақтың 4 түрі бойынша өтті. Атап айтқанда, классика, рапит және блиц ойындары. Әр түрінен мықтылар анықталды. Жарыс қорытындысы бойынша мол ұпай жинаған үміткерлер жүлдегерлер қатарынан көрінді. Осы жерде айта кетсек, Ақмола облысында ұлттық спорт түрлерінің жоғарғы спорттық шеберлік мектебі ашылып, жұмыс істеуде. Бұл өңірімізде тоғызқұмалақтың қаржыландырылып, қанат жаюына септігін тигізеді деген ойдамыз,–дейді жарыстың бас хатшысы, тоғызқұмалақтан жаттықтырушы Жұматай Әбілқасов.
Щучинск қаласындағы №7 орта мектептің 10-сынып оқушысы, тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасы чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Ханшайым Әбиева бұл жолы да облыстық жарыста алдына жан салмады.
– Мен классикалық ойын түрінен сынға түстім. Оны жазбаша өткізуге болады. Бұл жағынан маған қиын болған жоқ. Қарсыластарыма қарсы комбинация қолданып, мол ұпай жинадым. Сөйтіп, облыс чемпионы атандым. Алдағы уақытта Ақтөбе қаласында ел біріншілігі өтеді. Осы орайда, бапкерім Жұматай Әбілқасов аға екеуміз соған дайындаламыз. Бұйырса жеңісті қолдан бермеймін, – деп ағынан жарылды жарыста жолы болған Ханшайым.
Тоғызқұмалақтан ерлер және әйелдер арасында өткен облыс чемпионаты ұлттық спорттың осынау түрінің өңірімізде өріс алып келе жатқандығының анық бір дәлелі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.