Тектілігімен танылған тұлға

Есімі – ел есінде

Неге өмірді өзенге теңейді десек, өзендей ағындап өте шығады екен ғой. Айналамызда бұрын жүрген адам кеше, кеше жүрген адам бүгін жоқ. Олар енді біз аңсап, сағына іздейтін ескірмес естелік. Аспанда әдетте шоқ жұлдыз дегеніміз дараланып, өзгелерден оқшау көрініп тұрары бар. Жарқыраған сол шоқ жұлдызды ұлыларға теңесек, оның айналасындағы қалған жұлдыздар да қамшының сабындай қысқа ғұмырында өмірде із қалдыруға ұмтылған жақсы-жайсаңдар сияқты.

Сондай игі жақсыларымыздың бірі – Кәкімбек Жұрымбаев 1932 жылы 20 қыркүйекте бұрынғы Көкшетау облысы Көкшетау ауданының, бүгінгі Ақмола облысы Зеренді ауданының Жылымды ауылында дүниеге келіп еді. Кішкентайынан ата-анасының көз қуанышы болып өскенімен, сол арқасүйер паналарынан ерте көз жазды. Анасы небары 39 жасында бұл өмірден кете барса, өзін тағдырдың тар уысында қалдырмай, алға жетелеген әкесі Жұрымбай да бұл жарық дүниенің қызығы мен шыжығын көп көрмеді. Оның да ғұмыры ұзағынан жазбай, ерте үзілді.

Осы бір сақылдаған сары аяздай тағдыр соққысы бала Кәкімбекті өмірдің оң-солына жастайынан дұрыс көзбен қарауға, тірліктің қай сыбағасын болса да түзу жол, маңдай тер, табан ақымен иеленуге үйретіп еді. Соның ішінде өзі алғаш мектеп партасында отырғанда-ақ ғажап бір сырлы әлем болып көрінген ұстаз болмысына, мектеп өміріне алабөтен жылы көзбен қарайтын. Өзінің аз уақытта әріп танып, одан білім деген белестің біраз өр-қырынан көрініп, адам болып келе жатқанына осы ұстаздарын пір тұтып, «шіркін мен де сондай болсам» деген бір қиялдың жетегінде аспандайтын.

Сөйтсе бұл бала Кәкімбектің ұстаздық атты ауыр да абыройлы жолға өзінше бір бейкүнә дайындығы екен. Алғаш ұстаз бейнесін ыстық көруі де, осы ұстазының бойындағы білім мен мейірімді бәрінен жоғары қоюы да тектен тек болмай шықты. Ақыры, осы бір құштарлық өзін де білім бағының бағбаны болуға алып-ұштырып, мектеп қабырғасынан түлеп ұшқаннан-ақ мұғалімдік жолға аңсары ауа берді. Ол кезде осы Көкшетаудың өзінде де соның сәтін салатындай-ақ ілкім мүмкіндік жоқ емес, бар еді. Сөйтіп, алға, ілгері ұмтылудан ешкімнен талабы кем емес құймақұлақ шәкірт осы Көкшетаудың өз басындағы қазақ педагогикалық училищесінің оқушысы атанып, 1952 жылдың жазға салым мезгілінде одан бастауыш мектеп мұғалімі мамандығын ойдағыдай алып шықты. Бұдан әрі оқуда алғыр жасқа ұстаздары да осы білімін әрі жалғастыруға ақыл-кеңестерін беріп, түбі бір осы жастан жақсы ұстаз шығатынын болжай түскендей еді. Өз ойы да осымен бір жерден шығып, жоғары білімді көксеген Кәкімбектің ендігі жан-дүниесі сонау қарт Алатаудың баурайындағы ару Алматыны көздей берді. Онда Кәкімбек сияқты жүздеген жастардың бағына қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы – С.М.Киров атындағы университеттің филология факультеті бар болатын. Сол орта ұстаздық білімге әрі қарай да шөліркей келген мұны жатсынбай қарсы алып, студенттік жылдардың өзіне тән қызық-шыжығымен бірге, арада төрт жыл өткенде оқу-ағарту саласының білдей бір маманы етіп қимай шығарып салды.

Міне, кейін бойында бар қабілет-қарымы, екі бірдей оқу орнында алған білім-білігімен көшелі ұстаздар қатарына келіп қосылған Кәкімбек Жұрымбайұлының мұғалімдік өнегелі өмір жолы осылай басталды. Ол өмір жолы бар жан-жүрегімен осы қастерлі мамандықты қалап алған жанның жеке басының зор өнегесі, мейірімі мен ізгілігі, адалдығы мен ақыл-парасаты, кішілігі мен кісілігі арқылы да жолындағы бар шәкірттің тұла бойына жете дарып жатты.

Жыл өткен сайын жан-жүрегіне ұялатқан бар арманы да, аңсары да осы жас жеткіншектер болып, солардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы жолында ештеңеден тартынып қалмаған жас ұстаздың, келе-келе бас ұстаздың соңында қалдырған өнегесінің өзімен де бүгінде небір жасты өмірдің ең бір жақсы қасиеттеріне баулып, тәрбиелеп шығаруға  болатындай. Кешегі бала жанының бар сыр-сипатын ұға білген, сол баланы күні ертең қоғамымыздың белді бір азаматы болуға бейімдеудің небір орайлы кілтін таба білген Кәкімбек ағалардың кезінде, біздің елдің білім саласында бір ұтқаны, мектептегі мұғалімдердің көбі ер азаматтар болушы еді. Олар баланың жанында кәдімгідей молынан арқасүйер, үйренер, үлгі тұтар тұлға болып көрініп, сол арқылы бүгінгі жасқа, ертеңгі азаматқа әлсіз болмауға да, арсыз болмауға да ықпалын көбірек тигізуші еді. Осы ағаларымыздың нық басып, бала жанын жарты сөзден, жарты көріністен-ақ ұғып, сүйеу де, тірек те бола білулері әкелері, ағалары сонау қанқұйлы соғыстан бастап, нешетүрлі құқайларды көрген балалардың өзіне тап бір әке мен бауырдың аялы алақанындай елестейтін. Сөйткен қайран ағалар-ай, сіздердің де толқын-толқын  қатарларыңыз мектеп деген қасиетті ортада кеміп, селдіреп, көзге түспейтін де болды-ау. Баланы өмірдің сабақтарымен, ыстықты-суықты табымен тәрбиелеп, жеткізген аға ұстаздар, кейде бір сіздердің керек болып көрінген жағдайларыңыз, ұлық қасиеттеріңіздің өшпес өнегесі екен ғой.

Осы алдыңғы қатарда болып, осы ортаның көшбасшылығынан ойып тұрып орын алған Кәкімбек Жұрымбайұлы білім саласында бір шаңырақтан жалғыз шыққан қайраткер емес еді. Ол кісімен бірге сүйіп алған жары Күләш Мұхамеджанова апамыз да аяулы ағамызбен ҚазМУ-ды үзеңгілес бітірген жоғары білімінің арқасында талай буын шәкірттердің өмірінде үлкен із қалдырған ұлағатты ұстаздың бірі бола білді. Екеуі қол ұстасып, қолтықтасып жүріп, өздеріне еңбек ету мүмкіндігі бұйырған бірнеше мектепте білім шамын жарқырата жақты. Үнемі шәкірттер ортасында болып, солардың бала жүректерінің лүпілімен тыныстаған ерлі-зайыпты қос ұстазға облыс орталығы Көкшетау қаласының іргесіндегі неше ауылдың ұл-қыздары осы алған білімі жағынан қарыздар емес деп кім айтар. Соның бәрінде де алдарынан жақсы азаматтар түлеп ұшып, ұстаз шәкірттің, шәкірт ұстаздың бағын жандырған, атын шығарған мысалдар Кәкімбек және Күләш аға-апайлардың өнегелі өмірлерінде де жетерлік-ақ.

