Халық және нарық
Биылғы жылдың басынан бастап облыс орталығы Көкшетау қаласында қысқы маусымдағы жылу беру тарифі 23 пайызға өсті. Тарифтердегі өзгерістер туралы «Көкшетау Жылу» кәсіпорнының әкімшілік ғимаратында арнайы брифинг өткізіліп, кәсіпорын өкілдері жылу бағасының көтерілу себептерін түсіндірді.
Көкшетауды қыс мезгілінде «Көкшетау Жылу» кәсіпорны жылумен қамтамасыз етеді. Шаһарды жылыту РК-1 және РК-2 қазандықтары арқылы іске асырылады. Кәсіпорында барлығы 660-қа жуық маман қызмет етеді. Бүгінде кәсіпорын қаладағы 112 білім ошағын, 46 денсаулық сақтау ұйымын, 129 мемлекеттік және мәдениет ғимаратын, сондай-ақ, 1077 өнеркәсіп орындарын, өзге де мекемелерді жылытумен айналысады. Сонымен қатар, жылыту кәсіпорны қаламыздағы 1100-ден астам көп қабатты үйлер мен 2000-нан астам жеке тұрғын жайларға жылу береді.
Қазіргі уақытта шаһардағы 1 гигакалорияның орташа құны 5471 теңгені құрап отыр. Жылу бағасының бұлайша күрт көтерілу себептерін мамандар көмір мен электр энергиясының, сондай-ақ, мазуттың қымбаттауымен байланыстырып отыр.
Брифингте сөз алған кәсіпорын директорының орынбасары Асқар Нұрмағанбетов бұған дейін табиғи монополияларды реттеу департаментіне жылу бағасын көтеру туралы өтінім беріп, ол мақұлданып, қолданыстағы тарифтің жаңа бағасы бекітілгенін жеткізді.
–Кәсіпорын тұтынып отырған көмір бағасы 30 пайызға, электр энергиясы да былтырғы жылдың наурыз айынан бастап тап осынша пайызға көтеріліп кетті. Сол себепті біз де жылу тарифтерін өзгерту туралы шешім қабылдадық, – деді ол жиын барысында.
Сонымен қатар, брифинг кезінде кәсіпорынның жылыту маусымына дайындығы сөз болды. Кәсіпорын директоры Руслан Мақышевтың айтуынша, жылыту маусымының дайындығы үшін өткен жылы республикалық бюджет есебінен 1 миллиард 375 мың теңге қаражат бөлінген. Оның 816 миллион теңгесі жылыту маусымының дайындықтарына жұмсалса, 559 миллион теңгесіне алты шақырымға жуық жылу трассалары күрделі жөндеуден өткізілген.
– Көмір мен мазут тапшылығы жоқ. Жылыту маусымының басында бөлінген қаражатқа 426 тонна Екібастұз көмірі, 23 мың тонна мазут сатып алынды, – деді Руслан Мақышев жылыту маусымының қалыпты жағдайда өтіп жатқанын атап өтіп.
Сонымен қатар, жиын барысында бас директор қала аумағындағы жылу трассаларын жөндеу кезіндегі атқарылған жұмыстардан да хабардар етті. Оның сөзінше, өткен жылы РК-1 қазандығында екі бу қазандығы күрделі жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ, көп жылдардан бері шешілмей келе жатқан мәселе шешіліп, Боровской, Бірлік, Юбилейный шағын аудандары мен Хасенов қалашығында жөндеу жұмыстары жүргізілген және Краснояр мен Станционный ауылдарына жылу трассаларын тарту жұмыстары аяқталған.
Кәсіпорын мамандары жүргізіліп жатқан жұмыстардың Президент Жолдауына сәйкес, тарифтерді белгілеудің «әлеуметтік тұтыну стандарттарын» енгізу ережелерінен ауытқымайтынын айтады. Жалпы, 2024 жылғы 5 наурыздан бастап, «Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына» өзгертулер енгізілген болатын. Халыққа арналған үш деңгейлі тариф 2024 жылдың 1 қазанынан бастап, күшіне енуі қажет еді, бірақ, техникалық қиындықтарға байланысты 2025 жылдың қаңтарына шегерілген болатын.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.