Жол азабын жүрген білер

Ауылдан хат

Осы күні Сәуле ауылынан Құдықағашқа дейін баратын жолмен жүрсеңіз, ойқы-шойқы тұстармен қиралаңдаған машинаның жақтауына шекеңді соғып алудан сақтанып, қос қолыңмен қарманып, іштей тәубеге келгеннен басқа қайраның болмайды.

Шынымен, жаз жауын жауса, езіліп жүргізбейтін жол қыс түсе, бір боран соқса жабылып, ауыл халқының тілімен айтсақ «блокада» басталып, келімді-кетімді жұрт әуреге түседі. Оның үстіне бұған оқу оқитын студенттер мен алда-жалда ауырып қалатындар мен босанатын келіндерді қосыңыз. «Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, жеті шақырымдық жолдың жыры бітетін де, оң шешімін табатын да емес.

Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инфрақұрылым, әсіресе, жол мәселесі дұрыс шешілмей, халықтың тұрмысының түзелуі де екіталай дей келе, еліміздің жол саласындағы жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу және жолдың сапасына айрықша назар аудару керектігіне тоқталып өткен болатын.

Тек аудан ғана емес, облыс көлемінде қаймағы бұзылмаған қазақы іргелі ауылдардың бірі болып отырған Құдықағаш ауылының құрылғанына да шамалы уақыттардан соң бір ғасыр толмақшы. Кезінде Қызыр Жұмабаевтың бұрынғы Еңбекшілдер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғанында, Құдықағашты үлгілі ауыл қыламын деп әр үйге су құбырын тартып, бір орталықтан жылытатын пеш салғызамын, асфальт төсетемін деген жоспарлы істері жақсы басталып, кеңес өкіметінің таратылуына байланысты ғана игілікті іс аяқсыз қалған болатын.

Өткен ғасырдың басында ұжымдастыру саясатының ықпалымен құрылған Құдықағаш ауылының іргелі ел болғанын мына мысалдан-ақ көруге болады. Отызыншы жылдары халықты жаппай сауаттандыру басталғанда ауылда жеті жылдық мектеп-интернат ашылып, радиусы 40 шақырым аймақтағы Карл Маркс, Қоғам, Сәуле, Ұйымшыл, Кішкентай сияқты ауылдардың балалары келіп оқыған. Ауылымыздан елге танымал талай әйгілі адамдар шыққан. Атап айтар болсақ, ХХ ғасырдың басында (шамамен 28-30-ыншы жылдары) республикалық ақындар айтысында жыр алыбы Жамбылмен айтысып, жүлделі 2-ші орынды иеленген төкпе Уахит ақын, екінші дүниежүзілік соғыста қазақ жауынгерлерінің рухын көтеріп әнұрандай болған «Жас қазақ» әнінің авторы, Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы театр және өнер институтының сазгерлік бөлімінің түлегі, жауынгер-сазгер Рамазан Елебаев (одан басқа жауынгерлер арасында маршпен айтылатын «Біз Отанның солдаты», «28 панфиловшылар», «Аманкелді» және тағы басқа әндердің авторы) тұңғыш ғарышкер Ю.Гагаринді ғарышқа ұшуға дайындаған топтың мүшесі, ғылым кандидаты, инженер-конструктор Наил Сыдықов, тікелей академик Қаныш Сәтпаевтың қарамағында қызмет атқарып Жәйрем кен орнын ашқан геолог, Мемлекеттік сыйлықтың иегері (1977 ж.) Мағауия Биғалиев, «Құрмет» ордені және Мемлекеттік сыйлықтың иегері Зейнелғабиден Салықовты атасақ та болады.

Жүзге тарта түтін түтетіп отырған ауылдың инфрақұрылымы жақсы дамыған, үйлерге құбырмен су тартылған, көшелер асфальтталған, екі қабатты орта мектеп, ішінде кітапханасы орналасқан мәдениет үйі, ас беретін асханасы бар мешіт, аллея, мәңгілік алау мен фонтаны, Ұлы Отан соғысы боздақтары мен ардагерлеріне арналған ескерткіш бар. Ауылдағы 22 бизнес субъектісінің жалпы инвестициясы экономикаға жүздеген миллион теңге пайда келтіруде.  Соңғы жылдары заманауи үлгімен салына бастаған жаңа үйлер ауылдың болашағының зор екендігінің айқын көрінісі.

Ауылдың туристік әлеуеті де өте жоғары, Бурабай ұлттық табиғи паркімен жалғасып жатқан қайың, қарағайы сыңсып тұрған ауылдың іргесіндегі ну орманға 50 орындық «Этноауыл»  туристік базасы салынған, онда қарағайдан қиып салынған екі қабатты қонақ үйі, асхана, сауна, бассейн, бильярд бөлмесі, спорттық және балаларға арналған алаң, асфальтталған автотұрақ бар. Дем алушыларға атқа мініп жүруге жағдай жасалған, алдағы уақытқа квадроцикл және снегоходпен серуендеуге болатын шаңғы базасын құру жоспарланған. Аталған туристік база толық іске қосылса, Ақмола облысына туристерді тартуға зор мүмкіншілік болады  деп сеніммен айтуға болады. Бұл дегенің жыл бойына Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының шахтерлері мен металлургтері келіп дем алады деген сөз. Сонымен қатар, туристік базаның шапағаты ауыл халқына да тиіп, 15 жұмыс орнын ұсынбақшы.

Қандай мемлекет болсын, инвесторларды тарту үшін ең біріншіден, инфрақұрылым дұрыс болуы керек болса, сол сияқты ауылдағы туристік базаға да туристерді тарту, туризмді дамыту үшін ең алдымен, жолың түзу болуы керек екені дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома екені айтпаса да түсінікті. Тек бір әттеген-айы, экономикалық, туристік жағдайы жақсы жолға қойылған елге жеті-ақ шақырымдық жолдың мәселесі шешілсе, ауылдың дамуына, болашағына зор ықпал етер еді. Айтыла-айтыла жауыр болған жол мәселесі құзырлы органдардың құлағына жетіп, оң шешімін табады деп үміттенеміз.

                Амантай БЕЙСЕКЕЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар