Мемлекеттік қызмет
Мемлекеттік қызметшілердің басты жұмыс ережесі болып саналатын құжаттың бірі — Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі.
Соған сәйкес мемлекеттік қызметшінің қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі сырт келбеті мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, ресмилікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпыға бірдей қабылданған іскерлік стиліне сай болуға тиіс.
Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілердің сыртқы келбеті мен іскерлік стилінің корпоративтік қағидаттарын ұстануға ұмтылысын қолдайды, қажет болған жағдайда кеңес береді және қызметкерлерге ұсынымдармен көмектеседі.
Іскерлік стиль ұстамдылықты бағалайтын ұсыныстарға негізделген. Сондай-ақ, жарқын, назар аудартатын аксессуарлардың болмауы ұсынылған. Мемлекеттік қызметшінің сыртқы келбеті таза, киім де ұқыпты болуы керек. Бұл ретте, классикалық костюм, үтіктелген көйлек, костюмге сәйкес келетін галстук және аяқ киім ұсынылады.
Сондай-ақ, әйел адамдарға юбка немесе классикалық шалбар, іскерлік костюм көйлектер, таза және үтіктелген костюм кию ұсынылады. Костюмге қойылатын жалпы және негізгі талап – қатаңдық, талғампаздық және ыңғайлылық.
Жұмыс уақытында қызметкерлерге үтіктелмеген, спорттық немесе жағажай стиліндегі киімдер киюге, мини юбкалар, джинсы, кроссовкалар немесе сандалдар киюге, иық пен ішті жалаңаштап киюге жол берілмейді.
Қызметкерлердің сыртқы келбеті мемлекеттік қызметшінің жалпы имиджінің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Киімдегі іскерлік стиль қолайлы, сындарлы жұмыс ахуалын қалыптастырады, мемлекеттік қызметшінің жағымды бейнесін жасауға және қолдауға ықпал етеді. Осыны әр мемлекеттік қызметші өз жадында ұстап, қатаң сақтап жүруі оған мемлекеттік қызметте қойылатын қатаң талаптардың бірі.
Күләш РАХИМОВА,
Ақмола облыстық экология департаменті.