«Қарлы десант» акциясы бастау алды

Игі бір іс

«Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесінің ұйымдастыруымен «Шанс» кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық құқықтық қолдау орталығы ғимаратының маңайын қардан тазалау бойынша сенбілік өтті.  

Бұл «Қарлы десант» акциясына Көкшетау қалалық жастар ресурстық орталығының белсенділері де атсалысты. Аталмыш акция қаңтар айының басынан басталып, жаппай өңір бойынша өтуде.

– Осындай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады. Біздің волонтерлер игілікті жұмысқа жұмыла отырып, мүмкіндігі шектеулі жандардың батасын алары сөзсіз, әрі бұл өскелең ұрпаққа үлгі болмақшы, – дейді өз сөзінде облыстық «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесінің басшысы Дидар Хамзин.

Кей өңірге қар қалың түскендіктен, коммуналдық қызметтер үлгере бермейді, сондықтан, волонтерлердің бұлай көмек қолын созуы құптарлық жағдай.  «Қарлы десант» акциясы шалғай аудандар мен елді мекендердегі мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарт адамдарға, тыл еңбеккерлеріне, көмек көрсетуге, көктемде орын алатын су тасқынының алдын алу мақсатында аулалардағы қауіп тудыратын мұздарды ойып шығаруға бағытталған.

Сондай-ақ, волонтерлерді қолдау орталығының бастамасымен облыста қарттар мен мүгедектердің үйлерінің маңайын қардан тазалау акциясы да өткізілуде.

– Біздің ортақ міндетіміз – жасы үлкен қарттарға көмектесу. Осы игі дәстүр алда да жалғасын таба берсін, – деген тілекпен волонтерлер бұл іске білек түре кіріскен. Бірнеше күннің ішінде олар облыс орталығындағы және аудандардағы жалғыз басты қариялар мен зейнеткерлерінің 100-ден астам ауласын қардан тазалады.

Аулаларды қардан тазартуға волонтерлік орталықтардан 200-ге жуық ерікті қатысуда. Олардың арасында «Феникс», «Мейірім» және тағы басқа да еріктілер орталықтары бар. Аталмыш акция қыс аяқталғанша жалғаса түсетіндігі сөзсіз.

Жеңіс БАЛАБЕКОВ,
Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының баспасөз қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар