Әкім – ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Айдабол ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасының ықтимал қатысушыларымен кездесті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл кәсіпкерлігін дамытуға қатысты тапсырмасына сәйкес, Зеренді ауданында ет-мал шаруашылығы кластері құрылады, оның орталығы – «МБ-4» ЖШС ет комбинаты болады.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлеріне 7 жылға 2,5 пайыз мөлшерлемемен ерекше несие шарттарын ұсынады. Бірақ, бұл мемлекет тарапынан сыйлық емес, әр жұмсалған қаражат жіті бақылауда болады. Зеренді ауданындағы ет кластерін дамытуға шамамен 450 миллион теңге бөлінуде және бұл қаражат барлық тұрғындардың мүддесіне қызмет етуі тиіс. Біздің міндетіміз – сіздерге ветеринарлық қызмет көрсету, азықпен қамтамасыз ету, сондай-ақ, логистика мен сату жүйелерін қалыптастыруда көмек көрсету, – деді өңір басшысы.
Марат Ахметжанов аудан әкіміне және облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшылығына жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды, себебі жауапкершілік айтарлықтай. Облыс әкімінің айтуынша, Айдабол ауылдық округінің барлық тұрғындары оң өзгерістерді сезінуі тиіс, ал, жергілікті бюджетке түсетін қосымша салық түсімдері маңызды мәселелерді шешуге септігін тигізеді.
«МБ-4» ЖШС басшысы Азамат Шалмағанбетов ет комбинатының қуаты қазіргі уақытта жартылай ғана пайдаланылатынын айтты. Кәсіпорын сапалы жергілікті шикізатқа мүдделі әрі мал шаруашылығына ветеринарлық және зоотехникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге дайын. Дұрыс қоректендірілсе, әр сиырдың төлі күн сайын 600-800 грамм ғана емес, бір килограмнан астам салмақ қоса алады. Сонымен қатар, ет комбинаты серіктестеріне жоғарырақ сатып алу бағаларын ұсынады.
– Біз құрама жемшөп зауытын салуды және боен қалдықтарын қайта өңдеуді ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – өндірістің жабық цикліне қол жеткізу, ол барлық қатысушыларға неғұрлым мол пайда әкеледі, – деді кәсіпорын басшысы.
Кездесуді қорытындылай келе, аймақ басшысы:
– Бұл жобаның болашағы зор, оны дұрыс іске асырып, кейін басқа аудандарға тарату – біздің басты міндетіміз, – деп алда тұрған жұмыс жауапкершілігін тағы бір баса еске салды.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Зеренді ауданы.