Кеше Ақмола облысы әкімі аппаратының кеңейтілген отырысы өтіп, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуының жылдық қорытындылары мен алдағы жоспарлары талқыланды. Оған аудан, қала әкімдері мен басқармалардың басшылары және аймақтағы ірі кәсіпорындардың өкілдері мен әкім аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты.
Мәжілістің күн тәртібіне бюджеттік атқару жұмыстары мен өңірдің көктемгі су тасқынына дайындық шараларының барысы бекітілген соң, жауапты ведомство басшылары аталған мәселелер бойынша баяндама жасады. Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуындағы өзгерістер туралы өзінің баяндамасында өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім, мәдениет салаларындағы жоспарланған тиісті көрсеткішке қол жеткізе алмаған бірқатар салаларды атады. Дегенмен де, аймақта бұл салаларда жоспарды артығымен орындап, жұмыстардың қалыпты балансын сақтаған өңірлер де бар. Соның арқасында Ақмола облысы экономикалық өсу деңгейі бойынша республикамыздың үздік бестігіне кіріп отыр. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы алғашқы кезекте ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес саласының ілгері басуымен тікелей байланысты екендігі белгілі. Бұл орайда, елордалық облыс мәртебесіне ие Ақмола облысында соңғы кезде жағдайдың біршама тұрақталып келе жатқанын байқаймыз.
Құзырлы ведомство басшысының баяндамасындағы мәліметке сәйкес, бүгінде Ақмола облысындағы ішкі жалпы өнімнің көлемі 1 604,3 миллиард теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101,4 пайыз. Өңірдің экономикалық өсу қарқынына әсіресе, тау-кен, машина жасау, уран өндірісі, химиялық өнеркәсіп, құрылыс индустриясы мен тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының жұмысы айрықша әсер еткені сөзсіз. Басқарма басшысы Алмагүл Шүгірмақова өңірдің өнеркәсіптік секторындағы төмендеген көрсеткіштерді де атап, өңдеуші кәсіпорындар өткен жылы тек 80 пайыз ғана өнім өндіргенін атап өтті. Осы тұста облыс әкімі Марат Ахметжанов бұл көрсеткішті 100-115 пайызға жеткізу міндеті тұрғанын ескертті. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2023 жылы Ақмола облысы өңірдің өнеркәсіптік секторы бойынша республикамызда үшінші орында тұрған, ал, былтырғы жылы бұл көрсеткіш төмендеп, аймақ өндірісі 15 орынға бір-ақ құлдилаған.
– Өндірістің көлемін төмендеткен Степногорск пен Зеренді және Шортанды аудандарындағы зауыттардың жұмысына күш салу керек. Бұл аймақтардағы өнеркәсіп орындарының басшыларымен қарым-қатынасты нығайтып, барлық қажетті шараларды жасауға тиіспіз,–деді аймақ басшысы жиын барысында.
Одан әрі сөзін жалғаған басқарма басшысы 2024 жыл қорытындысына сәйкес, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасын сақтап қалған бес саланы атады. Белгілі болғанындай, ауыл шаруашылығы – 145,3, құрылыс – 122,8, сауда – 115,6, көлік – 115,7, тұрғын үйді пайдалануға беру 100,3 пайыздық көрсеткіштерді көрсетіп отыр. Сонымен қатар, өткен жылдың соңында мемлекет бюджетіне 522 миллиард теңге салық түскен.
Бір қуанарлығы, Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша республикада екінші орында тұр. Аймақтың аграрлы екендігін ескерсек, мұндай көрсеткішке жету оңай болып көрінгенмен, бұл да болса өңір еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп ойлаймыз. Мәселен, өткен жылы ауыл шаруашылығында жалпы ішкі өнім 45,3 пайызға жетіп, 920,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.
Жиын барысында тағы бір облыс әкімінің назарын аударған мәселе денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы жіберілген олқылықтар болды. Мысалға айтатын болсақ, өткен жылы Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасына күрделі жөндеуге қомақты қаражат бөлінсе де жұмыс толығымен аяқталмай қалған. Нәтижесінде, бес айға созылған жоба құны 1 188,1 миллион теңгені құрап, оның 134,8 миллион теңгесі бюджетке қайтарылған.
Ал, өткен жылы білім беру нысандарын күрделі жөндеуге 67 жоба бойынша 7,3 миллиард теңге қаражат бөлінгенімен, оның 60 жобасы ғана орындалған. Ерейментау, Целиноград, Бұланды аудандарындағы аяқсыз қалған жеті жобаның 1 348,2 миллион теңгесі игерілместен бюджет қоржынына қайта қайтарылған. Аймақ басшысы аталған мәселелер бойынша аудан басшыларын тұрғызып, жобалардың не себепті аяқталмағанын сұрады.
– Дайын тұрған әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеуді жүргізуді дұрыс үйлестіре алмаған аудан әкімдері қалай үлкен шаруаларды атқарады? – деп әкім өз кезегінде қатаң ескертулер жасап, алдағы уақытта мұндай олқылықтарға жол берілмеуін талап ететінін жеткізді.
Жиын барысында тағы бір талқыланған шаруа өңірдің көктемгі су тасқынына дайындық шараларын пысықтау болды. Өткен жылы еліміздің басым аймақтарында қатты су тасқыны орын алып, көптеген елді мекендердің құтын қашырғаны есімізде. Бұл келеңсіздік біздің аймағымызды да айналып өтпей, өңірді біраз шығынға ұшыратқанын ұмыта қойған жоқпыз.
Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы, полковник Б.Алашов өңірде су басу қауіптерінің алдын алу мен оған қарсы дайындық шаралары туралы есеп берді. Оның сөзінше, Целиноград, Атбасар, Бұланды, Зеренді, Сандықтау, Астрахан және Аршалы аудандарында күн күрт жылынып кетсе, қауіп күшейе түспек. Сол себепті аймақтарда қазіргі уақытта өзендер мен су арналарының жағасы бекітіліп, арналарды тереңдетіп ұңғу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мәселен, бүгінгі таңда 179 елді мекенде 64,5 шақырым су бұру каналдары қазылып, 38 шақырым өзен арналары тазартылып, 35 шақырым су бұру арналары кеңейтіліп, тереңдетілген. Құзырлы ведомство тарапының жұмыс есебін мұқият тыңдаған аймақ басшысы көктемгі су тасқыны кезіндегі шаралардың маңызды екенін, өткен жылғы жіберілген олқылықтар мен қателіктердің қайталанбауын қатаң тапсырды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.