Қазақстанның құтқару қызметтерінің жүйесін жаңарту мақсатында Макинск қаласында өрт сөндірушілер мен медициналық персоналдың міндеттерін біріктіретін жаңа мамандандырылған бөлімше ашылды.
Бұл құтқару қызметтерінің өзара іс-қимылын жақсартуға және төтенше жағдайларға ден қоюдың жеделдігін арттыруға бағытталған пилоттық жобаның негізінде іске асырылып отыр.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов қаладағы жаңартылған №8 өрт сөндіру бөліміне жеке өзі барып, күрделі жөндеу және қайта жаңарту жұмыстарының нәтижелерімен танысты.
Іргетасы 1964 жылы қаланған өрт сөндіру бөлімі өткен жылдың қазан айынан бастап, небары бірер айдың ішінде толығымен қайта жаңартылып, іске қосылды. Бүгінде ол өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде осы заманғы жаңа көзқарастың үлгісі болып табылады.
– Өрт сөндіру бөлімдерін жаңғырту және құтқару жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, медициналық көмек көрсете алатын бірегей бөлімшелер құру – азаматтарымыздың қауіпсіздігін нығайтудағы маңызды қадам. Макинсктегі бұл жоба осы жұмыстың тек бастамасы ғана. Біз бүкіл ел бойынша құтқару бөлімшелерін дамытуды және жаңғыртуды жалғастырамыз, – деді министр Шыңғыс Әрінов бөлімшенің ашылу рәсімінде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бұланды ауданы.