Ақмола облысында өрт оқиғалары жиілеп кетті. Тек 2024 жылы ғана 29 оқиға тіркеліп, осының салдарынан 10 адам қаза тауып, 46 адам ауыр жарақат алды.
Мысалы, Бурабай ауданында биыл 6 оқиға тіркеліп, мұның өзі 5 адамның қаза тауып, 1 адамның жарақат алуына әкеліп соқты. Улы газдан улану салдарынан 3 адам қайтыс болды.
Осыған байланысты, Бурабай ауданы прокуратурасы ауданның төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп, пешпен жылытылатын жеке тұрғын үйлердің тұрғындары арасында өрттің алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар өткізді. Іс-шара барысында түтін мен улы газды уақытылы анықтау және оған жедел әрекет етуге арналған көмірқышқыл газының детекторлары орнатылды.
Сонымен қатар, өткен жылы Целиноград ауданында газ-ауа қоспасының жарылысы болып, 3 адам жарақат алды. Шортанды ауданында газ баллонының жарылуы салдарынан 3 адам қаза тауып, 10 адам жарақат алды. Сол сияқты, Қорғалжын ауданында газ баллонының жарылуынан 3 адам қаза тауып, 16 адам жарақат алды.
Құрметті азаматтар, өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң
сақтауларыңызды сұраймыз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз. Төтенше жағдай туындаған жағдайда, дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз!
Бюджетке түспеген салық өндірілдіп алынды
Есіл аудандық ауруханасы салық органына жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларациялар ұсынған.
Алайда, аудандық прокуратура онда бюджетке төленетін салық сомаларының нөлдік мәндері көрсетілгенін анықтады. Бұл жағдай бюджетке есептелуге және төленуге жататын жалпы сомасы 17,2 миллион теңге салықтардың түспеуіне себеп болды. Қадағалау актісі бойынша бұл заң бұзушылықтар жойылды, салық толық көлемде төленіп, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Аудан прокуратурасы сондай-ақ, жер учаскелерін жалдау шартын жасасу кезінде кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу фактілерін де анықтады.
Жергілікті атқарушы органның заңсыз әрекеттерінен кәсіпкерлер өз қызметінің еркіндігінен айрылған. Бөлім жасаған жалдау шарттары үлгілік шартқа толық сәйкес келмейді, оларда жалға алушылардың жекелеген құқықтары мен жалға берушінің міндеттері көрсетілмеген.
Сондықтан, прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 184 жер учаскелерін жалдау шарттары үлгілік шарттардың талаптарына сәйкестендіріліп, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Ақмола облысының прокуратурасы.