Баспасөз бастауында тұрған «Қазақ» газеті

2 ақпан – Ұлттық басылым күні

 2023 жылы елімізде Үкімет Қаулысымен «Қазақ» газетінің тұңғыш саны жарық көрген күн 2 ақпан «Ұлттық басылым күні» болып белгіленді. 1913 жылдың дәл осы күні Орынбор қаласында ұлт баспасөзінің бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көріп, оқырманға жол тартқан еді.

Қазақ баспасөзінің тағылымға толы тарихында бұл оқиғаның маңызы бөлек. Себебі, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялылары құрған «Қазақ» газеті ұлттық жаңғырудың қайнар көзі болды.

Ұлт мүддесін қорғауда ұлттық-саяси мінберге айналған «Қазақ» газеті болашаққа деген ұлы мұрат жолында көп тер төкті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Отандық баспасөз еліміздің тұтастығы мен татулығын нығайту жолында елеулі рөл атқарады» деп атап өткеніндей, баспасөз қашан да ұлттың үні, мемлекеттігіміздің тұғыры іспетті.

1991 жылы елімізде тек 10 республикалық газет пен журнал жарық көріп, 21 теле және радиоарна эфирге шықса, 2024 жылғы қаңтардағы есеп бойынша Қазақстанда 5 804 БАҚ тіркелген, оның 3 985-і мерзімді баспасөз басылымы, 212-сі телеарна, 90-ы радио, 1 222-сі ақпараттық агенттіктер және желілік басылымдар.

Газет-журналдарға жазылу ісі де оңтайландырылып, «Қазпошта» және Kaspi Bank қосымшалары арқылы онлайн-жазылу жұмыстары жүйеленді. Аймақтардағы мерзімді басылымдарының жұмыс деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған өңірлік БАҚ форумы   жалғасын табуда.

Әлемде болып жатқан жаңа трендтерге қарамастан, мерзімді басылымдардың жөні бөлек, маңызы ерекше. Сол себепті, ұлттық медианы дамыту, бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын қалыптастыру, журналистердің мәртебесін арттыру – негізгі мақсаттарымыздың бірі. Сондықтан, қашан болсын ұлт сөзін сөйлейтін басылымдарымыз жасай берсін!

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар