Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтың төрағалығымен партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған Жол картасының орындалу барысы талқыланды.
Жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов, орынбасары Ақманат Әлімбетова, облыстық мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов, фракция мүшелері, тиісті басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысты.
Елімізде «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға жоспарланған Сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында арнайы Жол картасы әзірленген болатын. Былтыр өңірде осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылды. Алайда, облыс бойынша Жол картада белгіленген 130 іс-шараның 84 пайызы орындалса, 14 пайызы орындалмаған.
2024 жылы 42 ет фермасы құрылды, Бұланды ауданында сұйық тыңайтқыштарды сақтау қоймасы салынып, Астрахан, Целиноград, Жарқайың аудандарында 4 суландыру жобасы енгізілген, Ақкөл, Атбасар, Сандықтау облыстарында 3 астық қоймалары салынып, Аршалы ауданында жел электр станциясы іске қосылды. Агроөнеркәсіп кешені саласында 809 тұрақты жұмыс орны ашылып, 34,5 миллиард теңгеге 64 инвестициялық жоба іске асырылды.
Кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің санын ұлғайту үшін жыл сайынғы субсидиялар мен гранттар беру жоспары орындалды.
Өңірдегі 56 154 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылып, балаларды инклюзивті біліммен қамту көрсеткіші ұлғайды. Өткен жыл Ақмола облысының білім беру саласы үшін жемісті болды. 13 480 орындық 11 мектеп, жоспардан тыс Көкшетау қаласында 1500 орындық мектеп пайдалануға берілді. 14 балабақша ашылып, 15 мектеп күрделі жөндеуден өткізілді.
Облысқа келген 113 медицина қызметкеріне біржолғы төлем түрінде жалпы сомасы 497,5 миллион теңгенің әлеуметтік қолдауы көрсетілді. Мәдениет саласы және мұрағат қызметкерлерінің жалақысы 26 пайызға өсті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша тиісті жоспар да орындалды.
Өткен жылдың жоспарына еніп, алайда орындалмай қалған 19 тармақ бойынша облыс әкімінің орынбасары жауапты мемлекеттік органдардың басшыларын тыңдады. 8 серпінді инвестициалық жоба, 1200 орындық 4 жатақхананың құрылысы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы және басқа да бағдарламалар аясында 38 мектеп пен оған қосымша ғимараттардың құрылысы, Бұланды аудандық ауруханасы мен Атбасар көпсалалы ауданаралық ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары, 4 мәдениет ошағы мен 1 стадионның күрделі жөндеуі, облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу және 6 көпір салу, 65 ауылда су желілерін салу және жөндеу, газбен қамту, электр желілерін жаңарту сынды әлеуметтік маңызы бар тармақтар бойынша Ақмола облысының бюджеттік жоспарлау және экономика басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова түсініктеме беріп, аталған тармақтардың биылғы жылға ауысатындығын, орындалмаған міндеттер бойынша нақты шаралар белгіленетіндігін жеткізді.
Сайлауалды бағдарламаның Жол картасының кейбір тармақтарының орындалмау себебі талқыланып, сала мамандары мен аудан әкімдеріне сұрақтар қойылып, ұсыныс пікірлер айтылды.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов бюджетті тиімді жоспарлау мен сайлауалды бағдарламаны орындау күн тәртібіндегі негізгі басымдық болу керектігін атап өтіп, Жол картасының орындалмау қаупі бар тармақтарына депутаттар тарапынан үнемі мониторинг жүргізіліп, оның орындалуын жан-жақты бақылауды қамтамасыз ету қажеттігін міндеттеді.
«AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы.