Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен кеңесте республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағын дамыту перспективалары талқыланды. Аталмыш аймақ өңірдің экономикалық дамуы мен инвестиция тартуда маңызды рөл атқарады. Индустриялық аймақтың аумағы 300 гектарды құрайды.
Қазіргі уақытта қажетті инфрақұрылым нысандарын салу және аумақты 1000 гектарға дейін кеңейту мәселелері қарастырылуда.
Мемлекет басшысының инвестициялар тарту жұмысының тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында «Aqmola» индустриялық аймағын дамыту перспективалары жіті қолға алынуда.
Бүгінде астаналық агломерация аймағында орналасқан «Aqmola» индустриялық аймағы инвесторлар үшін тартымды нысан болып табылады.
Индустриялық аймақтың қазіргі даму барысы туралы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Сапар баяндама жасады. «Көкшетау Инжиниринг» ЖШС басшысы Азамат Елеусізов аймақты инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
«Aqmola Invest» инвестицияларды дамыту орталығының басшысы Айдос Жүргінов индустриялық аймақта орналастыру жоспарланған жобалар мен Ақмола облысының басқа аумақтарындағы жобаларды іске асыру перспективалары туралы баяндап берді.
Кеңесте Мемлекет басшысының қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындауға ерекше назар аударылды. Кеңеске қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, индустриялық аймақтың табысты дамуы үшін іс-қимылдарды үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.
Кеңесте облыс әкімі «Aqmola» индустриялық аймағы өңірдің экономикалық дамуы мен инвестиция тартуда негізгі рөл атқаратынын баса айтып, тиісті тапсырмалар берді.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.