1 ақпан – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен сері Жүнісовтың туған күні
Сәбит Жәмбек,
филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры
Көнеден жеткен халқымыздың асыл мұрасы – эпикалық мол мұраларымыз кейіннен тасқынды судай ақын-жыраулар поэзиясына ұласты да, ХІХ ғасырдың екінші ширегінде ұлттық рухани аңсарларын ұлы Абай негіздеген жаңаша сападағы әдебиетке ауысты.
Кемел бітімді қазақтың жазбаша әдебиеті ХХ ғасырдың басынан осы ғасырдың аяғына дейін көркемдік дамудың эволюциялық процесін басынан кешірді. Осы толықсып-жетілу, кемелдену, көркею процесінде қазақ әдебиетінің алдынан дәуірдің талай алмағайып бұралаң-бұлтарысы, асу бермес өткелі мен шың-құздары, ылдиы мен өрі, еңісі мен биігі кездесті. Уақыттың алапат мінезі, замана бұрқағы бұршақтай соғып, кемелденуге бет алған талай тағдырларды солдырып тастады. Бірақ, тәңірдің алқауымен, ғайыптан тайып, құдыреті күшті жаратқанның шапағатының арқасында қазақ әдебиеті өзінің көркемдік даму бағдарынан жаңыла қойған жоқ. Әдебиет дамуында сойқанды жылдардың желбуаз ұрандары да, коммунизм иллюзиясына бөленген әсіре тапшылдық гөй-гөйлер де болмай қалған жоқ. Бірақ, уақыттың ұлы тегеуріні бәрін де өз жөніне қойды. Тізесіне салды. Қытымыр саясаттың қиянтұрыс мінезі бір күнгідей болмай, үрлеген көбіктей жоғалып, құрдымға сіңді.
Қазақ санасындағы еркіндік, тәуелсіз рух, адамгершілік ұстындары туған әдебиетіміздің қанша рет қыл тамаққа келсе де, рухани тінінің әупіріммен үзілмей, үміт шырағы боп алға ұмсындырған алтын тұғырының жоғалмауынан деп білгеніміз ләзім. Тоталитарлық қоғамның тар шеңберінде қыстыққан, шерменде күй кешіп ширыққан көркем сөзіміздің талайсыз тағдырына үміт шырағындай болып, үміт соқпағының сүрлеуіне бағыттаған алпысыншы жылдардың жылымығы келді. Бұл жылымық алтын күректің желіндей еркіндікті аңсаған өнер бітіміне үлкен леп әкелді.
Қаңси бастаған тамырларға қан жүгірді. Әдебиеттің тақырыптық-идеялық өрісі кеңіді. Тар идеялық өрістен адамзаттық құндылықтарға бет бұрды. Рухани аңсарлар толыға түсті. Кешегі атылған, асылған, айдалған ағалардың орнына өртеңге шыққан өскіндей жас толқын келді. Бұл – тегеурінді де қуатты буын еді. Балалық шақтарының қызығын алапат соғыс жалмаған, балалығы ұрланған көкірегі шерлі, қамкөңіл ұрпақ еді. Сондықтан да болар, бұлардың рухани бітімі толымдырақ, қуатты өскін еді.
Бұлар әдебиетіміздегі алыптар тобы атанған кешегі Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Мұхтар, Ғабит, Ғабидендердің өз дәуіріне сай жаңаша сипатпен толыққан, жаңғырған, кемелденген, өскен рухани ізбасрлары еді. Қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиетінің асылы да, бары да, нары да осылар екендігін халайықтың жүрегіне сіңіріп, әсіресе, ауыз толтырып айтуымыз керек секілді.
Бірінен-бірі қадам оздырмай, жарыса шыққан, таласа шыққан бұл талантты топ қазіргі әдебиетіміздің жарқын жұлдыздары Тәкен Әлімқұлов, Қалихан Ысқақов, Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази, Қабдеш Жұмаділов, Рамазан Тоқтаров, Төлен Әбдіков, Асқар Сүлейменов, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкеевтар еді.
Қазақ әдебиетінің дара бітімді, әрқайсысының өзіндік айтар сөзі, жеткізер үні бар сараланған жүйріктерінің арасында өзіндік мәнері мен шығармашылық ерекшелігі менмұндалап тұратын, қызулы да сезімтал шыншыл сипаттағы талғампаз суреткер Сәкен Жүнісовтің шығармашылық болмысы туған мекені Көкшетаудай асқақ, Оқжетпестей дара, оқшау көзге шалынады. Есімі де, шығармалары да халық арасында аңызға айнала бастаған текті де мінезді жазушы.
Өмір сырын тереңнен қамтитын зерделі суреткер. Қара орман қалың жұрты еркелетіп Сәкен сері атаған, қазақтың қабырғалы жазушыларының бірі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісов азабы да, рахаты да мол шығармашылық еңбектің шыңына шыққан бақытты жазушы.