Кәкімбек ағаның қырық жыл ұстаздық етіп, соның 32 жылын мектеп директоры қызметінде өткізген ұлағаттылығы мен ізгілігі жағынан тамаша ғұмырының астарында сол биікке қияндаған талай шәкірттің ақ алғысы, жүрекжарды ризашылығы жатқандығы шындық. Бірлігі мен берекесі келіскен жақын төңіректегі қазақ ауылдары – Жылымды, Октябрь, Пахарь мектептерінде басшылық тізгінін ұстап, сол ауылдардың мәдениетінің де, білімінің де бетке ұстар өкілі болып жүре білген Кәкімбек ағалардың жүрегіндегі балаға деген іңкәр сезім, таудай жылылық, болашағына алаң көңіл бүгінгі ұстаздарда да көбірек болса, әр ортадан талай азаматтар тәуелсіз еліміздің тірегі боларлық небір биіктерден көрінері де сөзсіз-ау. Сол үшін де бүгінгінің мұғалімдеріне кешегі ардагер аға-апаларымыздың бойынан ерекше көрініс беріп тұратын өз парызына адалдық, бала танығыштық қасиеттер көбірек керек сияқты көрінеді де тұрады бізге.

Бір үйден шыққан қос ұстаз сонау көкжиекке тартатын қос соқпақтай ізі бір көнермей, әлі молынан жүректерде келе жатса, ол да кешегі біз айтып жатқан үлкен ұстаздық қадір-қасиеттерінің өтеуі. Өзінің туған жиені, медицина ғылымдарының докторы, академик, бүкіл елімізге белгілі жетекші онколог дәрігер Абай Мақышев, еліміздің прокуратура органдарында үлкен басшылық қызметтер атқарған Абай Мәженов, Көкшетау, Павлодар қалаларында банк филиалын басқарған Өтебай Қайыржанов, Қиыр Шығыста кеме капитаны деңгейіне көтерілген Владимир Выскребенцов, тағы басқа да ондаған, жүздеген шәкірттерінің есімдері жақсы жағынан аталғанда, оларға білім берген ұстаздарының да жарқын бейнелері, еңселі тұлғалары көмескіленіп, уақыт табы шалар ма. Басшылық қызметінің біраз жылдары ізденіске де, берекетті істерге де ұласқан бір Пахарь сегізжылдық мектебінің өзінен кезінде қаншама шәкірт осылай өмірдің өріне ұмтылып, Кәкімбек аға еңбегін ақтап жатса, ол да жүзі жарқын, жаны адал ұстазға тәңірдің бергені деп білуіміз керек.

Ойымызды осылай бір өріп алып, Кәкімбек ағамыздың өмірінде жиі қайталайтын «менің байлығым алдымнан өткен сансыз шәкірттерім мен өз қанатымнан өрбіген алты балам» деген сөзін және бір әңгіме тиегіне айналдырғымыз келеді. Мұндай сөзді, талайымызға тәлім болар тәмсілді тек бұл өмірдегі өзінің ұлы миссиясын елінің келешегі – жас ұрпақтың жан-дүниесіне бойлау, жақсы азаматтар тәрбиелеу деп ұққан адам ғана ғұмырының бойтұмары етері анық. Кәкімбек Жұрымбайұлымен Күләш Тілеуліқызының мектеп қабырғасындағы өнегелі ғұмырларының өз шаңырағындағы берекелі де ынтымақты тірлікке ұласып жатуында да осындай үлкен өмір сабақтастығы бар. Бар парыздары үйде де, түзде де қоғамға қажет саналы да салмақты ұрпақ тәрбиелеу деген ұстаныммен ғұмыр кешкен бұл аяулы жандардың қадір-қасиетін ендігі арада өз ұл-қыздары да мына бізге, сол ұрпағын көзі көріп жүрген осы күннің адамдарына барынша таныта түскендей.

Сіз, біз десе, жүрегі елпілдеп тұратын зерделі ұлдары Дулат замандасымызға қарап-ақ өзіміз көзін көре алмаған Кәкімбек ағамызды тіршілігінде тап осылай болған шығар-ау деп топшылауға әбден жөніміз бардай. Иә, дәл осы Дулат ұлы әке тектес болмысымен Көкше еліне өзінің «асылдың сынығы» дейтіндей атқарған қызметімен де, жібектей есілген мінезімен де молынан танылған нақ тектіліктің өзі десек қателеспейміз. Оның Егіндікөл ауданының әкімі ретінде атқарған адал жұмысы, Ақмола облыстық мәслихатының аппарат басшысы қызметінде көрсеткен тынымсыздығы мен белсенділігі де елдің көз алдында. Жалғыз Дуекең емес, бұл шаңырақтың өсіп-жетілген балаларының бәрі де тұп-тура ата-аналарының солай күткеніндей, солай  қалағанындай бұл өмірде өздерінің лайықты орындарын тапқан. Әке көре алмаса да, соны толықтай өз көзімен көріп, көңіліне түйіп кеткен аяулы анамыз Күләш Тілеуліқызының да 85 жыл ғұмыр кешіп, бұл өмірден өткені күні кеше ғана. Еліміз тағы бір үлкен жүректі ұстазынан айырылып, жан сыздаған сол бір ауыр қаза да басы Кәкімбек ағадан басталатын Жұрымбаевтар әулетінің Көкше жұртшылығы үшін қаншалықты қадірлі де қымбат екендігін тағы бір жарқырата көрсеткені бар.

«Асылың кетті, ардағың кетті, жастай-кәрідей кетті» деп өмір бір орнында тұрмақ емес. Оның осы мақаламыздың басында айтқан ағындап ағар өзендей өз бағыты, арнасы бар. Сол бағыт-арнаны салушылар кім десеңіз, осы  біздің асылдарымыздың кейінгі ұрпақтары. Кәкімбек аға мен Күләш апайымыздан тараған алты ұл-қыз, олардан өрбіген 11 немере, 13 шөберелер де қолдарынан келгенінше жақсылар атын жарқын күндерге жалғастыра бермекші. Шөберелері өмір деген ағыстың әліппесін енді-енді танып келе жатқанымен, немерелердің бәрі дерлік жоғары білім алып, өз жолдарымен қызметтерінде де жүріп жатыр. Тек біз өз сөзімізде көбірек тоқталған Дулаттарының ұлы Тайырхан ғана әзір Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің екінші курс студенті. Ал, осы балалардың ішінен әзірге атасының тегін алған бірден-бір немересі Кәкімбеков Дәуренге де тәңірім кемел келешекті бұйыртатындай. Атасы сияқты ол да ару қала Алматыда халықаралық ақпараттар технологиясы университетін (МУИТ) бітірген. Бұл күнде Қазақстандағы осы салаға маманданған ірі компаниялардың бірінде жемісті қызмет атқаруда.

Міне, Алла беріп, одан әрі де өсіп-өнуі тиіс берекелі әулетте ата-аналары сияқты ұстаздық жолды қуған Алтынайды да ауызға алмау мүмкін емес. Ұзақ жылдар бойы Көкшетау қаласындағы №1 орта мектепте еңбек етіп, жоғары санатты мұғалім деңгейіне көтерілген осы балапандарының да өмірде ұстанған бар мұраты ең алдымен, әке-шешесіндей ұстаздық атқа адалдықболды деген жақсы лебізді де естиміз.

Иә, өмір ағындап өтер, уақыт алға көшер. Бірақ, оның керуен көшінде алма-кезек бұл жарық дүниеге келіп, кетіп жатқан жақсылар ұмытылмас. Саналы да салиқалы ұрпақтары бұл дүниеден өткеніне отыз жыл толуына орай құран бағыштап, ас бергелі отырған үлкен ұлағат иесі Кәкімбек Жұрымбайұлы да сол тектілердің қатарынан екені сөзсіз. Соған орай, аяулы есімі де еш көнермей, жиі-жиі осылай жаңғырып, ел аузына алына бермекші.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар