Шоқан Уәлиханов – 190
Бүгінде Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық орталығы болып отырған Көкшетау қаласы ғасырлар бойы сақталған тарихымен танымал өңір.
Әрбір қаланың уақыт белестеріндегі айқын ізі мен жүріп өткен жолының өшпеуіне сол қаладағы тарихи ескерткіштер де өз ықпалын тигізетіні сөзсіз. Біз бұл жолы қаламыздағы Әуезов пен Қуйбышев көшелерінің қиылысында орналасқан ұлы ағартушы, шығыстанушы ғалым, этнограф, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың ескерткішінің тарихынан көпшілікті хабардар етуді жөн көрдік.
Ескерткіштің ашылуына қатысты деректерді жинау барысында «1971 жылы 20 тамызда осы ескерткіштің ашылу салтанатына көрнекті академик, жазушы Сәбит Мұқанов келіп қатысқан» деген мәліметке кезіктік. Осыны анықтау мақсатында Ақмола облыстық, қалалық архивтеріне сұрау салып, мәліметтерді іздестіріп көрдік. Архив мекемелеріне барып, 1971 жылдың Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің тігінділерін қарадық. Әрине, ойымызда «Қаладағы айтулы оқиғаны сол кездегі газет тілшілерінің бірі жазуы мүмкін» деген үміт басым болып тұрды. Бірақ өкінішке орай, газет тігіндісінде аталған газеттің тамыз айындағы сандары жоқ болуына байланысты бұл ақпаратқа қатысты не фотосурет, не материал таба алмадық.
Зерттеуді жалғастыра отырып, бұл жөнінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтан сұрауды жөн көрдік. Ол кісі сәл ойланып, ескерткіштің ашылуына Сәбит Мұқановтың қатысқаны есінде екенін айтып, суреттер мен мәліметтердің архивтерде, мұражайларда сақталмай қалғанына қынжылысын білдірді.
– Қазіргі Көкшетау қаласы 1997 жылға дейін Көкшетау облысы болып аталды ғой. Сол жылдың 3 мамырында облыс тарап, Солтүстік Қазақстан облысының құрамына енді. Содан кейін 1999 жылдан бастап, Көкшетау қаласы Ақмола облысының әкімшілік орталығы болды. Қарап отырсам, 1970 жылдардан бастап, қала қазіргі бет-бейнесіне ене бастапты. Осы жылдарда қаланың барлық негізгі нысандары салынды. Сол кездерде ашылған зауыттар, фабрикалар, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру мекемелері қазіргі уақытқа дейін халыққа қызмет етіп тұр. Шоқан ескерткішінің бой көтеруі де сол жылдардың айтулы жемісі. Шын шеберлердің қолымен жасалған ғалымның сұңғақ бейнесі бүгінде қаланың көрнекті жерінен орын алып, өз сән-салтанатымен көз тартарлық мәдени кешенге айналып отыр. Тәуелсіздік жылдарында да қаланың осы тарихи-мәдени инфрақұрылымына көңіл бөліне бастады. Соның айғағындай, облыс орталығында жаңадан бірнеше ескерткіштер дүниеге келді, – деді мемлекет және қоғам қайраткері өз кезегінде.
Н.М.Ядринцев «Шоқан өз халқын сүюден айныған жоқ, ол еуропалық ағартушылықпен өз халқының ұлттық қасиетін ұштастыруды армандады», – деп жазады Шоқан туралы. Ядринцевтің бір сөзінде жалғандық жоқ. Шоқан жастайынан білімге құмар болып өсіп, небары отыз жыл ғана ғұмырында атақты саяхатшы, ағартушы ғалым атанды. Тегінен тектілік дарыған Шоқанға дана әрі ақылгөй әжесі Айғанымның ықпалы зор болғанын тарихтан білеміз. Олай болса, көрікті Көкше топырағынан шыққан ұлы ғалымның осы өңірде еңселі ескерткішінің болуы құптарлық іс. Қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ қарасөзінің хас шебері Ғабит Мүсірепов: «Шоқаны бар ел, шоқтығы биік ел» деген екен. Біз де өз кезегімізде Көкшемізде Шоқанның ескерткішінің бар екенін мақтанышпен айтып жүреміз.
Көкшетаудың архитектуралық-композициялық тарихи және мәдени мұралардың бірі саналатын Шоқан Уәлихановтың ескерткіші орталықта, қалалық әкімдік ғимаратының жанында, Қопа көліне жақын маңда орналасқан. Нақты ашылған күні 1971 жылдың 20 тамызы.
Ескерткіш композициясы классикалық дәстүр шешімдерінің бірі болып саналады. Шоқанның кескін-келбеті биік тұғырда түрегеп тұрған күйінде бейнеленген, қолында оралған қағазы бар. Тұғырдың биіктігі 4,6 метр. Материалы қола мен бетоннан тұрады, қара гранит тақталармен қапталып, бүйір қырлары өрнекті жолақтармен ерекшеленген. Ескерткіштің авторы атақты скульпторшы, жерлесіміз Төлеген Досмағамбетов, ал, сәулет жұмысымен К.Әбдалиев айналысқан. Ескерткіштің төңірегі абаттандырылып, гүлзар бағы орын тепкен. 2017 жылы айналасы қайта жөндеуден өткен ескерткіш республикалық деңгейде қорғауға алынған.
Сонымен қатар, Көкшетауда алпыс жылдан астам тарихы бар Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті бар. Республикадағы жетекші оқу орындарының бірі саналатын бұл оқу ордасы Тһе imрасt Ranking -2022 рейтингіне сәйкес әлемнің 200 университетінің қатарына кіреді. Университет аумағындағы Шоқанның бюсті 1992 жылы ашылған. Оның авторы көкшелік суретші әрі мүсінші Юрий Попов бастаған шығармашылық топ. 2010 жылы қазынадан қомақты қаражат бөлініп, бұл ескерткіш те қайта жаңғыртылып, ашылған болатын. Оның ашылу салтанатына сол кездегі Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко қатысып, сөз сөйлегені есімізде.
Құрметті оқырман! Жоғарыда айтып өткеніміздей, жеке мұрағатыңызда қаламыздағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің ашылуына қатысты қандай да бір ақпарат немесе сол салтанатты оқиғаға жазушы Сәбит Мұқановтың келіп қатысқанын растайтын фотосурет сақталса, біздің редакциямызға хабарласуыңызды сұраймыз. Кешегі өткен тарих сіз бен біз үшін маңызды екенін естен шығармағанымыз, ал, Шоқан бабамыз бір өзіне бірнеше керемет қасиеттерді тоғыстырған қазақтың ұлы перзенті болғандығын әрдайым да мақтан тұтқанымыз жөн.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.