Кемелденген қазақ прозасының маңдайалды шығармалары қатарындағы жазушының «Жапандағы жалғыз үй» романы, «Ақан сері» роман дилогиясы, «Аманай мен Заманай» хикаяты оқырман қауымнан жылы қолдау тауып, үлкен әсерге бөлеген шынайы халықтық туындыларға айналды. Суреткер мерейі де осы халықтық туындыларымен биіктей түседі. Өнердің ізгі бәсекесінде өзгелерден құрық оздырады. Көркемөнердің нәзік талғамы мен қатал сұрыптауынан жарқырай түлеп, өз оқырмандарының жүрегіне кеңінен жол тапты.
Сондықтан да, Сәкен Жүнісовті өз оқырмандарының ықылас-мейіріне бөленген шын мәніндегі халық жазушысы деп танығанымыз абзал.
Жазушы қаламынан туындаған дүниелердегі көркем образ , стиль, тіл, жанр, композициялық шеберлік деген мәселелер жеке-жеке арнайы зерттеуді қажет етеді. Аталмыш мәселелер бүгінгі таңда әдебиеттанушы-зерттеушілер тарапынан зерттелу үстінде. Болашақта бұл өрелі іс әрі қарай жалғасын таба беретініне кәміл сенеміз.
Біз де өз тарапымыздан көркемдік стиль даралығын, жазушы шеберлігін айқындайтын пейзаждық суреттеулер мен адам образын шынайы да терең танытуда, ашуда қолданылатын бірер портрет-штрихқа тоқтала кетсек.
Табиғат суретінің нәзік те шынайы болмысын жазушы қаламы төмендегідей өрнектепті: «Бағанадағыдай емес түн қараңғылығы бірте-бірте қоюлана түскен. Шығыс жақ беттегі жұлдыздар жоғалып, көк жиектен ауыр қара бұлттың ірі тұлғасы көрінді. Әлден уақытта алыстан күн күркіреді де нажағай оты әлсіз ғана жарқ етті. Халел ентелеп басып жүріп келеді. Жабғы таудың арасында бұғып жатқан бозторғай тап үстінен адам келіп қалғанда үркіп, пыр етіп ұшады. Халел селк етіп қалшиып тұрып қалады да, аз уақыт тың тыңдап, тағы да әрмен қарай жүре береді.
Айыр өркешті Қыземшек те жақындаған сайын сорайып, түн қараңғылығында бұрыңғыдан бетер состиып биіктей берді. Жауын бұлты оның иығына жасырынды. Биік шоқының тұсына іліп қойған қап-қара киіз тәрізді. Әлде кім шақпақ тас жарқылдатқандай, Қыземшектің ершігінде әлсін-әлсін от ойнайды. Ол кезде қос арнаға жан біткендей діріл қағады. Аздан соң түн ішінде бозамық тартып жатқан бетегелі жер түнеріп, бері жылжыған қою бұлтпен астасып, тұтасып кетті. Қалың жыртындыға тірелген Халел тұра қалып тың тыңдады. Арғы беттен талып естілген трактор үнінен басқа ештеңе құлаққа шалынбайды. Оң жақ бүйірдегі бір түп көденің түбінен жалғыз бөдене «бытпылдақ, бытпылдақ» деп екі-үш рет тақылдады да тым-тырыс тына қалды. Алыста күн жарқылдады». (Сәкен Жүнісов. «Жапандағы жалғыз үй»).
Апырмай дейсіз сіз де, шегіңізді тартып, осының бәріне кейіпкер Халел емес, өзіңіңіз куә болғандай, шынында да ауа дымқыл тартып, мұрныңызға жаңбыр иісі келгендей ме, қалай?! Құлағыңызға жел суылдап, шөп сыбдыры естілгендей. Тап жаныңыздан бозторғай үркіп, пыр етіп ұша жөнелгендей, «бытпылдақ қаққан бөдене үні, найзағайдың жарқылы Қыземшектің биігінде әлдекімнің шақпақ тас жарқылдатқандай әсер беруі сізді тіпті еліктіріп, өзгеше бір дүниенің қойнауына енгізіп жібергендей. Жауын бұлтының биік шоқының тұсына іліп қойған қап-қара құрым киіз тәрізді көрінуіне не айтасыз?!
Алыстағы күннің жарқылы, найзағай отының әлсіз жарқ ете қалуы, ақырған арыстандай алыстан талып жеткен күннің күркірі, осылардың бәрі-бәрі сізге таныс бір аяулы дүниедей! Әлде бір қимас сезіміңізді оятқандай. Көз алдыңызға қазақ даласының өзіне ғана тән бояуы, өзіндік ерекшелігі келгендей болады. Сіздің қимас сезімдеріңізді оятып, көз алдыңызға аяулы сурет туғызып тұрған да осы қазақ даласына деген ішкі бір сағыныш екенін пайымдайсыз. Міне, өнер мен өмірді астастырып, тұтастырып жіберген сөз сиқыры, қалам құдіреті деген осы! Жүнісов қаламының көркемдік қуаты да осындай ерекшеліктерден нәр алады.
