Маманның кеңесі
Шетелге шығу кезінде Қазақстан Республикасының аумағында берілген құжаттар басқа мемлекеттің аумағында заңды күші болуы үшін тиісті түрде куәландырылуға тиіс. Бұл мөртабан апостилін қою деп аталады.
Апостиль – бұл құжатқа қол қойған адамның қолының түпнұсқаулығын және оның өкілеттігін растауды, сондай-ақ, құжат бекітілген мөрдің немесе мөртабанның түпнұсқаулығын куәландыратын арнайы мөртабан.
Апостиль уағдаласушы мемлекеттердің бірінің аумағында жасалған және екінші уағдаласушы мемлекеттің аумағында ұсынылуы тиіс ресми құжаттарға қойылады.
Еліміздің Астана, Алматы Шымкент қалаларының әділет департаменттері нотариустардан шығатын ресми құжаттарға, өзге де мемлекеттік органдар мен нотариустардан шығатын құжаттарға, азаматтық хал актілеріне апостиль қоюмен көрсетілетін қызмет беруші болып табылады.
Бүгінгі таңда азаматтар өздеріне ыңғайлы болу үшін бірнеше жолмен өтініш бере алады. Мәселен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының (бұдан әрі – ХҚКО) халыққа қызмет көрсету орталығы және электрондық үкіметтің веб-порталы (бұдан әрі – ЭҮП) арқылы, www.eqov.kz.
2021 жылғы қаңтардан бастап «әділет органдары мен өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ, нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» мемлекеттік қызметі автоматтандырылды.
Көрсетілетін қызметті алушылар электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылған электрондық өтінішті беруі керек және электрондық мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы көрсетіледі, яғни, PDF файлында қоса берілген сканерленген құжаттары бар электрондық өтініш, сондай-ақ, мемлекеттік баж «Е-Апостиль» сервистік бағдарламалық өнім жүйесінде тіркеледі. Келіп түскен құжаттарды қабылдау, өңдеу, тексеру және дайын құжаттарды беруді нәтижені ЭҮП өтініш берушінің «Жеке кабинетіне» жібере отырып, уәкілетті органның қызметкері онлайн режимінде жүзеге асырады.
Мемлекеттік қызмет көрсеткені үшін «салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес әрбір апостиль қойылған құжат үшін айлық есептік көрсеткіштің 50 пайыз мөлшерінде мемлекеттік баж алынады. Бүгінгі таңда мемлекеттік баждың сомасы 1846 теңгені құрайды. Қызмет көрсету мерзімі порталда бір жұмыс күні, ХҚКО арқылы – екі жұмыс күні.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін «Е-Апостиль» саласында мемлекеттік қызмет көрсету процесін жақсарту мақсатында мемлекет рәсімді оңайлатуға және мерзімдерді қысқартуға бағытталған барлық шаралар қабылданады.
Диана ЖАХИНА,
Ақмола облысы әділет департаментінің коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу
және тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы.