Бұл Көкшенің өнерді асқақтатқан әнші хирургі Серік Тоқпановы бар

Алтын дауыс

Ән мер жырдың алтын бесігі атанған көрікті Көкшетауда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Тоқпановтың «Өткен ғасырдың қазақ-орыс ретро әндері» атты жеке концерті болып өтті. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов көпшілік көрермен қатарынан орын алып, концерттік бағдарламаны тамашалады.  

Киелі Көкше топырағынан небір дүлдүлдер мен бұлбұлдар шыққан ғой.  Жерлесіміз – «Алтын скальпель» және «Алтын лапароскоп» иегері, хирург Серік Тоқпанов медицина саласының ғана майталманы емес, ол өнердің де өз өкілі. Кезінде КСРО Халық әртісі Ермек Серкебаев Серік Имақұлын екі саланы қатар ұстаған өнер иесі – «Әнші хирург» деп атап кеткен.

Көкшетаудың төрінде өзінің жеке концертін беріп, халқының ыстық ықыласына кенеліп, зор қошеметіне ие болған С.Тоқпанов одақтық және республикалық байқаулардың лауреаты. Ол өзінің жеке концерттерімен қазақстандықтардың жүрегін жаулап жүрген дарынды тұлға. КСРО Халық әртісі, композитор Арно Бабаджанянның шығармашылық мұрасын дамытуға және сақтауға қосқан зор үлесі үшін Серік Тоқпанов елімізде Арно Бабаджанянның медалімен марапатталған жалғыз әнші.

Концертте профессор өз репертуарындағы көпшілікке ұнайтын ретро әндерді орындады. Атап айтқанда, С.Бәйтереков, Ш.Қалдыаяқов, Е.Хасанғалиев секілді қазақтың белгілі композиторларының «Дос туралы жыр», «Байқамаймыз», «Өмір-өмір», «Есіңе ал», «Айналайын», «Бақыт құшағында» шығармаларымен бірге, Арно Бабаджанянның «Мосты», «Загадай желание», «Ноктюрн», «Последняя песня Арно» әндерін, жерлесіміз Еркеш Шәкеевтің «Мой Көкшетау» әнін орындап, тыңдарманының құлақ құрышын қандырды.

Концертті Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының эстрадалық-симфониялық оркестрі сүйемелдеп, оған Қазақстан Республикасының халық әртісі Абзал Мұхитдинов дирижерлық етті.

Сегіз қырлы, бір сырлы дәрігердің жеке ән кешіне мәдениет саласының өкілдері, медицина ардагерлері, алғыс білдіруші пациенттер мен қала тұрғындары келіп,  ыстық ықыластарын білдірді, сағындырған ескі әуендердің ырғағымен толқыды.

Айта кетейік, осы күндері Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасында профессордың екі күндік шеберлік сабағы аясында оталар жасалып, облыс орталығының ондаған тұрғынына мамандардан тегін кеңестер берілді.

Ы.ШАМШИЕВА.

Суреттерді түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар