Тасқынға – тосқауыл
Сандықтауда көктемгі су тасқынына дайындық шаралары барысында су ресурстарының жағдайын жақсарту бойынша кешенді іс-шаралар қолға алынуда.
Дәл қазіргі уақытта аудан орталығы Балкашино ауылына жақын орналасқан Жабай өзенінің жағасын бекітіп, өзен арнасының түбін тереңдетсе, бұл жұмыстар көктемгі су тасқыны қаупін азайтуға мүмкіндік бермек дейді мамандар. Бүгінде өзен арнасының құнарлы өсімдік қабатын алу жұмыстары аяқталған. Тағы қосымша өзеннің үш учаскесін түзеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс басындағы жұмыскерлер екі ауысыммен іске кірісіп, бұл жұмыстарға 25 техника жұмылдырылған. Жоспар бойынша барлық жұмыс көктемге дейін аяқталуға тиіс.
–Жоба бойынша бекітпе жұмыстары жағалаудағы аумақтарды қорғауды күшейтіп, экожүйенің тұрақтылығын арттырады. Біз экологиялық және техникалық стандарттарды қатаң сақтай отырып, өзен маңындағы елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салып жатырмыз, – дейді «Целингидротех» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске бастығы Қайролла Жақсылықов.
Жабай өзенінің арнасын түзеу бойынша негізгі жұмыстар осы жылдың наурыз айына дейін аяқталады, ал, каналдарды жетілдіру, дамбалар салу жұмыстары көктемнен кейін де жалғасады. Көктем уақытында құрылыс техникасының кезекшілігі ұйымдастырылмақшы.
Жалпы, бүгінде Ақмола облысында гидротехникалық нысандарды реконструкциялау және салу бойынша алты жоба жүзеге асырылуда. Жабай, Шағалалы және Қалқұтан өзендерінің жағаларын бекіту және түбін тереңдету, Жібек Жолы ауылындағы қорғаныс дамбаларын салу жұмыстары аяқталып келеді. Бұл тасқын салдарын болдырмауға және жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Шортанды ауданының Дамса ауылында және Жақсы ауданындағы Чапаев бөгетінде су өткізу құрылыстарын жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстардың барлығы да аймақтарды су басу қаупін төмендетеді дейді мамандар. Іс-шаралар «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорының қаражаты есебінен жүзеге асып жатыр.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.