Тұрақты комиссияларда
Ақмола облыстық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Марат Қойшыбаевтың төрағалығымен өткен отырыста ауылдық елді мекендерде жұмыс істеп жүрген мамандарға коммуналдық қызметтерін өтеуге және отын сатып алуларына әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі талқыланды.
Комиссия отырысына облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов, облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, әлеуметтік бағыттағы басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырыста алдымен Ақмола облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерлан Әубәкіровтің 2024 жылғы мекеменің жұмыс қорытындылары мен перспективалары туралы баяндамасы тыңдалып, талқыланды.
–2024 жылы аталмыш департамент атына тұтынушылардан 730 өтініш түсті. 2023 жылмен салыстырғанда өтініштер саны 7 пайызға артқан. Өтініштердің ең көбі, яғни, 71 пайызы – бөлшек саудаға байланысты шағымдар. Ол көбінесе тұтынушылардың сатушыларға көңіл толмаушылығы, алған тауарларын қайтаруға немесе айырбастап алуларына мүмкіндік бермеулеріне байланысты жазылған арыз-шағымдар. Сонымен бірге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтеріне де өтініштер біраз түсіпті. Мәселен, тарифтердің өсуі, электр энергиясының өшуі, домофон және газ тарату компанияларының жұмысы тұтынушылардың наразылығын тудыртады. Бұл – тұтынушылар үшін ең проблемалы салалардың бірі болып қала бермекші. Сонымен бірге, туристік, білім беру және медициналық қызметтерге, қоғамдық тамақтану мәселелеріне, электрондық сауда, тауар сипаттамасының шындыққа сәйкес келмеуі, сатушы туралы ақпараттың болмауы және ақшаны қайтарудың қиындығы да тұтынушылардың шымбайына батып, арыз жазуларына себеп болған. Өтініштердің 83 пайызы қарай келе, оң шешімін тапты, –деді Ерлан Ермекұлы.
Департамент жұмысының нәтижесінде тұтынушылар 65 миллион теңгені қайтарып алған. Мысалы, автомобиль ақаулары бойынша 19 миллион теңге сомасында қаржы қайтарылыпты. Ең жиі кездесетін себептер автосалондар арқылы сатып алынған автомобильдердегі ақаулықтар, мәлімделген сипаттамаларға сәйкес келмейтін тұрмыстық техникалар екендігі атап өтілді. Депутаттар департамент басшысының жұмыс қорытындыларын тыңдап болған соң, бүгінде ел тұрғындарының назары ерекше ауып отырған картоп бағасын ұстап тұру бойынша атқарылған жұмыс нәтижесін сұрап білді.
–Бүгінгі таңда базарларда картоп бағасы 250 теңге, дүкендерде 280-285 теңге аралығында. Ал, «Көкше» СПК арқылы жүзеге асырылып жатқан көкөністің бұл түрі «Смол» сауда орталығында 125 теңге, «Көкше-Маркетте» 105 теңге. Жалпы, картоптың қымбаттауы сұранысқа байланысты, – деді департамент басшысы бұл орайда.
Өткен жылдың соңында Көкшетау қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Кәкенов пен Ақмола облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қали Рахметов ауылдық елді мекендерде тұратын және сонда жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету мәселесін көтеріп, содан аталмыш жағдай тұрақты комиссия отырысына шығарылып отыр. Мұндай мәселе 2020 жылы облыстық мәслихаттың жетінші шақырылымының депутаттары арасында талқыланып, облыстың елді мекендерінде жұмыс істеп жатқан 12 мыңнан аса педагогқа осы көмекті көрсету бойынша оң шешім шығарылған еді. Сөйтіп, 2023 жылдан бастап ауыл мұғалімдері жылына бір рет 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде аталған көмекті алуда. Бұл көмек жылдың тамыз-қыркүйек айларында беріледі.
Мәселені талқылау барысында алдын ала жүргізілген есептеулер бойынша облыстың елді мекендерінде медицина, мәдениет, спорт, ветеринария саласының мамандары 3,5 мыңға жуық. Оларға әлеуметтік қолдауға шамамен 202 миллионнан астам қаржы қажет болады.
