Зерде
Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр ауылының «Көкше» мәдениет үйінде Қазақстан халық партиясы Ақмола облыстық филиалының бастамасымен Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған патриоттық іс-шаралар кешенінің салтанатты ашылуы болды.
Оған балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген ардагерлер және оқушылар мен студенттер, сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Қазақстан халық партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Арман Тастамбековтың айтуынша, іс шараны ұйымдастырудағы мақсат – соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсету және өскелең ұрпаққа бейбітшіліктің қадірін түсіндіру. Іс-шараға қатысушылар мектеп оқушылары мен студенттердің дайындаған арнайы концерттік бағдарламасын тамашалады. Олар жас өнерпаздардың орындауындағы «Катюша», «Жойылсын соғыс» сынды көпшілікке кеңінен таныс әндерді қосыла шырқап, соғыстың ұмытылмас ауыр зардаптарын еске алды.
Шарада арнайы сөз алған Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналып, бастау алған іс-шаралардың салтанатты ашылуымен құттықтай келе, бүгінгі жиынның мән-маңызына тоқталып өтті.
–Соғыстың ауыр жылдары әлі күнге дейін санамыздан өшпей келе жатыр. Көптеген халықтардың басына зор нәубет алып келіп, ауыр қайғыларға душар еткізген сұрапыл кезді ұмыту мүмкін емес. Ұлы Жеңістің қандай қиындықпен келгенін жас ұрпақ білуге тиіс, – деді Ермек Бекенұлы жиын барысында.
Филиал төрағасы Арман Тастанбеков осы мақсаттағы патриоттық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын айтады. Шаралар барысында ардагерлермен кездесулер, сондай-ақ, соғыс тақырыбын қамтитын көрмелер ұйымдастырылмақшы.
Қазақстан халық партиясының Ақмола облыстық филиалы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту бағытында белсенді жұмыстар жүргізіп келеді. Партия мүшелері жергілікті қауымдастықтармен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, облыстағы өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастамаларды қолдайды және бірлесіп іске асыруға күш салуда. Әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету және жергілікті мәселелерді шешу – филиалдың басты назарында.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.