Адам образын беруде, оның ішкі жан-дүниесін жарқырата ашып, жеткізуде, сезім күйін беруде портрет тәсілінің орны ерекше. С.Жүнісов те кейіпкер характерін сомдауда портрет тәсілін жете меңгерген. Қаламгер портрет жасаудың шебері.
А.В.Чичерин былай деп жазады: «Движение, идущее внутрь весьма запутанной души человеческой, начатое с портрета, составляет основу характеров и их столкновений».
Мысалға «Ақан сері» романының басты кейіпкері Ақанның Құлагердей қанатты серігінен айрылған кездегі психологиялық хал-ахуалын мынадай портреттік штрих-деталдар арқылы жеткізген: «…Ақанның арқасынан мұздай тер шып-шып шықты. Кең жазық маңдайында бөрткен тер маржандай мөлдіреп, тынысы тарылып, кешкі таза ауа жетпей барады… Сары аттың үстіндегі Ақан көзі қарауытып, теңселіп кетті. Түк көрмей, түк естімей, көзінің алды бұлдырап, тұнып барады».
Заманның соқтықпалы-соқпақты қысталаң мінезінен рухани тұрғыда әбден шаршаған, салыққан Ақанның ішкі жан-күйзелісі психологиялық тұрғыда былай беріледі: «Бұл күні Ақанның түсі келмеді. Ұйықтамағандікі ме,… екі көзі қанталап, өңі қуарып, қос ішінде шалқасынан түсіп жатып алды. Көзі ілініп ұйықтамайды да, тек дөңбекшіп, анда-санда, күрсінетін сияқты».
С.Жүнісов – сан қырлы қаламгер. Шығармашылық жолын балалар жазушысы болып бастаған ол бұл тарапта да өнімді қалам сілтеді. Атап айтар болсақ, жазушы қаламынан туған «Сонарда», «Әжем, емші және мен», «Кімнің мекені жақсы», «Алдыңғы вагон», «Сақау бәтеңке» сияқты кітаптары балалар жүрегіне жол тапқан өміршең шығармалар.
Жазушының творчестволық тұрғыдағы үлкен құнарлы өрісі драмалық шығармалары болып табылады. Қазақ драматургиясындағы бұрынғы дәстүрлі фольклорлық сюжетке құрылған басым үрдісте бүгінгі заман тақырыбын өзекті тақырыпқа айналдырушы драмашыларымыздың бірі де Сәкен Жүнісов. Оның қаламынан туындаған «Ажар мен Ажал», «Тұтқындар», «Жаралы гүлдер», «Әр үйдің еркесі», «Қызым, саған айтам…», «Кроссвод», «Өлара», «Қысылғаннан қыз болдық», «Қос анар», «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» туындылары ұзақ жылдар еліміз театрларының сахналарынан түспей келе жатқан шығармашылық шырайы басым өміршең дүниелер. Жанр табиғатына байланысты суреткер жауапкершілігі, қаламгер талғамы деген мәселеге байланысты белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай былай деп жазады: «Сәкен Жүнісов осы талапты қатаң ескерген драмашы. Мінез-құлық өрбітуде, тартыс-талас құруда, кейіпкерлерінің, ішкі-сыртқы әлемін даралауда, олардың аузына пәрменді сөз салуда қаламгер еш мүдірген емес. Жасанды оқиға, жарытымсыз жағдай, жартыкеш жан-дүниелерге жуымайды. Халқының әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүр-дағдысын жетік білетіндігі айрықша көзге ұрып жатады. Дүниетанымының кеңдігі, философиялық топшылау деңгейі оны замандастарына етене ете түсті».
Біздің бұл пікірге қосарымыз жоқ. Иә, айтса айтқандай, Сәкен кейіпкерлері күйіп-жанған қызу сезімнің, кесек мінездің, Шекспирлік құштарлықтың иелері. Жазушының драмалық бұл болмысы оның прозалық шығармаларына да үлкен әсерін тигізген. Оның прозалық шығармалары да драматизмге, үлкен тартысқа, серпінді динамизмге құрылған. Кейіпкерлері де ширыққан сезімнің, қызу қанды мінездің иелері. Сайып келгенде, Сәкен Жүнісов шығармалары қазақ әдебиетінде сезім шынайылығы, шындық келбетінің құндылығымен дараланатын, бағаланатын құбылыс деп есептейміз. Өскелең әдебиеттің зерделі суреткерлерінің бірі Сәкен Жүнісов сияқты шығармашылық тұлғаның күнге бет алған керуендей уақыт жүгін арқалаған рухани мұралары замана көшінде алмастай жарқырап, мәңгіліктің соқпағында өз сүрлеу, іздерін қалдыруда.