– Қазіргі таңда бізде педагогтарға осы әлеуметтік көмек түрін ұсынуға бюджеттен 509,8 миллион теңге бөлінді, әлі де 272 миллион теңге қаржы тапшы. Ол мәселе жыл соңына дейін шешіледі. Енді сіздер қарастырып отырған мамандықтар бойынша оң шешім қабылданса, онда аталған мамандардың облыстық бюджеттен қаржыландырылатындарына ғана біз қаржы қарастырамыз, негізінен, оларға қаржыны аудандық бюджеттерден бөлу қажет болады, – деді осы ретте, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов педагогтарға мұндай әлеуметтік көмек көрсету бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.
– Егер бұл әлеуметтік көмек түрі елді мекендердегі медицина мамандарына тым болмағанда, жылына бір рет берілсе, ол шалғай ауылдарда мамандардың тұрақтап қалуына септігін тигізіп, жастардың ауылдарға баруларына қызығушылықтарын тудыратын еді. Ауылдарда осы күні 1 мыңнан аса дәрігер жетіспейді. Бұл мәселе оң шешімін тапса, ауылдағы денсаулық сақтау қызметінің сапасы да артады. Мемлекет басшысы өзінің сөйлеген сөздерінде ауылдың денсаулық сақтау саласын дамыту және медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсету туралы айтып келеді, – деп Серік Қабдөшұлы бұл мәселені тез арада шешуді сұрады. Бұл мәселе тек қаржылық қолдау ғана емес, ақ халатты абзал жандарға деген құрмет, осы мамандық иелерінің еңбегін бағалау деп түсіну керектігін алға тартты. Жалпы, талқылау кезінде дене шынықтыру және спорт, мәдениет, денсаулық сақтау басқармасының да өкілдері тыңдалды.
Әлеуметтік қолдау жоғарыда аталған мамандардан бөлек аталмыш салалардағы техникалық персонал, жүргізушілер қауымына беріле ме деген сауал да туындады. Себебі, олардың еңбекақылары өте төмен екені белгілі ғой. Бірақ, отырысқа жиналғандар заңнамалық құжаттарда мұндай әлеуметтік көмек мамандарға ғана қарастырылғанын түсіндірді.
– Біз ауылда тұрып, жұмыс істейтін мұғалімдердің бәріне бұл көмекті екі жылдан бері төлеп келеміз. Тәжірибеде қалада тұрып, Краснояр ауылында жұмыс істейтін педагогтарға қатысты сауалдар туындады. Заң нормаларына сүйене отырып, олардың жұмысы ауылда болғандықтан, тізімге енгізілді. Сонымен бірге, бір отбасында екі-үш педагог болуы мүмкін, олардың да әрқайсысына жеке-жеке төленеді, себебі бір отбасы болса да, олардың құқықтарына шектеу қойылмауы тиіс деген шешім шығарылды. Сонымен бірге, педагогтардан бұл төлемді беру үшін ешбір құжат сұралмайды, басшылық өзі тізім бойынша береді, – деді Валерий Гамазов.
Біздің облыста аудандық маңызы бар Степняк, Макинск, Атбасар секілді 8 қала мен бірнеше кент бар. Олардың аты қала болғанымен, заты, тұрмыс жайы ауылмен тең. Оларда не орталықтандырылған жылу жоқ, не тұрмысқа қажетті басқа да жағдай жоқ. Дегенмен, бұл мәселе де заң нормаларына сәйкес, әкімшілік-аумақтық заңнама шеңберінде шешілетіндігі айтылды. Сонымен бірге, мұндай көмек түрін педагогтар отбасының бір мүшесіне ғана тағайындау бойынша да тәжірибе бар болып шықты. Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімовтің айтуынша, Краснояр селосында мұндай жағдай орын алып, «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заң аясында отбасының бір мүшесіне ғана тағайындалыпты. Депутаттардың мәлімдеуінше, бұл жерде көмек көрсету жергілікті мәслихаттың шығарған шешіміне байланысты болмақшы.
Сонымен, алдағы уақытта мәслихат аталған мәселені соңына дейін жеткізіп, тиісті шешім шығатын болса, ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсетіліп, ол көмек жылына бір рет 15 айлық есептік көрсеткіш бойынша нақты тұратын жерін анықтау негізінде берілетін болады.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
14 Total Views , 1 Views Today