Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жолыңыз болсын, Кәртай аға!.. - АРҚА АЖАРЫ

Жолыңыз болсын, Кәртай аға!..

Абырой

112-ден қайта-қайта хабарлама келіп жатыр. Бірақ, Қорғалжынға қалай да жету керек болып тұр. Қаланың ішінде онша-мұнша білінбегенімен, айдалада боран соғып тұрғаны айдан анық. Қорғалжын ауданының WhatsApp мессенджеріндегі такси тобын қарап отырып, Кәртай деген кісінің телефон нөмірін тауып алдым.

Қоңырау шалып, аудан орталығына баратынымды айттым. Ол кісіні бұрыннан танимын. 2020 жылғы пандемияға дейін Газель автокөлігімен жолаушылар тасымалдайтын еді.

Мынадай боранды күні жолға шығу кімге болсын сынақ, әрине. Бірақ, Кәртай аға өз ісінің маманы. Ол ең алдымен жолаушылардың қауіпсіздігін ойлайтын адам. Қаладан шыға бере, алай-дүлей боран екені бірден көрінді. Жол көрінбей кетті. Кәртай аға асықпай өз бабымен келе жатыр. Ақмол ауылына жете бере бір тоқтап, көлік қозғалтқышының жағдайын бір тексеріп алды.

Алда 100 шақырым жол жатыр. Кеш болса батып келеді. Әрі қарай жүріп келеміз. Қарама-қарсы автокөліктерде мүлде ұят жоқ дерсің! Ксенонын барынша жағып, көз шағылыстырып келеді. Жалпы, кейде ойлайсың, көліктегі адамдардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтын сондай ксенон иелеріне неге айыппұл салынбайды екен деп.

Қош, Сабындыға жақындап қалдық. Ауданға кіреберіс жолда мәшинелер легі азайды. Бірақ, жүргізуші үшін сынақ онымен біткен жоқ. Алда әлі Қараегіннен аса бере жолда әрі-бері жүретін үйір-үйір жылқылардан сақтану керек. Кәртай аға оны да естен шығармай келе жатқан сияқты. Жалпы, екі сағатқа жуық уақытта Қорғалжын ауылының жарық шамдары көріне бастады.

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп белгіледі. Әдетте жұмысшы мамандығына құрылысшылар, теміржолшылар, өнеркәсіпте қызмет ететін адамдарды жатқызады ғой?! Ал біздің Қорғалжын ауданында алып өнеркәсіптік нысандар жоқ, зауыт пен темір жолымыз да жоқ. Бірақ, белгілі бір жұмысшы мамандығын меңгеріп, оны өзінің өмірлік табыс көзіне айналдыра білген жерлестеріміз қаншама. Мәселен, Астана мен Қорғалжын бағытында тынымсыз еңбек етіп, жолаушыларды көздеген жеріне аман-есен жеткізіп жүрген дәл осы Кәртай аға туралы неге жазбасқа? Ол осы салада 42 жылдан астам тынымсыз еңбек етіп келеді.

Кәртай Сайлаубекұлы Қылышбаев 1962 жылы Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Қорғалжын ауылында туған. 1968 жылы Дружба орта мектебінің табалдырығын аттады. Оның алғашқы ұстазы, өнегелі педагог, әйгілі Қадиша Темірқызы болатын. Одан кейін жоғары кластарда Бота Әбдірахманқызы, Ұлпан Құсайынқызы сынды ұстаздардан тәлім алды. 1978 жылы он жылдық мектепті бітіріп, Целиноград қаласындағы ДОСААФ-ты, яғни, (КСРО әскерін, әуе қорғанысы мен флотын ілгерілетудің ерікті қоғамы) негізінде арнайы курсты тәмамдап жүргізуші куәлігін алады. 1980-1982 жылдары аралығында Отан алдындағы әскери борышын өтеп келеді.

Өзінің еңбек жолын 1982 жылдан бастайды. Целиноград №2 автобус паркіне автобус жүргізушісі болып жұмысқа орналасады. Одан кейін №4 Қорғалжын автобус колоннасында жұмыс істеді. Қорғалжын-Целиноград, Целиноград-Қорғалжын бағыттарында, әрі қарай «Икарус» үлкен габаритті автобусымен Түмен-Тобыл, Өскемен-Державинск, Шаңтөбе-Қарағанды, Степногорск-Көкшетау-Петропавл халықаралық және алыс қашықтықтағы бағыттарда жолаушылар тасымалдады. Уақыт өте келе, жекеменшік Газель автокөлігімен Астана-Қорғалжын бағытында жолаушылар тасымалымен айналысты. Осылайша 42 жыл ғұмырын өзінің сүйікті ісіне арнады.

Жеті баланың асқар тау әкесі. Медет, Алмагүл, Гүлден, Дәурен, Индира, Гүлзада, Жаһангер есімді жеті баласы мен Алланың берген он бес шақты немересі бар бүгінде. Кәртай ағаның кәсіби шеберлігін ізін өкшелеп келе жатқан басқа да әріптестері, ауылдастары мойындайды әрі құрметтейді.

Айтпақшы, былтыр өзі бірталай жыл қызмет істеген Астана қаласының №2 автобус паркі Көлік жүргізушілері күніне орай, өздерінде еңбек еткен барлық қызметкерлерінің басын қосып, кәсіби мерекені жоғары деңгейде атап өткен көрінеді. Осыған орай Кәртай Сайлаубекұлы арнайы шақырылып, мерекелік шараның құрметті қонағы болып қайтыпты.

Биыл осы қаңтарда К.Қылышбаев пайғамбар жасына толып, зейнеткерлікке шығады. Өмірінің ең жарқын жылдарын жолаушылардың, яғни, сіз бен біздің қауіпсіздігімізге арнаған кісінің еңбегі ел Президентінің 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп белгілеген тұста Қорғалжын ауданы әкімдігі тарапынан болсын, аудандық мәслихат, ардагерлер және ақсақалдар ұйымы өкілдерінің тарапынан болсын, әйтеуір, бір лайықты бағаланады деп сенім білдіреміз.

Ал, әзірге жолыңыз болсын, Кәртай  аға! Әр жолы жолаушылар сенімін арқалап жолға шыққаныңызда көкейіңізде сол жандардың амандығы тұратыны хақ. Бізді де діттеген жерімізге осы көңіл алаңымен жеткізіп салдыңыз. Аптап пен аязда, жарық пен қараңғыда ондаған адамдардың алғысын арқалататын да осы адамгершілік биік болмысыңыз, техника тілін жетік білетін кәсіби шеберлігіңіз ғой. Көлігіңізден түсіп қалып, қашан өзіңіз кеш қараңғылығына сіңгенше қимай қарап тұрмын. Бүгін-ертең осы жайсаңдығыңызбен тағы біреулердің ризашылығына бөленіп, жылы сөз еститіндігіңізге күмән жоқ. Өйткені, мен білсем, жолаушыларға мінсіз қызмет – сіздің өмірлік мұратыңыз!

Шоқан ЗӘКАРИН.

 Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар